Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Бүгінгі күнге дейін жастар саясаты, жастарды әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау шаралары жалғасын тауып келеді. Қарт қаратаудың батыс жотасында орналасқан «Талдысу» тынығу лагерінде ұйымдастырылған «Сыр жастары» жас мемлекеттік қызметшілер клубының «Өзгерістер формуласы» атты тимбилдингі соның нақты көрінісі.
«Кәсіби тұғыр мен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғарғы орында тұруы қажет. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек» деп Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, халық игілігі жолында тер төккен жас мемлекеттік қызметшілер қатары да жыл өткен сайын көбейіп келеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен құрылған «Сыр жастары» жас мемлекеттік қызметшілер клубының кезекті басқосуында бұған тағы да көз жеткіздік. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы қоғамның қозғаушы күші – жастар болғандықтан, олардың игілігіне бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды сөз етті.
Жастар арасындағы негізгі мәселе болып табылатын жұмыспен қамту, отбасы құндылығы сынды бағытта жұмыс жасаудамыз. Ай сайынғы жастармен кездесу жалғаса береді. Әрдайым мақсатты ой-идеяларыңызды қолдауға дайынбыз, – деді ол.
Осы күні жастар жаққан түңгі алаудың жанында бас тоғыстырғандар Мұрат Әбеновті ортаға алды. Ашық сұқбат алаңында қайраткер аға өнегеге толы еңбек жолындағы түрлі оқиғалармен бөлісіп, түрлі бағыт бойынша мақсат қуған талапты жастармен емен-жарқын пікірлесті.
– Мемлекетіміз қашанда жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Осының арқасында жастардың қоғамдағы рөлі артып, белсенділіктері жоғарылауда. Бүгінгі жастар қоғамда орын алып жатқан әрбір оқиғаға бейжай қарамайды және мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосуда.
Мектепті бітірген соң дұрыс мамандық таңдап, арнайы оқуға түсіп, тәмамдағаннан кейін адал және шын ниетпен жұмыс істеу, еңбек тәртібін сақтау, жүктелген міндеттерді және орындаған жұмысты жауапкершілікпен атқару, істеген жұмысының сапасын арттыру, алға ұмтылып, жаңа технологияларды орнымен пайдалана білу – жастарымыздың негізгі міндеті, – деді ол.
Еліміздің әр тарапынан келген белсенді жастар бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өзекті мәселелерді ортаға салды. Екі күнге созылған шарада жастарға арналған семинар-тренингтер мен сергіту ойындары жастарды ерекше ықыласқа бөледі.
Сондай жастың бірі қармақшылық Азат Әбдіразаховтың да ойын білгенді жөн санадық.
– Мемлекеттік қызметшілер халықпен етене жұмыс жасағандықтан, әрқашан кәсіби шеберлігін дамытып, жаңа трендтермен жұмыс жасауы қажет. Екі күн аясында ұйымдастырылған шара есте қаларлықтай әсерлі өтті. Себебі, әр өңірден жиналған әріптестермен пікір алмасу, тренинг өткізу, бір сәт таза табиғат аясында серуендеу жаңа ұмтылыстарға жетелейді. Оның үстіне қоғам қайраткері Мұрат Әбеновпен кездесіп, оның дәрісін тыңдаудың өзі болашаққа жарқын бағдар көрсеткендей болды. Өте ерекше, көңілді және әсерлі болды. Жастар форумдарына қатысу мен үшін әрдайым қызықты, достар шеңбері кеңейіп келеді, – деді ол.
Иа, Абай Құнанбаев айтқан үш қасиет – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегімен қоғамға қуаныш сыйлап жүрген жастар осылайша түрлі тақырыптарды ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Әсел РЗАЕВА