Газеттің жаны – оқырман
Бұл түйіндемемізді ежелден келе жатқан «Тыңдамаса сөз жетім» деген тәмсілмен тиянақтау жөн болар. Осы орайда тоқсан жылға таяу туған жер шаңырағының төрінен түспей келе жатқан төл басылымның мерейі төмендемесе екен деген тілек біздікі.
«Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» демеп пе еді, ақын Абай. Жаңа Қазақстанды құруға бет бұрған жарқын сана иелерінің адал серігі, айнымас сырласы, аймақ тыныс-тіршілігінің айнасы болудан танбаған қасиетті сөздің төресі туған жұрты аман тұрғанда тұғырынан түспесі анық.
Газеттің шыққанына 44 жыл болған 1977 жылы жарық көрген 5000-ншы санында ақын Әбділла Тәжібаевтың мынадай төлтумасын көзіміз шалды: «Біздің оқитын газет-журналдарымыз аз емес. Соның бәрінен әртүрлі мәлімет – білім аламыз. Өз басымның үзбей оқитын газетімнің бірі – «Коммунизм жолы».
Бұл газетте маған толып жатқан қажетті хабарлар береді. Шағын бір ауданның өмірінде үлкен Отанның талай жарық белгілері бар. Мен соларды «Коммунизм жолынан» көріп отырмын. Кейде өсіп келе жатқан жас ақынның жалынды жолдары кездеседіі, кейде аудан орталығындағы керемет әдебиет мәселелерін талқылағанын баяндайды.
«Коммунизм жолы» Манап Көкенов берген «Құлан ақынның Перне қызбен айтысын жариялады. Бұл әдебиетіміздің алтын қорына тыңнан қосылған ірі олжа болды. Мен осы мысалға қарап отырып шындап кіріссе, қызығып істесе ел мұрасын жинауда аудандық газеттер көп жұмыс істей алады екен деп ұғындым» деп жазған екен.
Ардақты қааламгердің бұл сөзі бүгін де өзекті. Саяси, мәдени, әдеби-көркем басылымдарды аудандық, облыстық немесе республикалық деп жеке жіктеудің қажеті жоқ, барлығының да правосы бірдей, жауапкершілігі ортақ, жүгі салмақты.
Осы бағытта газеттің тек ақпараттық қызметінен бөлек ағартушылық орнын да бағаламасқа болмайды, Күнделікті болып жатқан оқиғаларды қалам ұшына іліктіре отырып, соның себептерін талдап, таразылап, зардабы мен залалынан сақтандырып, жарасымды өмір образын қалыптастыруда қалам қуатымен үлес қосып келе жатқан жазарман қауымның еңбегі елді жақсылыққа ұйыстыруы керек.
Баспасөз құралдарының болсын, телеарналардың болсын, ең қастерлі миссиясы – оқырманның әлеуметтік оптимизмін көтеру. Оның сағын сындырмау, жарқын болашағына сенім ұялату маңызды. Серпінді елдер қатарында саналатын елімізде осындай армандарымызды баянды етудің барлық алғышарттары бар. Үкімет тарапынан елдің әлеуетін арттырудың, тұғырымызды төрт аяғынан тең тұрғызудың тетіктері қарастырылып, жеткілікті мөлшерде қаржыландырылып жатыр. Қазынадан бөлінген қыруар қаржының қақпақылға түспей, өз мақсатына жұмсалуы, сайып келгенде сана мәдениетіне, қала берді обал мен сауапты жадына сіңірген адам факторына келіп тірелері белгілі. Олай болса, күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарының, Абай атамыз айтқан «толық адам» тәрбиелеудегі өзіндік орнын, маңызын жоққа шығаруға болмайды. Осы бағытта газет-журнал беттерінде, телеарналарда арнайы күнделікті ақпараттарды беруден бөлек түрлі танымдық бағдарламалар, арнайы беттер мен айдарлар дайындалады, эфирге шығады. Тіпті мазмұн құндылығына орай шетелдік контентке де отандық медиа кеңістігінде орын көп беріледі.
Дүние күн сайын өзгеруде. Ал қоғам тынысына күнбе-күн үн қосып отыратын журналист қауымының елдік мүддеге бағытталған еңбектері ешуақытта мәнін жоймайды.
«Өзі бір күндік, сөзі мың күндік» газетте көтерілген мәселе, бүгін басым бағыттар ертеңгі күн өткеннің шежіресіне, тарихқа айналары кәміл. Олай болса ағалар аманантына адалдыкпен қарап, әрбір жазғанымызға аса жауапкершілік танытып, қызметімізге мін түсіриеу, бүгінгідей ақпараттың ағыны тасқандаған уақытта айбынымызды асырып, абыройымызды бекемдеп, ең бастысы ақиқат туын жықпау, ел жүрегінде егер газет жазса, телевизия айтса, онда ол ақиқат солай болып жатыр деген сенімд орнықтыру, бұқаралық ақпарат жауынгерлері үшін ең үлкен атақ, ең жоғары баға осы болса керек.
Осы бағытта сүйенеріміз де, сенеріміз де, өзің, қадірлі оқырман!
Баян Алаудинқызы