Тойда бой емес, ой оздырсақ игі
Заманына қарай адамы, адамына қарай амалы деген ақиқаттан қай ұрпақтың да аттап өте алмасы белгілі. Міне, уақыт – арғымақ зырлап келеді. Жиырмасыншы ғасырдың бел ортасынан бергі талай қызық пен шыжықты бастан өткерген ұрпақ өкілдері үстіміздегі ғасырдың да оқиғаларына куә болып келеді. Рас, осы мерзім ішінде біраз нәрсе өзгерді. Әрине, оның арасында күнгейі мен көлеңкесі секілді жақсы мен жаманының аралас жүруі заңдылық. Менің бүгінгі айтайын дегенім той – жиынға, ондағы атқарылар шараларға қатысты еді.
Бір аңғарғаным, кейінгі кездің әсері болар, «тойшы қауым» деген сөз тіркесі жиі пайдаланатын болды. Тойшы қауым тойдағы тойлап жүрген халық қой, әрине. «Қазақта той көп» деп даңғылымызды жақтырмайтындар арагідік сөз қозғап қояды. Алайда, біреу айтты, біреу жазды деп тойдан тартынушылардың қатары сиреген жоқ. Сондықтан да, әлгі сөз әдеттегі сөзге айналып келеді.
Сонымен, тойшы қауым не тойлап жүр? Ал, оған себеп жетерлік – сәбидің өмірге келгенінен бастап, бесікке салар, тұсаукесер, мектепке баруы, әліппемен қоштасуы, мектеп бітіруі, жоғары оқу орнына түсуі, диплом алуы, үйленуі, қызметке тұруы... тағы тағылары аз емес. Мұның сыртында туған күн деген таптырмас желеу бар. 40,50,60,70,80 жасқа келді деген мерейтойларды тағы ұмыта алмаймыз. Күміс той, алтын той ше? Көшер тамақ, қоныс той дегендер де тойшы қауымның бас қосатын жиындарының бірі. «Қызықшылықтан айырмаспын» деп тосты көтеріп, тілек айтатын жамағатқа бұл аз ба, көп пе?! «Әр кәлләда бір қиял» мұны әркімнің өзінше таразылайтыны да түсінікті.
Шынтуайтында, қазіргі өзіміз өткеріп жүрген тойлардың жамиғатқа берері мен берекені кетірер салдарын екшеп көрсек қалай болар еді. Бірімізден біріміз қалмаймыз деп аттана шауып жүргенімізде ата-бабалар салған сүрлеуден қияс кетерміз, бәлкім.
Дүниесін шашу үшін жинау негізі қазақтың қанында бар секілді. Оның бір жолы – жоғарыда айтылған той жасау. Расында, тапқан таянғанын бала шағасымен тығып жеу қызық емес қазақ үшін. Соның бірі өзіміз. Ау, ұлың үйленіп жатса той жасамайсың ба, қызың құтты орнын тауып жатса бір қазан көжеңді беріп, жұрттың батасын алғанның несі артық?! Бұдан басқа да тойдың мынандай берекелі жақтары бар: ағайын туысты, құда-жекжатты, дос-жаранды осындай жиында бір көріп бір жасап қаласың. Дидар ғанибет. Мұны бір деп қойыңыз.
Нарықтық қатынас өмірге енгелі бұрынғы жайбасар қазақ аяғын жылдам басатын болды Күнкөрістің қамы кейде кісінің ыңыршағын айналдырып жібереді. Болса да қарапайым халықтың басымы сергу үшін мейрамхана, көңіл көтеретін орындарды арнайы барып, аралап жүре алмайды. Ал, той ауыр тұрмысты ұмыттырып, бір сілкінуге мүмкіндік береді. Бұл екі. «Тойхана бергенің кассаға салған ақшадай» деп Қуанышбай деген көкеміз ақыл айтатын еді. Мұның мәнісін елуден асқанда енді түсініп келеміз. Жұртпен алыс берісің, өткен кеткенің әлгіндей жиын барысында өтелінеді. Олай болса, той өткізгенде материалдық жағдай да ұмыт қалмайды, шотқа қағылады екен. «Есепті дос ажырамас» дегенді қазақ бәлкім осы жағдайда қарата айтқан болар, тағы бір саусағыңызды бүге салыңыз. Үш.
«Адам айнаға жасану үшін қарамайды, жұрттан бұрын әуелі өзін өзі бір көріп алу үшін де қарайды». Той жасау да солай, ортаға қаншалықты беделің бар, ағайынға абыройың қандай, бұл да таразыға түсер сын шақ. Олай болса, «ойбай той көп» деп жаңғырта беру біржақты пікір секілді. Дегенде, бұл санамалап отырғандарымыз мәселенің бір жағы ғана, енді медальдың келесі бетіне үңіліп көрелік.
Біздің дастархан мәзірі де шектен шығар аста төк. Ысырапшылдық басым басым. Той иесі қарызданып , қауғаланып құстың сүтінен өзгесінің бәрін үстелге қойғысы келеді.Банктерден несие алып, қайтара алмай жүргендер қаншама. Бірінен бірі өткізем деген бәсеке – психологиялық төмендеу емес пе. Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына енеміз деген мақсат жолындағы мемлекет азаматына бұл қылығымыз лайық емес секілді.
Есімде қалмапты , баяғыда бір кітаптан оқығаным бар еді: «Бір елді соғыссыз жаулап алғың келсе, әуелі жеңіл әуенге еліттіріп, билетіп қой»,- деп бір қолбасшы айтыпты. Сол қу сөз түбі Отанға опа бермейтін жеткіншекті жетелейтін пәлекет емес пе?! Сондықтан ба, жасы бар, жасамысы бар жосыла билеп жүргендерге онша сүйсіне бермеймін. Бұл да соңғы үрдіс, тойдың хабары шыққан жерден өзбекше ме, түрікше ме, әлде соның ырғағына жақын өз тіліміздегі әуен де әуелеп тұрады. Жұртпен амандасып үлгермей жатып, құдағи ма, құдаша ма әйтеуір шашы желпілдеген бір келіншек биге сүйрей жөнеледі. Аяғың әр жерден бір тиіп, тапырақтап билеген боласың. Әйтпесе мына думанға қуанғаның қайсы?
Дұрыс қой, той болған соң ән салу керек, дегенде әр нәрсенің өз орны бар емес пе. Кейде дарақылықтың басы осындай оғаш қылықтан басталады ау деп қаламын. Айтпақшы, жортақтап оалған соң «приз» ішуің керек. Елтіріп қалған биші топ уәжіңді құлағына да қыстырмасы анық. Әлгіндей жасанды қуаныш неге керек?! Бұл маскүнемдікке баулудың тура жолы секілді.
Тойдан зәрезап болып жүрген таныстарымды көп кезіктіремін. Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы дегенмен бәріне бірдей үлгере алмай, уақытын жеткізе алмай жүргені. Сондықтан қымбат уақытын жоғалтатындарды да аяу керек. Той әуресімен жүріп, қаншама кеңсе қызметкері, қоғамдық орындарда тұтынушының қолын байлап жатады. Обал ғой, әрине.
Тойда айтылатын тілек сөздерінің бір сарындылығы, жаттанды, жауыр сөйлемдерді қайталап мыжи беруде жұртты жалықтырып бітті. Микрофонды қолына алып, жарты сағат лекция айтатын ағайындарға қалай қарның ашпасын. Өткендегі бір тойда алпысты алқымдаған бір ағамыз өкірендеп жүріп сөз алды. Сонда не айтты дейсіз ғой?! «Ал мен не айтамын. Іштім-жедім, тойдым. Енді үйге қайтамын» болды. Мұнан не үлгі алуға болады. Жастар үшін бұл көріністің кері әсері өтірік пе. Той өткізудің өнегелі жүйесі жоқтықтан ортаға шыққан жиырма-отыз кісінің бірінен соң бірі қалыспай кезек-кезек тіл безеуі ерсі емес пе. Асаба байғұс: «Ең қысқа сөйлеген кісіге сыйлық бар» десе де қоймады ғой, шіркіндер. Иә, көпсөзділікпен күрес нәтиже бермей келеді.
Асабаларға да қатысты бірер сөз. Үлкен отыр, кіші отыр демей ерсі анекдоттарды айту, жаттанды өлеңдерді сыдырата оқу да тойды қызықты етпейді, қайта шаршататын секілді. Сондықтан да той ағаларына да үлкен ізденіс қажет деп ойлаймыз. Әзіл сөздерді тиімді қолданумен бірге, көпшілікті сергітер түрлі ойындармен еліктірсе думанның есте қалары, демалыстың қолайлы болғаны. Лажы болса, асабаның сол ортаны білгені дұрыс болар еді, әйтпесе, тосын кісі қай қиырдан шығарын білмей қалары әбденмүмкін.
Қалай айтсақ та, той-біздің өміріміздің бір көрінісі. Біз тоймен біте қайнасып, тіршілік етеміз, сондықтан да оның шектен шыққан тұстарын бірте-бірте ысырып, пайдалы жақтарын қолданғанымыз жөн болар. Той мәдениетті демалу, рухани жаңғыру, жігер арттыру орны болса кәні. Адамның бір-біріне деген ілтипатын еселеп, ынтымағын бекіте түссе дейміз.
Америкалық Тереза деген қыз үш жыл Сыр бойында, Шиеліде ағылшын тілінен дәріс берді. Сол қыз еліне қайтарда: – «Әуелгіде, қазақтың тойы тамаққа тойып алу, сосын билеу, сонан соң қайтадан дастарханға отыру екен деп әбес ойлағаным бар», – деп өз көзқарасын білдірген еді. Сол секілді әлі талай сырт көз елге сынай қарайды. Сондықтан өр кеуде қазақи болмысымызды даңғазалығымызбен төмендетпеген абзал деп ойлаймын. Мақтан қуу – адамгершілік аясынан тыс нәрсе екендігіне мән берген жөн.
Сонымен, той өткізу, мереке, мерейтойларды атап өтудің дәстүрлі түрін қалыптастыруымыз керек. Ендеше, ақсақал, қара-сақалымыз, идеологиямыз болып тойдың қаржылық тиімді, моральдық деңгейі жоғары, ұлттық үрдіске жақын үлгісін іздестіргеніміз жөн. «Той Құдайдың – қазынасы» деп шапқылай берсек, елге күлкі болатын түріміз бар. «Кедей жылап айтса сенбейді, бай күліп айтса сенеді» демекші, той жасаудағы әлеуметтік теңсіздікке де осылай тосқауыл қойылатын секілді.
Нұрмахан Елтай,
жазушы-журналист