Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 6 сатыға жоғарылады
Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлем елдері рейтингінде 6 сатыға көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz Finprom сайтына сілтеме жасап.
«Елдегі интернет жылдамдығы бір жылдың ішінде 22%-ға артты. Speedtest Global Index мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы маусымда мобильді интернет жылдамдығының рейтингінде Қазақстан 6 сатыға көтерілді. Яғни, бір айда мобильді интернеттің жылдамдығы 20,56 Мб/с-тан 22,53 Мб/с-қа дейін ұлғайды. Осылайша Қазақстан Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь елдерінен айтарлықтай алда тұр», деп жазылған сараптамалық материалда.
Ал әлем бойынша интернет жылдамдығы ең жылдам көшбасшы елдер қатарында Норвегия, БАӘ, Болгария, Оңтүстік Корея және Катар болып отыр.
«Бұл ретте елімізде мобильді интернеттің жылдамдығы интернет-трафикті тұтынудың ұлғаюымен қатар өсіп келе жатқанын атап өткен жөн. Интернеттің дамуына ел аумағы айтарлықтай әсер етеді. Ол неғұрлым үлкен болса, кабельдік сымдарды жаңарту соғұрлым қымбатқа түседі. Тиісінше, Қазақстанда интернетке қосылу өте қымбат процедура. Одан бөлек интернет трафик те импорттық өнім болғандықтан баға қымбат болып тұр. Өйткені оны доллармен сатып алып отырмыз. Жалпы, 2021 жылы байланыс секторына 128,6 млрд теңге инвестиция салынды», делінген ақпаратта.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Гүлнара Бөкееваның айтуынша, бұдан былай тұрғын үй кешенін салған кезде оның иесімен қандай мобильді оператор болатыны туралы келісім жасалады.