» » Аудан дамуы тұрақты

Аудан дамуы тұрақты


Өткен аптада аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Мақсат – кент және елді мекен тұрғындарының толғандырған мәселесіне жауап беру. Реті келсе шешілу жолын қарастыру. Міне, осы тақырып аясында басқосқан қоғамдық кеңес мүшелері, қауымдастық өкілдері мен ауыл ақсақалдарының алдында күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер талқыланды.

Әуелі осы жылы атқарылар іске кеңінен тоқталған аудан басшысы бұйырса Жаңақорғанның келешегі кемел болатынына тоқталды.
– Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы жолда қай қала, қай аудан болмасын облыстың назарынан тыс қалған емес. Тіпті бюджеттен бөлінген әр теңгенің мақсатқа сай жұмсалып, қоғамға пайда әкелуі бақылауда болуы тиіс. Ауданымыз сонда ғана бюджеттен бөлінген қаржы есебінен құрылған жоба аясында көркейетін болады. Сондай жобалардың бірі биыл кент көшелерін жарықтандыру, жөндеу, бағаналар мен ескірген жарық қондырғыларын қалпына келтіруде республикалық бюджеттен 900 млн теңге бөлініп отыр. Оған көшенің жарықтандырылуы жүргізіліп, бұйырса ажары келіскен жарық көшеде жүретін боламыз. Негізі республикалық бюджеттен жарықтандыру желілерін жаңартуға менің алдымда аудан басшысы қызметін атқарған Руслан Рүстемұлы 3 млр 200 млн-ның жобалықсметалық құжатын әзірлеп ұсынды. Енді мақұлданған жоба аясында бөлінген қаржының әр тиынның тиімді жұмсалуы, бізге берілген үлкен мүмкіндік, – деді аудан басшысы.

Өзіне осы қаржының барынша тиімді жұмсалуын қадағалауды негізгі мақсат етіп қойған Мұрат Жолкелдіұлы қордан бөлінген әр тиынның есебін бағамдауда бір жұмыс күнін кент көшелерін аралауға арнағанын айтты. Ол өз сөзінде, бағандар сымды ұстап тұруы керек болса, аралау барысында сымдар бағанды ұстап тұрғанын көзі көргенін жеткізді. Сондықтан ел игілігі жолында жасалып жатқан жұмыс барысына бюджеттен бөлінген инвестицияның талан-таражға түспеуін назарда ұстауды, оның әр тиынының есебінің болуын жауапты мамандарға тапсырғанын, тіпті жарамды деген бағандардың саны мен сымдардың ұзындығын есепке алып, елді-мекен көшелерінің жарықтандырылуына жұмсайтынын нақты айтты. Өйткені пайдаға асатын әр заттың өз орны болуы керектігін, бюджеттен ақшаны не болса соған бөлмей, қажетті деген жобаға ғана жұмсалуына жұмыс жасайтын кез келгенін қадап айтты. Сонымен қатар алдағы уақытта көшелерінде мүлдем жарығы жоқ, болса да әбден тозығы жеткен 8 ауылға да жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінін баяндады.

Сүйінші жаңалық мұнымен тоқтап қалмады. Бұйырса Ақүйік және Қыраш ауылы тұрғындарының көгілдір отын игілігін көрер күн алыс емес. Ол үшін жұмыстар басталып та кетті. Тек белгіленген бағыттан таймай, бөлінген қаржыны тиімді пайдалану қажет. Одан кейінгі аудан басшысының басты мақсаттарының бірі Шалқия мен Құттықожаға көгілдір отын жеткізуде бюджеттен ақша бөлінуіне жұмыс жасап, Төменарық ауылына да газ құбырын тартуды басты жоспар ретінде бекітілгенінен хабардар болдық. Егер осы елдімекенге табиғи газ тартылса, айналасында орналасқан ауыл халқы көмір түсіріп, отын тасудың әлегінен құтылатын болады. Әрине бұл уақыт еншісінде екенін білсек те, аталған жобалардың қалай іске асуы күн тәртібінен түспейтін ең маңызды жұмыс екенін білдік.

Бұдан кейін ауыл тұрғындарының аудан басшысына жеткізсеңіз деп аманатын арқалап келген ақсақалдар ойларын ортаға салып, сауалдарын жолдады. Олардың тарапынан қойылған әр сауалға тұшымды жауап қайтарған әкім сөз барысында елге қызмет ету жолында Жаңақорғанның жаңа тарихын қалыптастыруда тұрғындар ойымен санасу маңызды екенін атап өтті.

Мәселен, Ақүйіктен келген тұрғын жайылымдық жер мәселесін көтерді. Аудан басшысы бұл сауал тек заң аясында шешілетінін, соған қарамастан халық жағында болатынын жеткізді. Байкенжелік тұрғын ескі мектептің жағдайына тоқталып, бір партада үш  оқушыдан отыратын айтқанда Мұрат Жолкелдіұлы бұдан хабардар екенін, оны жоғары тарапқа жеткізгенін, алдағы уақытта оң шешімін тапса, бұл мәселенің де шешілер күні алыс емес екенін айтып қуантты. Ал Жаманбай батыр ауылынан келген тұрғын тоқтап қалған балабақша құрылысы мен желдің кесірінен ауылдық клуб үйінің шатырына зиян келгенінен хабардар етті. Нәтижесінде қатты желден зақымданған ғимараттың шатырын қалпына келтіруде бюджеттен 1 млн 230 мың теңге бөлінгенін, алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілетінін білдік. Қосуйеңкілік тұрғын болса ауылдағы интернет мәселесін көтеріп, қолжетімділік тек ауылдық әкімгершілік уйіне, ауылдық клубқа және мектепке ғана орнатылғанын айтып ашынды. Бұған Мұрат Жолкелдіұлы тиісті сала мамандарымен кездесіп, мәселенің анық қанығына көз жеткізуде жұмыс істейтінін айтты.

Сөз соңында аудан басшысы ақсақалдар алдында кешегі өткен бүкілхалықтық референдумға тұрғындардың толықтай қатысуына атсалысқан ауыл қарияларына алғысын айтты. Әйтсе де біраз қордаланған бірнеше мәселелердің барын, сондықтан тұрғындар тарапынан түскен сауалдар бойынша жұмыс жасауды жауапты мамандарға тапсыратынын нақтылады. Аудандағы бірқатар мәселелер төңірегінде халықпен осылайша ой бөліскен Мұрат Жолкелдіұлы мемлекет басшысы айтқандай әр атқарылған іс артында халықпен кері байланыс орнатудың маңызы зор екенін, осы жолда өздеріңіздей ақ сақалды қариялардың тілегі әр іске демеу екенін жеткізді.


Лаура Бибасарова
14 маусым 2022 ж. 251 0