Жер бетінде мұндай жандар көп емес. Олай болатын себебі, тақыр жерге тал шықпайды дегендей, көрікті мінез, көркем болмысыңмен көштің алдында жүруің үшін ата-баба, зәу-затыңнан жалғасып келе жатқан көшелілік қасиет қажет қой. Ата-бабадан арна тартқан адалдықтың жолы азамат басын тік ұстап, ұсақтамауға ұстын бекітіп берсе, келешек ұрпаққа азық болар мәртебелі аманаттың атасы осы емес пе?
Отыз жасынан басиап - ақ орда бұзып, бүтін бір жанұяның тірегі болумен қатар еңбекте алда, қоғамда бойы озықтығымен көзге түскен, тұтас кеңестік идеологияның тұсаулы тәртібінде шыңдалса да шындығын жоғалтпаған, өз жүрегінің қалауын қарапайым қағидасымен-ақ дәлелдеп, көпке қамқор бала алған азамат – Тұрғанбайұлы Пахритдин туралы еске алғанда бізге осындай ой келді. Ғасырға жуық салтанат құрып келген коммунистік жүйенің көбесі бір күнде сөгіліп, көпшілік сең соққан балықтай сенделіп қайда барарын білмей қалған өлара тұста әр өңірде өзінше жол тауып, батыл байлам, байыпты бағдарымен бүтін елге тіреу бола білген тұлғалы азаматтар болды ғой. Пахритдин аға солардың бірегейі болды десек жаңылыспаймыз.
Ауданға белгілі кәсіпкер болғаны өз алдына, оны ел ағасы деңгейінде алдыға шығарып, бәтуалы тірлік күткен көпшіліктің сенімі де тегін емес болу керек. Араздасқан ағайынға басиелік етіп, өнбес дау қуғанға өрелі сөзбен басу айтып, ылғида бітімге, берекеге жол салып жүру үшін де Құдай өзі пендесіне дуалы ауыз дарытпаса бәрі бекер. Бұл кісі сондай жанның сойынан болды-ау, барған жерінде беті қайтып, меселі жығылып көрмепті. Сыйластыққа сызат түсуіне тамырымен қарсы тақуа жандар мұндайда «әй, бар екенбіз ғой, ел екенбіз ғой» деп ағалық жолдың әруағы артқанын кәдімгідей арқаланып, айбары асып қалушы еді. Қазірде осындай ағалар қатары кеміп бара жатқан жоқ па деген ой келеді.
Арғы атасы Сүлейменнің әділдікті ұстанып, елге билік еткен қадір-қасиеті жөнінде көптің аузында қалған аңыз деректер аз емес. Ұлағат ұшқыны ұрпақ бойына ұрық салып, өніп-өскен сабағының саясы көпке көлеңкесін түсіріп, сауапқа кенеліп жатса одан артық нығмет бар ма?
Жастай ілім-білімге құштар болып, қатарынан көш бойы озық оқып, мектепті үздік бітірген бозбала КазГу-дің қазақ тілі, әдебиеті факультетіне оқуға түсуге бел буыпты. Өзінен кейін жас үш інісі, бір қарындасы бар. Аналары аурулы болып, алдымен келіншек әкеп бер деп қолқа салыпты бұған. «Кімді аласың?» дегенге келгенде өзімен бір мектепте оқитын, әрі көршінің қызы Ибадатқа көңілі ауып жүргенін айтқан. Бұл қыз да мектепте өте жақсы оқыған, ағалары да шетінен оқымысты, қазірде белгілі Баешовтер болған отбасы ғой. Жүрек пен жүрек ұғысқан жастар қол ұстасып, болашаққа бірге қадам аттауға уәде байласыпты.
Сонымен жас келін босаға аттағанда қайнылары әлі тым жас, мектепке бармаған кезі, қазан-ошақ шаруасымен қоса, диқаншылықпен айналысатын, совхозда күріштік жерінен бөлек кенттің шетінен жеке алған аумаққа тары, жоңышқа, тағы басқа дақылдар егіп, баптаған атасының жанына жалау болу міндетін мойнымен көтере алды. Сол қара шаруаның ауыры үйдің үлкені – Пахритдиннің иығына артылып, қаншама жыл кеңсенің жұмысымен қабат егістің мехнатын да еңсеріп, қабатында мал-жаның бабын жасап, шынашақтайынан қара бейнетті қайыспай көтерген қажырлы жігіттің болашақ карьерасының мазмұны осылай өріліпті.
Тірлікке жараған ұлдарын қолқанат қылып, нешеме жылдар шаруасын жалғаған қажырлы жанның өнегесімен отбасындағы өрімталдар шетінен еңбексүйгіш боп ер жетті.
Пахритдин Тұрғанбайұлының мамандығы мұғалім болғанымен еңбек жолын аудандық комсомол комитетінде бастады. Одан әрі Жаңақорған аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Сексен бесінші жылдары аудан мекемелері мен білім ұялары қыстыгүні қатты отынның жетіспеушілігінен қиыншылық көруіне орай өзімізде көмір сақтайтын қойма салу жоспарланып, осы жұмысты аяққа тік тұрғызу тиянақты іскер маман Пахритдин ағамызға жүктеліпті. Ә дегеннен жұмысты жауапкершілігіне алғанымен алғашқы күннен сен салар да мен салар төрешілдіктің аяқтан тартар тұсауын сезініп, тұралаған тірлікке жан бітіру үшін осы жолға көзді жұмып жеке дәулетін сарп етуге тәуекелге барды. Ел игілігіне атқарылған жұмыс аталмай қалмасына нық сеніммен қорадағы төрт түлігін саудаға салып, талапқа сай келетін базаның құрылысына қолындағы барын төкті. Жұмысқа жалдаған адамдарына үйден ас ұйымдастырып, тәулік бойы кезекке қойды. Нәтижесінде он бес вагон емін-еркін еніп, көмір төгетін қоймаларымен жабдықталған жабық кешен пайдалануға берілді. Мидай далаға қазық қадап, маңдай термен еңсе түзеген енапат иелікті сәл кейін жекешелендіру саясаты келгенде үкімет менікі деп қолынан алып қоя алмады. Сөйтіп, егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап Пахаң жеке кәсіпкер ретінде аудандағы ұжым-мекемелерді, тұрғылықты халықты көмірмен қамтамасыз етуге жан-жақты кірісіп кетті. Ол кезде халықтың жаңа нарықтық саясатқа ден қойып кете алмай, айлық-жалақы, зейнетақы кешіктіріліп беріліп, көпшіліктің әбден қиналып жүрген кезі. Ауыл халқына қара алтынды қарызға беріп, талайды тығырықтан алып шыққан еңбегі елдің есінен шыға қойған жоқ. Сол бір өтпелі, ел жағдайы ауыр шақта қақаған қыстың кезінде отқа жағып отырғанымыздың шеті көріне бастағаннан мазамыз кетіп, «Паха, көмір» деп көмегіне жүгінгенімізде меселемізді жықпай, мәрттік танытқан жақсылығын қалай ұмытайық?
Қандай кәсіп болмасын түпкілікті жолға қойып алған еңбек адамына әрі қарай мүмкіндіктер есік аша берері кәміл. Кәсіпкер аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында құрылыс дүкенін ашуды да жолға қойды, Жаңақорған кентінде тұрғындардың гигиеналық тазалық сұранысын қанағаттандыратын арнайы орынның қажеттігін ескеріп, 2006 жылы 30 орындық «Ақсу» моншасын көп игілігіне пайдалануға берсе, 2010 жылы желтоқсан айында екінші осындай 30 орындық «Қайнар» моншасын іске қосты. Ипподром аймағы жағынан ашылған «Белес» моншасы да осы Пахритдин ағаның іскерлігінің дәлелі. Аталған сауна-моншаға алдын-ала тапсырыс беріп те, қарапайым кезекпен де кіріп, рахметін айтып кетіп жататын көпшілік өз алдына жасы үлкен қариялардың моншаға келіп, тегін жуынып кеттуіне мүмкіндік жасап бергенін де ерекше айтуымыз керек.
Негізінде, Пахритдин ағайдың ел ішінде қайырымдылық қадамдарына кезінде көп куә болдық. Ол алдына жағдай айтып келген жалғызілікті аналардың, күнкөрісі төмен отбасы мүшелеорінің өтініш-тілегін жерге тастаған емес. Қолынан келсе көмектесіп, қабағы салыңқы келген замандастың алдынан жадырап қайтуына жағдай жасады. Осындай қадір-қасиетінен болар, 2016 жылы «Ататүрік» қоғамдық халықаралық қоғамдық бірлестігінің орденімен марапатталды. Туған жер экономикасына қосқан орасан еңбегі ескеріліп, «Ауданның Құрметті азаматы» атағы берілді.
Біздің білетініміз, ол кісі руханиятқа өте жақын кісі болатын. Ол әсіресе төл газетімізге ерекше бүйрегі бұрып, газетте жарияланған мақалалар жөнінде үнемі пікір алмасып отыратын. Бұл өз алдына, ол кісі біздің тұрақты авторымыз да еді. Кез келген тақырыпта көсіліп, терең талдап жазатын мақалаларымен жұртшылықтың сүйіп оқитын жазарманына да айналды.
2020 жылдың маусым айында, көз жұмарынан аз ғана бұрын біздің газетімізге «Ысырапшылдық – исламға жат» деген мақаласы, одан бұрынырақ «Сығанақ – елдіктің нышаны» деген тақырыпта ойтолғауы жарық көрген еді.
Елге нәубет боп келген кешегі пандемия кезінде індеттің қармағына түсіп, қапыда көз жұмған ағамыздың қазасы барлығымыз үшін, ол кісіні сыйлайтын, құрметтейтін, бір жақынындай көріп арқа тұтып жүретін жалпы жұртшылық үшін аса ауыр соққы болды. Жұмыр жердің беті жақсы адамдардан осылай бірте-бірте көз жазып, жарқын бейнелері көмескілене береді екен. Тек, «Орнында бар оңалар» дегендей, тірлікте арттырғаны – соңында қалдырған перзенттері.
Бүгінде Пахритдин және Инабат Тұрғанбаевтар отбасынан өсіпөнген тоғыз ұл-қыз, бәрі де жоғары білім алған, халық қызметінің сансаласында еңбек етіп жүр.
Жетпісінші жылдардан кейін өзінің бау-шарбағымен жабылып, құрылысын бітірген жаңа үйге кірген жылы дүниеге келген ұлына Жаңабек деп ат қойып еді. Бүгінде әке тірлігін қолға алып, бітіре алмай кеткен күрделі жоспарларын осы Жаңабегі әрі қарай жалғастырып келеді. Жас кәсіпкердің жаңа Қазақстан құруға қосар үлесі мол. Тек бір өкініш, осынша бейнетінің зейнетін көре алмай кеткен әкеге деген сағыныштың орны ешқашан толмақ емес.
Баян Үсейінова