Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Ардагерлерім, аман-сау жүрші!

Ардагерлерім, аман-сау жүрші!


Қарттарын қазынаға теңеп, қариясын құрметтеп, ардагерін ардақтап, ақсақалдарын абызға теңеген қазақтың бұл ізеті қанына сіңген қасиеті дерсіз. Ал ұстазға деген құрметті бәрінен биік қойған алаш жұрты игі дәстүрден жаңылған емес. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Сондықтан аудан әкімі Руслан Рүстемов 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен тұспа-тұс келген ұстаздар мерекесінде ардагер педагогтарды төрге оздырып, құрмет көрсетті.


Ұстазын ойламаған ұлттың болашағы бұлыңғыр деген теңеу бекер айтылмаған. Бұл – озық елдерге тән ортақ дағды. Тіпті өзге ғаламшарды зерттеуге кіріскен Жапонияда ең биік орын ұстаздыкі. Қашанда ұстаздарға ілтипат білдіріп, ақ батасын алып жүретін аудан басшысы мереке қарсаңында жарты ғасырға жуық ғұмырын білім саласына арнаған ардагерлерді арнайы құттықтады.
– «Бір әріп үйреткенге 40 жыл сәлем бер», – деген халық даналығы мұғалімнің мәртебесі биік, абыройы асқақ екенін көрсетеді. Елдің өркендеуі, ауданның заманға сай өріс алуына сіздердің еңбектеріңіз сіңді. Сіздерді қатар келген қарттар күні және мұғалімдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан әкімі.
Жылы лебізден кейін ардагерлер марапатталды. Гүл шоқтары беріліп, иықтарына шапан жабылды, әрі кәсіподақ атынан бағалы сыйлықтар үлестірілді. Аудан басшысына абыз қария Зинабдин Шермағамбетов алғысын жеткізді.
– «Ағаңды сыйласаң алдыңа келеді» демекші, бізге көрсетіп жатқан құрметтеріңе алғыс білдіремін. Көбіміз сексеннің сеңгіріне шықтық, саналы ғұмырымызды білім саласына арнап, бала тәрбиеледік. Өмірдегі жарқын жетістігіме осыны балаймын. Қазір адам ақылымен озатын уақытқа келдік. Адами капиталды дамытатын мектептер жауапкершілік жүгін лайықты арқалайтынына сенемін, – деді ел ағасы.
Марапат мінберінде Изатілла Нарзілдаев, Жаксыгүл Бегманова, Серік Мұсабай және Ұлмекен Маутова болды.
Сондай-ақ білім саласында табысты қызмет етіп, бүгінде 70, 80, 85 жасқа келген мерейтой иелеріне құрмет көрсетілді. Жансейіт Пазылов, Гүлбазар Айтжанова, Әметхан Әділханов, Әбила Қошқарбаев, Әлия Жаманқұлова, Зүбайра Бахманова, Роза Ильясова, Гаухар Абдукаймова мен Әбузакир Абжаппаров әкімнің қолынан «Құттықтау хат» алды.
– Ең алдымен әріптес болған, бүгінде зейнетке шығып, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған жандарды мерекемен құттықтаймын. Алғысты алғаш бағыт-бағдар көрсеткен, қызметке келуіме себепші болған Мақсұт Ибрагимовке арнаған болар едім. Қайраткердің жатқан жері жайлы болсын. Бүгінгі аудан әкімі Руслан Рүстемұлының көрсетіп жатқан құрметіне ризамыз, – деді Жақсыгүл апай.
Аудандық білім бөлімі маңыз берген шараны жоғары бағалаған аудан әкімі:
– Елдің еңселі болуында ұстаздардың еңбегі ересен. Ал кешегі мен бүгінгі күнді байланыстырып, ақылшы болып жүрген ардагерлерге шынайы алғыс білдіргім келеді, – деп қорытындылады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
---
03 қазан 2020 ж. 868 0