» » Әже, ертегі айтып беріңізші

Әже, ертегі айтып беріңізші


Бұрын әжелер ертегі айтып, аталар аңыздан қайыратын. Нәтижесінде немере қисса-дастанға құмартқан. Зередей әжесінен ертегі-аңыз, қисса-дастан, жыр сұрайтын бала Абайдай бүгінде бала бар ма? Бала дейміз-ау, немересіне құлақ құрышын қандырар ертегі-жырды жалықпай жеткізетін ата - әже, әке-ана ше? Мұны айтқанда күдігіміз бен күмәніміз көп. Үлкендер жағы ертегі-аңыз айтудан, немере оны тыңдаудан қалған. Батысқа қарап бой түзеп, тәрбиесін бойымызға сіңіргеніміз сонша ата мен әженің тәрбиесін ұмыттық. Ал ата мен әже бауырында өскен бала қандай еді?


 Өткен ғасырда ұлттың болашағын болжап кеткен Бауыржан Момышұлының «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертегі айта бермейді. Содан қорқам, менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі керең болып қалмаса деп қорқамын» деген нақыл сөзі XXI ғасырда айнымай келді. Батырдың қорқынышы осылайша бүгіннің шындығына айналды.
 Ата-әженің бары қазына екені рас. Алайда осы қазыналарды қапқап алтын, дорба-дорба доллар деп елестетпеу керек. Сондықтан рухани қазынаны сөз етейік. Жаңа ғасырдағы Еуропа мен Батыстан қалмаймыз деп, құндылық атаулыны құрбандыққа шалған шалағайлықтың жемісі бүгінгі бала ертегісіз, бесік жырынсыз өсіп келеді. Нәтижесінде ыңылдап ән айтып еміренетін әжелер азайды, бесік жырын білмейтін аналар көбейді. Тыңдамайын демейді-ау, айтатын, оған қызықтыратын қарияларымыздың қатары азайған. Сондықтан, олар көретін, тыңдайтын ертегінің желісі батыстың төртбұрышты, үшбұрышты басты, я жалғыз көзді, не нәрсе екені беймәлім құбыжықтары мен беймәлім тілдегі мультфильмдері, түсініксіз әуендері болып тұр. Мәселен, балғындар Алпамыс, Ер Төстік пен Тазша баланың кім екенін білмесе де, Спанч Боб, Бентен мен Өрмекші адамды сұрасаңыз тәптіштеп айтып береді.
 Ертеде Альберт Эйнштейнге «Балаларымызды қалай ақылдырақ етуге болады?» деген сұрақ қойылыпты. Ғалым өз жауабын қысқа да нұсқа қайырған: «Егер сіз балаңыздың ақылды болғанын қаласаңыз, оған ертегі оқыңыз. Егер одан да ақылды болсын деп армандасаңыз, одан да көп ертегі оқыңыз», – деген екен.
 Ата-аналар ертегінің маңыздылығын қажетті деңгейде бағаламай жүргені өкінішті-ақ. Өйткені олар ертегі тыңдап өскен бала ертегідегі батырлардың, білімді, қайсар жандардың тұлғасына қарап, бой түзейтінін, кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, жаман әдеттерінен жиренуге тырысатынын ұмытқандай. Мәселен, «Мақта қыз бен мысық» ертегісін оқыған бүлдіршін қалағанына тек ерен еңбекпен, үлкен талпыныспен ғана жетуге болатынына көз жеткізеді.
 Екі-үш жыл алдын күнде ертеңгісін жұмысқа шығып бара жатқанда немересін жетектеген шамамен алпысқа қадам басқан апайды жиі көретінмін. Сондағы мына қызыққа қараңыз. Ол теледидарда жүріп жатқан түрік, үнді сериалдары дегеніңіздің бәрін бес саусағындай біледі. Немересіне қарап: «Қазір сен жыласаң Каляни келеді де саған ұрысады. Сен жыламасаң саған Ананди тәтең келеді», – деп қояды. Бұдан ертегі білмейтін әже мен ертегі тыңдамаған баланың бейнесін анық көруге болады. Бірінші рет естігенде расымен де күлкім келді. Үш қайнамақ түгілі бес қайнаса да сорпамыз қосылмайтын үндінің қайдағы бір Анандиін «тәтең» дегенде ойланып қалыппын. Керемет араласым болмаса да жасын сыйлап жүрген кісінің мына сөзі төбеден жай түскендей болды. Өзіміз әдебиеттен оқыған ел анасы атанған Ұмай, Домалақ, Зере, Ұлжан әжелерімізді айтпай, қайдағы бір Каляниді айтқанына қаным қайнап, жаным ашыды. Осындайда бұрынғылардың «Масқара-ай, қай бетімді ұстайын, қай бетімді» деп таусылуының да астарында үлкен мән бар екенін түсінгендей болдым. Бұдан ұлтымызға төніп келе жатқан қауіпті індетті, бәріміз үшін трагедиялық жағдайды байқайсың.
 Біз қозғаған тақырып бірінші рет айтылып тұрған жоқ. Осыған дейін де айтылды. Нәтиже жоқ болғандықтан тағы да біздің қаламға ілінді. Негізі қандай да бір іс болмасын әр адам өзінен бастауы тиіс емес пе? Осы жағын да біраз ойланып көрейік.
P.S: Самайын ақ қырау шалған апатайым, Сіз жатсаңыз да тұрсаңыз да еліміздің тыныштығын тілейтініңіз бесенеден белгілі. Сол ниетіңіз үшін Сізге айтар алғыс таудан да биік. Алайда бір минут біз айтқан әңгіменің өзегіне ой салып көріңізші. Сіздің көз алдыңызда жаныңыздан да тәтті немерелеріңіз тай-құлындай тебісіп, асыр салып жүрген жоқ па? Олар өзгенің емес, сіздің ұрпақ қой. Әулетіңіздің ізін жалғастырушылар. Олай болса енді ғана бүр жарып келе жатқан жас өскіндеріміздің тамырына қазақы, ұлттық тәрбиенің дәнін егейікші. Жастайынан олардың тәрбиесіне балта шаппайықшы.

Лаура БИБАСАРОВА
14 шілде 2022 ж. 692 0