» » Егінжайдың халі қалай?

Егінжайдың халі қалай?


Биыл Сыр өңірінде егін шаруасы ширады. Дала диқандары аяқ судан аса қатты таршылық көрген жоқ. Барлығы жоспарлы дейді жауапты сала мамандары. Рас, жаңақорғандық егіншілер де күрішін суға бастырып, бақша және мал азығынан өнім жинай бастады. Шілденің алғашқы аптасы қалай басталды, егінші қауымның халі қалай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Қазір Жайылманың қарбызы экспортқа шықты. Елдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге бағытталған өнім жақын күндері шет ел асуы мүмкін. Сол секілді малдың азығы да көңіл қуантарлық.
– Күздік бидай дақылы бойынша, 4142 гектар бидайдың қазіргі таңда 1450 гектары орылып, әр гектарынан 19 центнерден 2750 тонна бидай жиналуда. Малазықтық дақылдарды жинау бойынша 14262 гектар ескі жоңышқаның 1 орымынан 45 638 тонна шөп жиналды. Бүгінгі күні екінші орым басталып, 500 гектары орылуда, – деді ауданның бас аграномы Дәурен Абибуллаев.
 Иә, биыл шөптің жайы жақсы, тек бағасы былтырғыдай көтеріңкі емес. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, алғашқы орымнан шөп арзан болады. Осы кезде малдың қоңын келтіріп, азығын реттеп қойсақ қайтеді екен. Әйтпесе, ертең эскпортталу басталса, баға екі есе көтерілуі әбден мүмкін. Оған былтырғы жағдай дәлел...
 Экспорт демекші, биыл Сыр өнімдерінің әлеуеті артты. Статистикаға сәйкес 2022 жылдың 1 мамырына облыстан 13,8 млн долларды құрайтын 29,6 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері (күріш, балық өнімдері, бидай қалдығы, қамыс) экспортталды. Өнімдер әлемнің 19 мемлекетіне тасымалданған.
 Барлық экспортталған өнімнің 91,9 пайызын құрайтын облыстың негізгі дақылы – күріш өнімі Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак еліне экспортталған.
 Тағы бір айта кетерлігі, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау» туралы хабар айтуда. 014 бюджеттік бағдарламасына сәйкес, ауыл шаруашылығы субъектілерінің өтінімдерін «Qoldau.kz» веб-порталы арқылы 2022 жылдың 04 шілдеден бастап өтінімдерді қабылдау жұмыстары жүргізілетіндігін Қызылорда қаласы мен аудандарда орналасқан ауылшаруашылығы құрылымдарының назарына ұсынамыз делінген жазбада.
 Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялауға байланысты сұрақтар туындаған жағдайда басқарма арқылы ақпарат алуға болады. Алайда, өтінімде сұратылған мәліметтер толық болуы (электронды счет-фактура) қажет.
 Жалпы, әзірге егінжайдың ахуалы осындай. Баға қолжетімді, экспорт көлемі ұлғайған, қалғаны күздің күні байқалады. Әзірге шаруалардың қызметі ширақ, тек аяқ су керек кезде тапшы болып қалмаса болғаны...

Әлібек ТЕМІРБЕК
07 шілде 2022 ж. 310 0