» » Балықта берекелі бизнес

Балықта берекелі бизнес


Соңғы жылдары ауылшаруашылығы саласында серпін көп. Оған мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау үлкен дем беруде. Дегенмен кей салада әлі де кемшін тұстар бар. Мәселен, балық шаруасы біздің ауданда толық қолға алынбай тұрғаны көп сауал тудырады. Өйткені, Сыр өзенін бойлай қоныстанған ауылдардың негізгі кәсібі егін болса, балықтан да берекелі бизнес бастауға болар еді. Ол жолда жүрген аз ғана қожалықтар бар. Бірақ, әлі де белсенді болған жөн, өйткені, субсидия бөлінген жақ дейді жауапты мамандар.

 Облыста Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзені және 207 көл бар. Бүгінде 185 көл конкурстық негізбен 5-10 жылға табиғат пайдаланушыларға бекітіп беріліпті. Қалғаны резервтік қорда тұр. Былтырғы есепке жүгінсек, нәтижесі жақсы. 7364 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 152 млн теңге қаржы түскен. Ал жыл басынан бері 4819,8 тонна балық ауланып, қазынаның қоры 70,1 млн теңгеге толығыпты. Былтыр «Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2021- 2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» әзірленіп, облыс әкімдігінің 2020 жылғы 30 қазанда №127 қаулысымен бекітілді. Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін балық экспортын екі есеге, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есеге арттырып, 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.   Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген мәліметте, тауарлы балық өсіруге (аквакультура) жыл сайын басымдық беріліп келеді. Кейінгі бес жылда осындай шаруашылықтармен 713 тонна балық өсіріліп, нарыққа шығарылған. Қазір мұнымен айналысатын шаруашылықтардың саны 39-ға жетті. Мойындау керек, балық аулау және оны экспорттауда Арал ауданының үлесі басым. Арал ауданы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, өңірде 31 балықшылар бригадасы бар. 400-ден астам адам жұмыс істейді. Бригадаларға тиесілі 215 флот, 6 үлкен (СМБ-40) және 2 шағын кеме (БМК-130), 6810 құрма ау, 24 жылым, 38 кермеше ау бар. 10 балық зауытының 9-ы да Арал ауданында. Бұлар жылына 24 мың тоннаға жуық балық өңдеуге қауқарлы. Қазір бес зауыт балықты терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатарында.
 Ал, біздің ауданда балық шаруасына аса мән беретін келінтөбелік Мақсат Жұмаділлаевтан бөлек бірнеше шаруа бар. Біз білетін «Жыңғылдысай» көлінің маңынан былтыр жылына 1-5 млн. дана балық шабақтарын шығаратын инкубациялық цех пен шабақ өсіру питомнигін іске қосу жоспарлануда. Ал, «Қалғандария» көлінің иесі Сүйіндік Аманжолов болса балықты баласындай өсіреді. Ол мемлекеттің көмегінсіз тірлік бастаған қайсар азамат. Орайы келгенде еңбек адамымен тілдесудің сәті түсті. 
 - 2007 жылы бұқаралық ақпарат құралдарынан резервке көл беріледі деген хабарламаны естіп, тәуекелге бел байлап, конкурсқа қатыстым. Асығым алшысынан түсіп, екі бірдей көлге ие болдым. Олар Нартай ауылына жақын орналасқан көлемі 15 га «Қарақұм» мен жер аумағы 70 га болатын «Домалақ» көлі. Былтырдан бастап осы аталған «Домалақ» көлінің бір бөлігін демалыс орнына айналдырып, халықтың пайдасына жаратып отырмын, – деп әңгімесін бастады балықшы.
 Сүйіндік аға зейнетке шыққанға дейін №156 Н.Бекежанов атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Кейін балалары және немерелерімен бірге балық шаруашылығын бастаған. Әлі де болса аяқ-қолы жылдам, өз ісіне мығым, ширақ көрінеді. Бүгінде 18 түрлі балық, оның ішінде сазан, жыланбалық, шортан, лақа, мөңке, алабұға, табан, тұқы, ақ амур т.б. түрін өсіріп отыр.
– Бұл кәсіп жаныма жақын болғандықтан таңдадым. Алдын-ала семинар-тренингке қатысып, бейімді білім алдым, – дейді балық бағбаны.
– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары аз емес. Инвестициялық салымдар кезінде техника мен жабдықтар сатып алуға балық өсіру шаруашылықтары үшін шығыстардың 25 процентін өтейді. Балық (тұқы, бекіре, албырт) жеміне кететін шығындар құнының 30 процентін өтеуге болады. Мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту бойынша келесідей субсидиялау түрлері бар. Биологиялық негіздеменің құнын, балық өсіру материалын сатып алу құнын, бағалы балық түрлері аналық-жөндеу табындарын сатып алуға және ұстауға кеткен шығындар, дәрілік препараттарды сатып алуға кеткен шығындардың 50 процентін субсидия есебінен қайтаруға болады.
 Тікелей субсидиялар бойынша 2030 жылға дейін республика бойынша барлығы 136 млрд теңге жоспарланған, оның 8,9 млрд. теңгесі Қызылорда облысына тиесілі. Инвестициялық салымдарды субсидиялауға тор шаруашылықтарын, УЗВ, тоған шаруашылықтарын, құрама жем зауытын, қайта өңдеу кешендерін салу және кеңейту жатады. Инвестициялық субсидиялар бойынша 2030 жылға дейін республика бойынша барлығы 41,4 млрд теңге жоспарланған, оның 2,1 млрд теңгесі Сыр өңірінің есебінде.
 «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған» өңірлік бағдарламасына сәйкес тауарлы балық шаруашылығымен айналысатын көлдерге инфрақұрылымын дамыту жоба сметалық құжаттарын жасап электр желісін тарту, трансформатор орнату жергілікті жерге тапсырылған болатын.

Субсидияға қандай құжат қажет?

 Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жауапты маманы Асылбай Дәулетханұлы инфрақұрылымдарын дамытуға байланысты электр желілерін жүргізу және трансформатор орнату үшін жоба-сметалық құжаттарын жасап ұсынған жағдайда, облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім өткізіп, қолдау тапса, қаржы қаралатындығын атап өтті. Яғни, кез келген шаруашылық иесі бөлімге жоба-сметалық құжатын өткізуі тиіс.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Тәжібайұлы су айдындары иелеріне бизнес жоспар, жоба-сметалық құжаттарын жасап, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына ұсыну арқылы мәселені шешуге болатындығын жеткізді. Сонымен қатар «Байқоңыр» ӘКҚ арқылы бірлескен өндіріс құру арқылы 51/49 проценттік үлеспен белгіленген мерзімге дейін төмендетілген пайызбен қажетті несие ала алады. Жақсы жобалар болған жағдайда гранттарға ұсынуға жәрдемдесетіндігін сөз етті.
 Бір сөзбен айтқанда, қос бөлім арқылы да, жоба-сметалық құжатты (ЖСҚ/ПСД) әзірлеп, өткізуге болады. Бірінде субсидия алсаңыз, енді бірінде қайтарымсыз қар¬жыға қол жеткізесіз. Екеуі де тиімді жол, қолдау тапса қос тараптан да кәсібіңізге инвестиция құйылады. Сөйтіп бабын тауып, балықтан да үлкен бизнеске қадам басуға мүмкіндік бар.



Әли Темірбек
05 шілде 2022 ж. 326 0