Алимент – қарыз емес, парыз
Бауыр еті баласынан бас тартып, алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелердің қоғамда кездесетіні ащы шындық. Бүгінде жұқпалы індетше тараған ахуал біздің ауданды да айналып өткен жоқ. Керісінше, отбасын бұзып, әкелік жауапкершіліктен ат тонын ала қашып жүрген бөріктілер көбейген. Мәселен, 2022 жылдың 6 айында аудандық сотқа бала күтімі үшін 50 әкеден алимент өндіруге арыз түскен.
Бүгінде ана мен бала құқы заңмен қорғалған. Әсіресе, баланы қамқорлықсыз қалдырған ата-анаға міндетті терде жаза тағайындалады. Демек, алименттен бас тартқан әкенің де, ананың да жазаланатыны анық.
– Жалпы, кез-келген ана егер жолдасының балаға деген жауапкершілігінің төмендеп, қаражатын өзге мақсаттарда жұмсап, отбасына табысын әкелмейтін болса, немесе осыған ұқсас жағдайларды аңғарса, некесін бұзбай-ақ, әкесінен әр баласына алимент төлете алады. Ал, некесі бұзылған отбасы сот шешімімен алимент төлейтін тарапты анықтайды. Ер адам жұмыс істейтін болса, бір балаға оның жалақысының төрттен бір бөлігін, екі балаға үштен бір бөлігін, үш не одан көп балаға екіден бір бөлігін төлейді, – дейді аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаева.
Бибайым Нәлібаеваның айтуынша, отбасы ажырасып, соттың шешімі шыққаннан кейін, ол сот орындаушыларына жіберіледі. Одан әрі, төленбей жатқан алиментті сот орындаушылары өндіреді. Сонымен қатар, кез-келген әйел некесіз туған баласына да әкесінен алимент өндіре алады. Ол үшін әкелікті анықтайтын сараптама жасалса болғаны.
– Бүгінде ауданда 324 борышкер бар, оны 32-сі биылғы жылдың 6 айында түскен арыздар бойынша қаралды. Жалпы, борышкерлердің 295 өзіне артылған жауапкершілікті түсініп, алиментті уақытылы төлеуде. Ал, 15 азамат әкелік міндетінен қашып, алименттен жалтарып жүр. Оның ішінде 5 азамат әкімшілік-қылмыстық жауаптылыққа тапртылса, 12 көкек әке іздестіріліп жатыр. Жалпы, жұмыссыз борышкерлерден алимент өндіру қиынға соғады, – дейді Қызылорда облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Нұрсәуле Мейірбекова.
Оның сөзінше, заңдылыққа сәйкес биылғы жылдың басында жұмыссыз азаматтың табысы 269 149 теңге болып есептеліп, бір балаға табысының 25 пайызынан (67 287 теңге 25 тиын) алимент төлеуге міндеттеледі. Екі балаға – 33 пайыз (88819 теңге 17тиын) болса, үш немесе оданда көп балаға 50 пайыз яғни, 134 мың 574 теңге 5 тиын төлеуге міндетті. Ал, жұмысы бар азаматтарға айлық табысының белгілі бір пайызы есептеледі.
Балаларына тиісті ақыны төлеуден жалтарған жолдасын сотқа берушілер қатарындғы кент тұрғыны Жазира Сәдірованың сөзінше, 2021 жылдың қыркүйек айында үйінен жұмыс істеймін деген сылтаумен кеткен үш баласының әкесінен ажыраспас бұрын алимент өндіруді қолға алуда. Бірақ балаларының әкесі бұл жауапкершіліктен қашып жүр.
– Жолдасыма ажырасуға арыз жазған жоқпын. Өйткені екеуміздің арамызда ешқандай кикілжің болмады. Ол жұмыс іздеймін деген сылтаумен үйден кетіп, сол күйі қайтып келген жоқ. Амалсыздықтан алимент өндіруге арыз жазуыма тура келіп отыр. Өйткені мен қазір не күйеуімнен көмек алмаймын, не мемлекеттік жәрдемақыларды ала алмай отырмын. Өзім үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанмын, – дейді Жазира Алмабекқызы.
«Торғай жауын жауса – балапанын қорғайды, бұршақ жауса – өз басын қорғайды», – демекші, бауыр еті баласына қорған болмақ түгілі, қара басына ие бола алмай жүрген жауапсыздық жиі көрініс беріп отырғаны қынжылтады. Ес жиятын, ерге тән мінезді, әдет-дағдыны төбеге көтеретін кез жеткен тәрізді.
Айсұлу АЛДАНАЗАР.