Өткен аптада аудандық кітапханада «Үздік оқырман» номинациясын анықтауға арналған жиын өтті. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Шараны ашқан аудандық кітапхананың директоры Әсемкүл Манапқызының әңгімесі төмендегіше өрілді. – Еліміз бойынша соңғы үш жыл көлемінде кітапханаларға үлкен мән беріліп, мемлекеттік деңгейде қамқорлықтар жасалуда.
2021 жылды 2160 оқырманмен қорытындыласақ, биылғы жылдың алты айында кітапханаға 1130 оқырманды тартып отырмыз.
Мәдениет ошағында келушілерге қызмет көрсету аясын жетілдіруде цифрлық технологияның әлеуеті өз алдына, зияткерлік және тынығу орнын заманауи деңгейге көтеруде ересектер залында коворкинг орталығын аштық. Ал балалар кітапханасында ертегілер қалашығын орналастырып, оқырман көңіліне жағымды аура қалыптастыруда атқарылған жұмыс көп.
Кітап – адам жаратылысының саналы қоғамға ене бастауының кілті. Олар өздерінің өмір белгілерін,тіршілік іздерін тауға, тасқа қашап жазып кетсе, өркениетті заманда білім құпиялары қағазға қатталып түсіп, ұрпақ игілігіне жол тартуда.
Кітап – ақылшы ұстазымыз. Адамзат керуенін еш жерге сүріндірмей, жаңылдырмай, келешекке бастайтын құрал.
Ауданымыздағы тарихы бай кітапханамыздың жұмысын ілгерілетуде кітапханашыларымыз облыстық деңгейде биік деңгейде танылып, үздік көрспеткіштерді иеленіп келеді. Балалар кітапханасында «Әжем айтқан ертегі», «Дәстүрлі отбасылық оқу» деген жобалар бойынша бүлдіршіндерімізді кітап әлеміне қызықтыруға жаңашыл ізденістеріміз көп. Жаз айларында әр жұма сайын орталық алаңға кітап көрмесін апарып, серуендеп жүрген көпшілікке таныстыру арқылы әлеуметтің кітапқа қызығушылығын арттырудамыз. Жалпы, бұл бастама орталық саябақтағы кітапхана жұмысына жарқын шырай дарытуда. Бұл жұмыс біздің «Балалар жылына» тартуымыз ретінде тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Кітапхана орталықтағы мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеуге қашанда әзір. Тек балалар ғана емес, «Қазақстан жолы» жобасы аясында оқырмандарды адамгершілікке, имандылыққа, парасаттылыққа баулу аясында мемлекеттік қызметкерлер арасында жылжымалы кітапхана ұйымдастыруға әзірміз. Кітапхана директоры одан әрі осы кезге дейін кітапты оқып, оны насихаттауға тынбай атсалысып жүрген азаматтарды Алғыс хатымен марапаттап, «Үздік оқырман» номинациясын табыс етті.
Олардың қатарында Сағындықова Нағима және Ережепов Берікбай 130-ға жуық көркем әдебиет оқығанын, Сейітов Кеңесбек 300-ге жуық тарихи жанрда кітап оқығанын, мемлекеттік қызметкер Тұрапов Ғабиттың 70-ке жуық кітап оқығанын, Садықова Нағиманың 100-ге жуық кітап оқығанын.
№125 мектептің мұғалімі Рабиға Нұрлыбайқызы 180-ге жуық көркем әдебиет оқығанын, Файзулла Өскенбаев 90-ға жуық кітап оқығанын, Зөре Тасболатқызы 300-ге жуық тариха және әдеби кітап оқығанын айта келе, аталған азаматтарды арнайы Алғыс хатымен марапаттады. Бұл азаматтар өз балаларын және немерелерін де кітап оқуға баулып келеді екен.
Шарада сонымен қатар аудандық әкім аппаратында төтенше жағдай бөлімінң басшысы Шерхан Ашимов 50-ге жуық поэзия және орыс әдебиетінен кітаптар оқығаны атап өтілді. Болат Әбілтановтың 30-ға тарта көркем әдебиет оқыған. Кеш жүргізушісі Қадірбергенова Мақпал бұл кісілерден басқа да ондаған кітапсүйер қауымның аты-жөнін жеке жеке атап, мерейін асырды. Олардың арасында Мамбаев Нұрлан, Өскенбай Елдос, Әпиязова Мөлдір, Әнуарбек Тұрсынай, !йгерім Мырзахметова, Әбен Шерімбетов, Арай Жармұхамедова сынды оқырмандарды атады. «Ырыс ауысады, білім жұғычсады» деген ұғым бар қазақта.
Осыдан келе «Білмегеннің білгеннен сұрағанының айыбы жоқ» деген сөз де бар. Осы отырыс барысында көрермендер көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оған оқырмандар жауап берді. Үздік оқырмандар өздерін қызықтырған әдебиеттер турасында ойларын ортаға салды. Келесі сәтте бейнеслайд арқылы кітапхана қызметкерлері үздік оқырмандарға сұрақ қойып, білім көкжиегіне саяхат жасап, кештің танымдық мазмұнын тереңдете түсті. Одан әрі оқырмандар арасында өз өнерлерін көрсеткен Нағима Сағындықова Мұхтар Шахановтың өлеңін оқып берді. Мәдени кеште өнер иесі Әбсұлтан Байкенжеев және Мұхтар Дәрібаев жырдан шашу шашты.
Баян Үсейінова