Мобильді интернетті тұтынатындар көбейді
Әлем бойынша интернетті пайдаланушылар саны 4,9 млрд адамды құрап отыр. Бұл – 2022 жылдың басындағы дерек. Демек әлем халқының үштен екісі интернетке қосылған. Соңғы 10 жылда пайдаланушылар саны 2,2 есе өскенін атап өткен жөн.
Интернет адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, тауар тізбектері мен логистикалық ағынға, ақпарат алмасуға және жалпы өмірдің барлық аспектілеріне әсер ететіні белгілі. Ол арқылы әлем де белсенді түрде өзгеріп келеді. Дүниежүзілік желінің әсерінен жеке тұтынушылар да, ірі экономикалар да алға басуда.
Интернетті пайдаланушылар саны өскен сайын пайдаланылатын трафик көлемі де артатыны түсінікті. Бір пайдаланушы тұтынатын интернет трафигінің көлемі де өсіп келеді. Мәселен, 2022 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 11,781 Гб-ты құрады. Ал 2021 жылдың төртінші тоқсанында 9,885 Гб болған еді.
Ranking.kz-тің есебінше, мобильді интернет трафигін тұтыну Қазақстанда да артып келеді. Beeline-ның Қазақстандағы желісінде 2021 жылы бір пайдаланушыға шаққандағы трафиктің көлемі үштен бірге өскен. Оператордың деректеріне сүйенсек, өткен жылдың төртінші тоқсанында бір пайдаланушы тұтынған трафик көлемі 14,1 Гб-қа жетті. Бұл бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 28,2 пайызға жоғары.
Kcell-дің де көрсеткіштері өскен. Дәлірек айтсақ, 2020 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда былтыр дәл осы кезеңдегі өсім 18,3 пайызды құрады. Сонда бір пайдаланушы 11,6 Гб тұтынған.
Айта кетерлігі, Қазақстанның көрсеткіші әлемдегі орташа деңгейден айтарлықтай жоғары. Қазақстан мобильді интернет трафигін көп тұтынатын ТОП-15 елдің қатарына кіреді. Осылайша, 2021 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда бір пайдаланушыға шаққанда мобильді интернет трафигін тұтыну 14,4 Гб-ты құрады. Бұл әлемдегі орташа мәннен 46 пайызға жоғары. Сонымен қатар аталған көрсеткіш Түркия (13,6 Гб), Сингапур (13 Гб), Италия (12 Гб), Грекия (6,2 Гб), Бельгия (5,4 Гб) секілді елдердің деңгейінен артық.
Қазақстанда интернет-трафикті тұтыну көлемінің жоғарылығы тұрғындар үшін дүниежүзілік желінің қол жетімді екенін көрсетеді. Бұл ел экономикасын табысты цифрландырудың негізгі факторларының бірі екені де түсінікті. Мобильді интернет тарифтерінің қолжетімділігі қазақстандықтарға барлық жерде жұмыс істеуге, оқуға немесе ойын-сауық контентін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ретте интернет бағасы қымбат елдердің пайдаланушылары өздерін барынша шектейтінін де ұмытпау керек. Мәселен, олар бейнелерді көруде, ауыр файлдарды жүктеуде және мобильді трафиктің едәуір көлемін тұтынатын басқа да опцияларды пайдалануда өздерін шектеуге мәжбүр.
Атап өтерлігі, трафикті тұтыну көлемі өссе де, Қазақстандағы мобильді интернет бағасы арзандай түсуде. Әдетте, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мұндай жағдайда баға қымбаттауға тиіс еді. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1 Гб интернет трафигінің орташа бағасы 110,5 теңгені құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 9,7 пайызға төмен. Сонымен қатар сектордағы бағаның арзандауы бірінші жыл орын алып отырған жоқ. Мысалы, 2017 жылы 1 Гб үшін орташа баға 234,1 теңгені құраған еді.
Сондай-ақ дыбыстық қосылу минуттарының құны да төмендеуде. Айталық, 2021 жылы көрсеткіш орта есеппен 1,19 теңгені, 2020 жылы – 1,2 теңгені, 2019 жылы – 1,34 теңгені, 2018 жылы – 1,41 теңгені құрады.
Бүкіл әлем бойынша интернетке қол жеткізу құны, әдетте, елдің ауданына тікелей байланысты екені мәлім. Яғни елдің географиялық аумағы неғұрлым үлкен болса, бүкіл аумақты қамту да соғұрлым қымбатқа түседі. Тиісінше, пайдаланушыларға арналған тарифтер де соғұрлым жоғары болуы керек. Ал біздің елдегі жағдай мүлдем басқаша. Еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, телекоммуникацияны дамыту секторына көп инвестиция керек. Сөйте тұра абоненттер үшін түпкілікті баға әлдеқайда төмен. Мұндай динамика Қазақстанның Digital-ды дамыту бағытындағы қадамының оң екендігінің айғағы.