№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Алимент төлеу қарыз емес-парыз

Алимент төлеу қарыз емес-парыз

Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті. Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиіс.

Бүгінде өз туғанына тапқан-таянған нәпақасын бөліп беріп, алимент төлеуде әртүрлі себептерді алға тартатын немесе жауапты істің үдесінен шығуды кейінге қалдырудан шаршамайтын «көкек әкелердің» бұл ездігі қаншама аналарды «жүдетіп», жүйкесін жұқартып жатқаны шындық. Мұндайда амалы таусылған, жігері жасыған сол әйелдер сот пен сот орындаушылардың есігін жағалап, қызметкерлерден көмек сұрайтыны жасырын емес.

Екі жастың дәм-тұзы жараспай, ойлары мен ортақ мақсаттарының бір арнаға тоғыспай, екіге бөлінуіне, олардың «бауыр еті – балалары» кінәлі емес екені сөзсіз.

Жаңақорған аудандық сотында талап қоюшы С., жауапкер Ә-ден кәмелетке толмаған екі баласын асырап-бағу үшін алимент өндіру жөніндегі сот бұйрығын шығаруды сұраған талап қоюымен азаматтық іс қаралды.

Талап қоюшы сотқа жүгініп, онда жауапкер екеуі заңды некеде тұратынын, ортақ кәмелетке толмаған екі балалары бар екенін, қазіргі таңда жауапкер екеуі бір отбасы болып тұрмайтынын, балалары өзінің тәрбиесінде екенін, жауапкердің материалдық көмек көрсетпейтінін негіздеп балалары кәмелетке толғанша алимент өндіруді сұраған.

Қазақстан Республикасы Неке және отбасы туралы Кодексінің 138-бабына сәйкес ата-аналары жасы кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға міндетті. Ал, осы Кодекстің 139-бабы бойынша сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға - ата-анасы табысының және өзге де кірісінің - төрттен бірі, екі балаға - үштен бірі, үш және одан да көп балаға - тең жартысы мөлшерінде өндіреді.

Сотпен жауапкер Ә-нің айлық табысының және өзге кірісінің үштен бірі мөлшерінде талап қоюшы С.ның пайдасына баласы кәмелетке толғанша ай сайын алимент өндіру туралы сот бұйрығы шығарылды.

Әрине, алимент балаға әке бола алмас. Дегенмен, мұның өзі ер адамның жауапкершілігін аз да болса сезіндіреді. Алимент төлеу ардың ісі болса да, бәзбіреулер баласы 18-ге толғанда қарыздан құтыламын деп ойлайды.

Тіпті де олай емес. Бала он сегізге толып кетсе де, төленіп бітпеген қарыз әкенің мойнында аманат болып қала береді.

Алайда, ай сайынғы жалақының аз ғана бөлігі әкенің қамқор алақанын қайдан алмастырсын?! Әйтсе де, өз қанынан жаралған перзентті керек қылмай, тас-бауырлық таныту – қай азаматқа болсын жараспайтын қылық.

Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының бас пасөз қызметі.
10 ақпан 2022 ж. 506 0