Бас қалаға Астана атауын қайтару бойынша қоғамдық тыңдау өтті
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатында елордаға Астана атауын қайтару бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қатысушыларды әлеуметтік желілерде және қоғамда талқыланып жатқан депутаттар ұсынысын қолдауға шақырды.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңес мүшелері елордаға бұрынғы атауын қайтаруды қолдады. Олардың пікірінше, бас шаһарға Астана атауын қайтару ұсынысын ескеру – билік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының іске асып жатқанын айғақтайды.
«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуы жолындағы рөлі айрықша. Біз бірінші Президентке ризамыз, бірақ атауды өзгерту ісі асығыс шешім болды. Ономастикалық комиссия Астана деп атау туралы біздің ұсынысымызды зерделеп, ол талаптарға сай келеді және ең бастысы, қоғамды біріктіруге мүмкіндік береді деп қорытынды шығарды», – деді Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған.
Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мәліметінше, елордаға Астана атауын қайтару бірнеше кезеңнен өтуі тиіс. Бастапқыда мәселе қоғамдық тыңдаулар мен мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралады.
«Осы отырыстар нәтижесінде мақұлданған немесе мақұлданбаған шешімдерге сәйкес, республикалық ономастикалық комиссия отырысы болады. Одан соң құжаттар Үкіметке жіберіледі. Үкімет Президенттің қол қоюы үшін Жарлық жобасын жасайды. Тек Жарлық ресми түрде шығып, оған қол қойылған соң елорданың толық атауы өзгереді деп айтуға болады», – деп түсіндірді Ерлан Каналимов.
Сонымен қатар мәслихат хатшысы елорда атауын өзгертуге қатысты шығындарға түсінік берген болатын. Оның айтуынша, цифрлық құжат айналымына көшіп жатқанымызды ескерсек, онда шығындар аз болады.