Ертегі ертеңді қалыптастырады
Өз заманының ойшылы Альберт Эйнштейн «Балам ақылды болсын десең, ертегі оқы. Егер ғұлама ғалым болсын десең, онда көп ертегі оқы» деген екен. Рас, ертегі оқып, тыңдап өскен баланың қиялы жүйрік болатыны сөзсіз. Бала күнімізде әжелеріміз кітап бетіне қарамай-ақ, естігені бар, ойдан құрастырғаны бар әдемі ертегілерді айтып беретін еді ғой. Ертегілер бізге сонау ерте заманнан келді. Ертегіге біз сенеміз, ондағы оқиғалар кейде өз өмірімізде болып жатқандай, қорқынышты жерінде көзімізді жұмамыз, кейде ішек-сілеміз қатып күлеміз. Ең негізгісі – бәрі де жақсы аяқталатынына сенетін едік. Қазақ халық ертегілері тұнып тұрған даналықтың көзі деуге болады. Мысалы, «Мақта қыз бен мысық» ертегісі өте тартымды, қызықты. Бұл ертегіде мақта қыздың досы мысық мақта қыздың тілін алмай қатығын төгеді де, оны қайтарып беру үшін көптеген сынаққа жолығып, көп қиыншылық көріп барып, соңында қателігін түсініп, қатықты қайта қайтарып беруге әрекет жасайды. Демек, қазақ ертегілері жәйдан-жәй бала көңілін аулау үшін емес, тәрбиелік мәні өте жоғары, адамды әрбір іс қимылына жауап беруге бейімдейді.
Шын мәнісінде, ертегі балалардың қалыптасуына бағыт көрсететін рухани азық. Мұны әлімсақтан білген ата-бабаларымыз батырлар жыры, жыршылдық пен шешендік өнерді балаға кішкентай кезінен-ақ үйреткен. Тарихқа көз жүгіртсек, Абай, Шоқан, Мұхтар сынды тұлғаларды әжелері ертегімен сусындатып, кітап оқуға бейімдеген. Бірақ, қазіргі қоғамдағы әжелерге қарап, іштей қынжыламын. Тәрбиенің бастауы болған ертегіні аналарымыз біліп тұрса да, балаларына оқып беруге ерінеді. Одан да, телефон қарап, жылтыр еткен дүниені сөз етіп отырады. Содан болар, бұрынғыдай «Ертегі айтып бер» деген баланы, «ертегі айтып берейін» деген әжені көрмейміз.
Тілі енді ғана шығып, былдырлап сөйлеп жүрген балақайдың өзі кітаптың не екенін білмесе де, ұялы телефонды жақсы біледі. Бауырларымен бірге таласа тармаса, телефонға жабысып, ондағы түрлі қияли кейіпкерлерден көз алмай қарап отырады. Ақиқатын айтқанда, ата-ананың ертегі айтуға уақыты жоқ. Бала тілегін тыңдап, өтінішін орындауға құлықсыз.
Негізінде баланы тілі шыққан күннен бастап тәрбиелеу керек. Жылап отырған балдырғанның тілін тауып, жұбатуға болады. Бүгінгі ата-аналар керісінше, қорқытқанды жөн санайды. Өкінішке қарай, бүгінгі әжелер немерелерімен санаспайды. Баланың «тілін», санасын түсінбейді. Ата мен әже баланың тілін табуы керек. Психологтардың айтуынша ертегі тыңдап өскен бала алдағы өміріне сол арқылы бағыт қалыптастырады екен. Ертегідегі кейіпкерлерді саралай отырып, жақсы мен жаманды айыруға үйренеді. Сондықтан ертегі – бала тәрбиесіндегі таптырмас құрал десек қате болмас.
Ғайша ЖҰМАШЕВА