Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында Жаңақорғанға ат басын тіреген «Сыр-Медиа» ЖШС-нің бас директоры Аманжол Сақыпұлы халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әлауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Құрмет көрсетілгендердің қатарында төл газетіміздің ардагер журналистері мен тұрақты оқырмандары да болды.
Аудандық кітапханада бас қосқан алқалы жиында әуелі сөз алған Аманжол Сақыпұлы журналистер қауымына ілтипатын білдірді. - Халықтың көзі, құлағы һәм тілі саналатын журналистер қауымын алда келе жатқан төл мерекесімен құттықтаймын. Журналистиканың ыстығы мен суығына төзіп, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мамандықты жан қалауымен таңдағандарыңызға сенемін. Осы жолда қаламдарыңыз қарымды, еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді. Одан әрі салтанатты жиынның қадірлі қонақтары, «Жаңақорған тынысы» газетінің ардагер журналистері Файзулла Сахиев пен Пахмаддин Айнақожаевқа өзінің ілтипатын арнап, арнайы лебізін жеткізді. Кезінде болған тарихи оқиғалар мен тағылымды істердің бұқаралық ақпаратта жариялануында сіңірген еңбектері көптің есінде екенін және жанкешті жұмысты шығармашылық зор қабілетпен атқарғанына ерекше тоқталды.
Кәсіби мерекелері қарсаңында мерейлері тасыған қос ардагеріміз басшылық тарапқа алғаусыз алғысын айтып, шынайы құрмет көрсетіп жатқанына ризашылығын білдірді. Төл газетте қызмет еткен сәттеріне сәл кідіріс жасаған ағалар өздері қызмет еткен жылдары сан түрлі саланы қамтып, шалғай мен шаһарды назарында ұстап, ақпараттың ең маңызды да, өзектісін теріп, салмақтысын сүзіп, көрерменнің зейініне салатын тақырыпта ізденгендерін ерекше айтты. Сондай-ақ соңынан ізін басып келе жатқан жас журналистердің де заман ағымына сай бейімделіп, мемлекеттік саясатты, жүргізіліп жатқан ірі реформаларды, рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде медиа-кеңістіктің ауқымын жақсы меңгергендерін көпшілік алдында баяндады. Сонымен қатар олар жаңалықты жеткізу сынды ақпараттық майданда қаламын қару еткен жауынгерлер ғана жүретінін, ақпараттық майданда сайдың тасындай сақа журналистер ғана шыдас беретінін айтып, ақылкеңестерін ортаға салды.
Расымен жаһандану заманында ақпарат құралдарының алар орны ерекше. Өйткені бүгінге дейін журналистика саласына қатысты қазақ баспасөзінің тарихы, тәжірибесі жайында бірқатар зерттеулер жасалып, құнды кітаптар жарық көрді.
Сондай кітаптың бірі ежелден әдебиет пен мәдениеттің рухани ошағына айналған Сыр бойындағы бұқаралық ақпарат құралдарының бай тарихы түзілген «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдықтың жарық көруі. Міне, осы кітаптың шығу тарихы жайында сыр шерткен Аманжол Сақыпұлы, Әзиз Батырбеков және Айжан Абдуллаевалар нақты ақпараттар жинастыру барысында кездескен небір қиындықтар мен қызықты ақпараттарды ортаға салды. Бұл кітапта Сыр журналистикасының кешегі әрі бүгінгі буыны саналатын тілшілер қауымының азды-көпті еңбегі дәріптеліп, атқарылған ғылыми ізденістер жөнінде баяндады. Ғалымдар пікірі ескерілгенін де айтты.
Жалпы, құнды туындыда қаламы қарымды қаламгерлердің жүріп өткен өнеге болар өмір жолы көрініс тапса, қазіргідей ақпарат ағыны қарқынды, журналистиканың жаңа кезеңінде бұл кітаптың таптырмайтын құрал екені айтылды. Ендеше сөз өнерін айшықтап, айтулы тұлғаларын даралаған «Сыр медиа» ұжымының руханият үшін жасаған игі қадамы әрі қарай да жалғасын таба беретініне сенеміз.
Лаура Бибасарова