№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ертай Бекқұл атында турнир өтті

Ертай Бекқұл атында турнир өтті



Жақында оңтүстіктегі көршіміз Түркістан облысынан жылы хабар жетіп, соған арнайы барып қайтқан едік . Облыс орталығы Түркістан қаласында Журналистер күні қарсаңында пандемия кезінде қайтыс болған журналистерді еске алу мақсатында баспасөз өкілдері арасында арнайы спартакиада ұйымдастырылды.

Осы спартакиада аясында Қазақстанның құрметті журналисі, Мәдениет қайраткері, жерлесіміз, марқұм Ертай Бекқұлды еске алуға арналған тастаяқтан турнир өтті.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңы мен жетпісінші жылдары аудандық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Жаңақорған тынысы») газетінің белсенді тілшілерінің бірі болған Ертай Бекқұл сол кездегі С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университеті журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірді. Жас жігіт жолдамамен облыстық «Қостанай таңы» газетіне арнайы жолдамамен жіберілді. Арада екі жыл өткеннен кейін қарымды қалам, орамды ойымен назарға ілінген жас журналисті сол кездегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов шақырып, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі етіп тағайындады.

Жеті-сегіз жыл арада өткенде газет басшылығы оны Шымкентке ауыстырып, Шымкент облысы бойынша тілші етіп тағайындайды.
Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін бірнеше жыл сол газетте еңбек еткен Ертай Бижігітұлы тоқсаныншы жылдардың бірінші жартысында «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі, кейін «Айқын – Истина» және «Шымкент келбеті», «Жазмыш» газетінің редакторы болып еңбек етті.
Екімыңыншы жылдардың екінші жартысынан бастап, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шақырылып, алғашқыда бөлім меңгерушісі, бір жылдан соң газет редакторының бірінші орынбасары болып зейнетке шыққанша қызмет етті. Оның алыс малшы ауылдар мен егінжайдан, өндіріс ошақтарынан жазған мақалалары мен очерктері, жолжазбаларын оқырман қауым іздеп жүріп оқыды.

Ертай Бекқұлдың ұзақ жылғы еңбегі эая кеткен жоқ. Облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы ақпарат Министрлігі мен Қазақстан Журналистер Одағының «Алғыс хаттары» және «Құрмет грамоталарымен» марапатталды.
«Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атанды.

Ертай Бижігітұлы жастайынан спорт­ты жанына серік етті. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ волейболдан мектеп құрамасын басқарса, аудандық құраманың белсенді ойыншысы болды. Стол теннисінен сол жылдары аудан көлемінде онымен теңесер ойыншы болған жоқ, облыста екі жыл қатарынан екінші орыннан төмен көрсеткіш көрсеткен емес. Шымқалаға келгеннен кейінгі 25-30 жыл көлемінде тастаяққа бет бұрды. Облыс көлемінде баспасөз өкілдері арасында тастаяқтан оны ұтатын журналист бола қойған жоқ. Түркістан Арена төрінде өткен турнирді Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай ашып, Ертай Бекқұлдың шығармашылық өмірі туралы көп мағлұмат берді. Мұнан кейін «Аmanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев сөйлеп кезінде қазақ баспасөзінің дамуына, сөз өнерінің өркен жаюына үлес қосқан қаламгерлерді еске алу турнирінің өтуін құптайтындығын жеткізіп, ойыншыларға сәттілік тіледі. Құрамында үш ойыншысы бар 7 команда өзара бақ сынасты. Тартысты өткен ойында тастаяғын шебер пайдалана білген «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қызметкері Болат Сүлейменов бар қарсыластарын шаң қаптырып, бірінші орынды қанжығасына қыстырды. Екі екінші орынды Нұрғазы Жүнісов пен Мәлік Әлмахан иемденсе, жеңістің үшінші сатысына Қанат Жақашев көтерілді. Турнирдің марапаттау және жабылу рәсімінде Ертай Бекқұлдың жары Алма Смағұлова сөз алды.

– Баршаңызға белгілі, Ертай тек жақсы журналист болып артынан шәкірттер ертіп қана қойған жоқ, шаруадан қолы қалт еткенде спорт нысандарын жағалайтын. Ол бильярдты жақсы ойнайтын. Жыл сайын журналистер арасында өтетін тастаяқ турнирінде үнемі жүлделі оралатын. Бүгін Ертайды еске түсіру мақсатында осы турнирді ұйымдастырушыларға және оның студенттік күннен бірге келе жатқан қарымды қаламгер досы Шойбек Орынбайға алғысым шексіз. Мұның үстіне бірінші жүлдені Ертай жұмыс істеген «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қызметкерінің алуы да маған ерекше қуаныш сыйлады. Баршаларыңыздың отбасыларыңызда береке болуына тілектеспін, – деп сөзін аяқтады.

Иә, осы орайда Хакім Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп айтқанындай, келешек буынның жүрегіне орнықтыру үшін, марқұм жерлесіміз журналист Ертай Бекқұлдың есімін ұлықтап, оның атында турнир өткізген түркістандық баспасөз өкілдерінің мына игі ісіне біз де ризалығымызды білдіріп оралдық.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
04 маусым 2022 ж. 363 0