Желаяқ
Желаяқ сөзін естігенде бала күнінде оқыған аңыз ертегілеріндегі «Желаяқ» кейіпкері есіме түседі. Аяғына дәу қаратасты байлап, мыстан кемпірмен жарысқа түскен, қараулығына бір уыс топырақ шашып қасынан зу етіп өте шыққан жаратылыс иесін көз алдыңызға елестетіп көріңізші?
Спорт әлеміне көз жүгіртіп қарап өтсеңіз аттары аңызға айналған саңлақ желаяқтар арамызда бар -ау деп қаласың. Оқушы кезінен - ақ «Желаяқ» атанған Совет Исамбаев ағамыз соның бір дәлелі іспетті. Қосүйеңкінің аяққы ауылында 1938-жылы 27- шілдеде дүниеге келген Совет ағамыз бала кезінде анасы сиырын сауып, сүтін пісірем дегенше арақашықтығы 20 шақырымдай болатын Аққұм станциясына жүгіріп барып келеді екен. 5-8 сыныптарда оқып жүргенінде аудандық, облыстық дәрежедегі жарыстарда алдына жан салмаған жүйрік болыпты.
1957- жылы өткен Қазақстан біріншілігінде 800-1500 метрлік қашықтықтағы жарысқа қатысып алтыннан алқа тағыныпты.
1958-1959 жылдары Кеңес Одағы бойынша Грузия астанасы Тибилиси қаласында өткен жастар арасындағы жарыста мәреге бірінші жетіп чемпиондық тұғырға көтерілген. 800 метрлік қашықтыққа жүгіруден Кеңес Одағының рекордын жаңғыртып алғаш рет «Алтын медаль» алу салтанатында Қазақстанның ән-ұранын шырқатқан. 1959-жылы дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, 1963-жылы Одақ бойынша өткен Ленинград (қазіргі Санк-Петербург) қаласында 1000 метрлік қашықтыққа кедергімен жүгіруде күміс медальді жеңіп алады. 1962- жылы Италия мемлекетінің желаяқтарымен өткен жарыста 1- орынды ешкімге бермеген.
Бес жыл бойы орта Азияның мемлекеттерінің арасында өтетені аламанда Алтын, Күміспен марапатталып, жарыс төрінен орын алған. 1966- жылдары Африка еліндегі Алжир, Тунис, Мали, Марокко мемлекеттерінде жарысқа қатысып, 800, 1500, 3000 метрлік қашықтыққа жүгіруден чемпиондық белгіні мойнына таққан. 1970-жылы Лениннің туылғанына 100 жыл толуына орай Қазақстан үкіметі ұйымдастырған спорттық шарада Алматыдан Ресейдің Ульяновск қаласына 30 күн жаяу жүгіріп барып жарыс алауын жаққан.
1966-1967 жылдары Кеңестер одағы бойынша «Правда», «Известия» газеттернің жүлдесі үшін өткізілген жарыста алтыннан алқа тағыпты.
1968- жылдардан бастап үлкен спорттан қол үзіп қазақ мектептерінде дене шынықтыру пәнінің жоғарғы санаттағы мұғалімі болады.
Алматы зоотехникалық-малдәрігерлікИнститутының дене-шынықтыру кафедрасында жаттықтырушы болып қызмет атқарған. Спорт газеттерінің штаттан тыс тілшісі қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшесі болған. Хоббиі: «Спорт- лото» ойыны болыпты. Совет ағамыздың шыққан тегіне көз жүгіртсек, әкесі Исамбай (1893-1971) атамыз келбетті іні денелі қарулы кісі болды.
«Жас кезінде жүгіргенде алдына жан салмайтын, Советтің түр тұлғасы жүйріктігі әкесіне тартқан» - деседі білетіндер. Анасы Пернекүл (1907-1991) 14 құрсақ көтерген Батыр ана. Сол 14 ұл- қыздың 10 перзенті қиыншылық кезендерде жастай өмірден ерте кетіпті. Бар ықылас пейілдерін аман қалған 3 үл 1 қызына бөліп, барлығын оқытып білім алуына жұмсапты. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан Мәмет Исамбайұлы (1930-1978) медецина ғылымдарының докторы, Әшім Исамбайұлы (1934-1998) биология ғылымдарының докторы, Совет Исамбайұлы (1938-2016) аты әлемге әйгілі спортшы болды, қазірде көзі тірі Қарашаш Исамбайқызы (1949ж) әпкеміз Алматы мемлекеттік медецина институтын үздік бітірген дәрігер -терапевт.
49 жыл еңбек өтілі бар Қарашаш әпкеміз әлі де тың. Бар білімін тәжірибесін күш жігерін адам денсаулығын жақсартуға жұмсап, аянбай еңбек етіп келеді. Ғылым білім елі үшін қызмет еткен Исамбай атамыздың ұрпақтарын қалай дәріптесекте жарасатын талантты, дарынды тұлғалар.
Совет ағамыз 2016- жылы Алматы қаласында дүниеден озған. Жаңақорған топырағынан түлеген сполрт саңлақтарының ішінде шоқтығы биік Совет Исамбаев ағамыздың аты ертегіде айтылатын желаяққа айналған ұлы тұлға. Осындай асыл азаматтарымыздың, дарынды таланттарымыздың есімдерін ұлықтау үшін кейінгі ұрпаққа дәріптеп отыру бүгінгі күннің басты тақырыптарының бірі болуы керек-ақ. Мысалыға:туып өскен, білім алған жері Қосүйеңкіден заманауи үлгідегі спорт кешенін салып, маңдайына жарқыратып Совет ағамыздың есімін жазып қойса, жарасып-ақ кетер еді-ау! Бұл енді Совет ағамыздың ұрпақтарымен ағайындарының атына айтылар сөз сіралғысы. «Ерін дәріптеген ел қашанда еңселі»
Қалмұрат Мұсабекұлы Қосүйенкі ауылы.