№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАС МАМАННЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

ЖАС МАМАННЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

  Жақында Қызылорда қаласында «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» кәсіби мерекесіне орай «Мемлекеттік қызмет аруы» байқауы өтті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ұйымдастырған байқауда 5 мемлекеттік қызметкер бақ сынады. Еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған сайыста аудан намысын қорғаған Жаңақорған кенті әкімі аппаратының жетекші маманы Айғаным Нұрмұхамбет те олжалы оралды. Қола жүлдені қанағат тұтқан жаңақорғандық жас маман халыққа қалтқысыз қызмет етуді өзіне міндет санайды.
 
  Айғанымнан әуелі облыстық бай­қаудан алған әсерін сұрадық. Оның айтуынша қызметшілер сайысы аса қиынға соқпаған. Десе де, алғаш рет алқалы топтың алдына шығып, үздік үштіктің қатарынан көрінуді өзіне үлкен жетістік санайды.
– Жалпы сайыс 4 кезеңнен тұрды. Бірін­ші кезең бойынша «Менің таңдауым – мемлекеттік қызмет» атты тақырыпта бейнеролик арқылы бір күндік жұмыс күніммен таныстырдым. Екінші кезеңде «Қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді» тақырыбында сұрақ-жауап өтті. Ал үшінші «Өнер» кезеңінде өз өнерімді ортаға салып, көпшіліктің ықыласына бөлендім. Соңғы кезең «Тақырыптық қойылымда» поэзия оқыдым. Әрине ақын болмағандықтан осы төртінші кезең сәл қиынға соқты, – дейді Айғаным Нұрмұхамбет.
Не десек те, жетекші маманның жұмысымен жіті танысуды жөн көрдік. Өткен жылы кент әкімдігіне қызметке орналасқан Айғанымның алар асуы әлі алда. Ол – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін мемлекеттік жергілікті басқару бакалавры бойынша тәмамдаған.
– Бүгінгі аға буынның келесі ізбасары – жастар. Жас буынның бойындағы белсенділік, жаңа бастамашылдық – өсудің, өркендеудің нақты көрінісі. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан жастар қауымын жұмыспен қамту мақсатында бірқатар бағдарлама қабылданған. Оның ішінде; «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға», «Жастар кадрлық резерві», тағысын тағы жобалар бар. Міне, осындай мемлекет мүмкіндігін пайдалана отырып, кент әкімшілігіне қызметке орналастым. Жұмысым өзіме ұнайды. Халық сенімінен шығу – біз үшін үлкен абырой, – дейді Айғаным.
Небәрі бір жыл болса да, тиянақты тірлігімен әріптестерінің сенімінен шыққан жас маманның келешегі кемел. Болашағы баянды. Бұл жөнінде кент әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жарасхан Мырзалиев: «Білікті маман – мемлекеттік қызметтің беделі екені айқын. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өзінің жұмысының мәнін біліп, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру үшін барлық шараны қолдануы қажет. Міне, әріптесіміз Айғаным осындай іскерлігі арқасында ұжымға тез сіңісіп, өзінің бәсекеге қабілеттілігін көрсете білді. Күні кеше облыс орталығында өткен мемлекеттік қызметшілер арасында топ жарып, аудан абыройын асқақтатып қайтты», – дейді.
Айғаным Сейдахметқызы бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облыстық филиалында қайта даярлау курсынан өтуде. Үш апталық оқыту курсында мемлекеттік қызметтің қыр-сырына қанығып, кәсіби білікті кадр болудың теориясына қанықты. Курс соңында арнайы сертификатқа ие болып, елге деген қызметін қайта жалғастыратын болады.
Елбасының «Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман» деген қанатты сөзін өмірлік ұстанымға айналдырған Айғанымның алар асуы һәм бағындырар белесі әлі алда деп білеміз. Ең бастысы – сапалы кадр және мықты маман қашанда міндетіне мығым болуы тиіс екенін әсте естен шығармаған абзал.

Лаура БИБАСАРОВА
22 маусым 2019 ж. 965 0