№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «Жаңақорған тынысының» жанашыры еді

«Жаңақорған тынысының» жанашыры еді

Қазақ журналистикасы тағы да ауыр қазаға ұшырады. Республика оқырмандарына есімі жете таныс, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Респубикасының мәдениет қайраткері, «Оңтүстікке еңбегі сіңген» медалінің иегері, қарымды қаламгер, қара сөздің майталманы, сыныптас досым Ертай Бекқұл ауыр науқастан қайтыс болды. Дос қазасы да төтеннен хабарланды.Ел орнына отырған уақыт. Қалта телефонымның қоңырауы шылдырай жөнелді. Беймезгіл соғылған қоңырау даусынан денем дуу ете қалды. Астанадан қоңырау шалып тұрған іні-дос, белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмаш екен. Дауысы қобалжулы көрінді. Қысқа аман-саулықтан соңғы сөзі төбемнен су құйғандай әсер етті.
– Ереке, Ертай досымыздан айырылып қалдық, жаңа ғана Шымкенттен Шойбек (Шойбек Орынбай – Қазақстан Жазушылар Одағының Тұркістан облысы аймақтық филиалының жетекшісі ) қоңырау шалды. Ота үстінде қайтыс болыпты, – деген Жолтайдың дауысы жарықтана шықты.
– Ереке, өзіңіз білесіз, мына бір әлемді дірілдетіп отырған коронавируспен қайта ауырып, зайыбым Боташтың анасы Дариха апаның да жылдық асына бара алмадық. Әлі де дәрігердің бақылауындамыз, Ере­кеңнің де қазасына бара алмай отырған жайымыз бар. Қайғыларыңызға ортақпын, жақсылап арулап шығарарсыздар, – деген Жолтай әзер қоштасты.
Иә, ол Ертаймен 1974 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне бірге түсіп, бірге оқып, жатақханада бір бөлмеде бес жыл бірге тұрды. Екеуі егіз қозыдай бірге жүрді, достары да ортақ болды. Университет табалдырығынан аттап шығып екеуі екі жаққа жолдама алып, бірі Қостанайға, енді бірі Қызылордаға барып еңбек жолдарын бастады. Сәл қолдары босай қалса бір-бірімен телефон арқылы хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұрды. Бірінің жетістігіне бірі қуанды. 47 жыл бойы байланыстарын үзбеген аға досынан айырылып, соңғы сапарына өз қолымен шығарып сала алмағанына қатты қапаланды.
Ертайдың денесін екі інісі Шымкенттен Қосүйеңкіге алып келді. Коронавирус ауруына байланысты адам аз болсын дегенімен, жанына Ертайды жақын бағалаған қарапайым халық бәрібір келіп жатты. Оңтүстіктен курстас достары Шойбек зайыбы Асхан және Суханберді, зейнетке шыққанша өзі еңбек еткен «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясы ұжымының бір топ азаматтары тәлімгер, аға досымен қоштасуға арнайы келіп, қабіріне топырақ салды. Ертайдың қазасына байланысты оның отбасына көңіл айтып Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтан, Қазақстан Журналистер Одағы, «Оңтүстің Қазақстан», «Сыр бойы», «Шымкент келбеті» газеттері мен Қазақстан Жазушылар Одағы Оңтүстік аймағы филиалы мен «Сыр медиа» ЖШС тараптарынан жеделхаттар түссе, оның курстастарының көңіл айту хатын Шойбек Орынбай табыстады
Беу опасыз жалған десеңші. Осыдан елу жыл бұрын интернаттың бір бөлмесінде тай-құлындай ойнап өсіп, бір мектептің табалдырығынан түлеп ұшқан алты жігіт едік. Соңғы он жылда әуелі Жұмабайды, арада бес жыл салып Тұрсынбекті, енді міне Ертай досты да соңғы сапарға шығарып салдық. Бір бөлмеде мен, Ертай, Сайлаухан, Жұмабай, Тұрсынбек және Айып екі жыл бірге тұрдық. Ертай мен Айып «Бірлік» кеңшарының Қосүйеңкі бөлімшесінен келсе, мен, Сайлаухан мен Жұмабай үшеуіміз Жаңақорғандағы №3 мектеп-интернаттан ауысып келгенбіз. Тұрсынбек болса осы кеңшардың бірінші бөлімшесінің шопаны Жандарбеков Алихан деген шопанның ұлы, орталықта үйі жоқ болғандықтан осы интернатта бұрыннан жатады екен. Кеңшар орталығына орна­ласқан орта мектепте оқимыз. Бай­қай­мын, Ертай , Айып, Сайлаухан, Жұма­бай бесеуміздің осы уақытқа дейін алған біліміміз жергілікті оқушыларға қарағанда мықты екендігі алғашқы күннен-ақ белгілі болды. Біз бесеуміз де жақсы оқыдық. Кейін сабағы нашарлау Тұрсынбек қасында бірге жатқан бізден ұялды ма, әйтеуір бұрынғыдай емес, сабаққа ден қоя бастап алға жылжыды, үздік оқымағанмен бұрынғысынан әлдеқайда тәуір нәтижелерге қол жеткізе бастады. Бесеуміз де активпіз. Мен интернат комитетінің төрағасы, көктемге салым мектеп жанындағы комсомол комитетінің хатшылығына тағайындалсам, Ертай мектеп оқушылар комитетінің төрағасы, Сайлаухан сынып старостасы болып сайландық. Жұмабай әдебиет үйірмесіне тіркеліп Қоржынбай Кемелбеков ағайдың оң қолына айналды.
Біз арманшыл болып өстік. Кешқұрым төсекте жатып алып күнара болашаққа жоспар құрамыз, мамандық таңдаймыз. Бірінен бірі жақсы мамандықты таңдап неше құбыламыз. Сонда Ертай мен Жұмабай ғана біз журналист боламыз деген пікірден айныған емес. Олай деуге оларда негіз бар, олардың жазған мақалалары жергілікті «Коммунизм жолы» (қазіргі «Жаңақорған тынысы») газеті мен Республикалық «Қазақстан пионері» газетінде үзбей жарық көріп тұрады. Кейін білдік қой, Ертайдың тұңғыш мақаласы 1965 жылы төртінші сынып оқып жүргенде сол кездегі аудандық «Өскен өңір» (ол кезде Жақақорған ауданы Шиелі ауданының құрамында болатын) газетінде жарық көріпті. Жұмабай болса 1967 жылдан бастап жаза бастады. Осы екеуіне еліктеп Сайлаухан, Айып үшеуміз де анда-санда кеңшардағы еңбек адамдары туралы мақала жазып жіберетін болдық. Ол мақалалар түгел болмағанымен біразы апта аралап шығып тұрды.
Кейін Ертай мен Жұмабай универ­ситетке түсіп кәсіби журналист болды. Ертай 40 жылға жуық «жегені жантақ» журналистика саласында қалам тарт­ты. Үш жылдан астам Қостанай облыс­тық газетінде еңбек еткен Ертай­дың шығармашылығы көзге түсіп Рес­пуб­ликалық «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетіне шақырылды. Ол әуелде осы газеттің Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау кейін Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі болып жемісті еңбек етті. Газет беттерінде оның жаңадан көзге іліне бастаған еңбек және өнер жұлдыздары туралы және заман талабына орай көпшілікке ой салар көлемді материалдары жарық көрді. Ертай тәуелсіздік жылдары «Ақиқат» – «Истина», «Шымкет келбеті » газеттерінің бас редакторы және өзінің жекменшік «Тылсым дүние» газетінің редакторы, ал соңғы 11 жыл Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып жемісті еңбек етті.
«Жақсының жақсылығын айт мерейі ассын » дейді қазақ даналығы. Ертай да қаламы қарымды елге танымал журналист болды. Сексенінші жылдардың басында оның бір әңгімесі Жазушылар Одағының жас қаламгерлерге жариялаған жабық бәйгесінде бас жүлдені еншілеп, жүлдегер шығармалар жинағына енгенін жақсы білемін. Оның кезінде орталық басылымдарда мемлекет және қоғам қайраткерлері Елеу Көшербаев, Бердібек Сапарбаев пен Кәмшат Дөненбаева, Қырымбек Көшербаевпен жасаған сұх­баттары басшылық тарапынан лайық­ты бағасын алды да. Осы жылдар аралығында ол үш рет облыс әкімінің, екі рет облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы филиалының грамоталарымен марапатталыпты. Мұнан өзге ол 2007 жылы «Қазақстан Республикасының мәде­ниет қайраткері», «Қазақстан респуб­ликасының құрметті журналист» құрметті атақтарымен де марапатталды.
Ертай қайда жүрмесін өзінің жаңа­қорғандық екенін, өзінің тырнақалды туындыларының осы «Жаңақорған тыны­сы» газеті бетінде жарияланғанын мақ­танышпен айтып отыратын. Біздің газеттің жеткен жетістіктеріне шын жүрегімен қуанатын. Ол өмірінің соңына дейін «Жаңақорған тынысын» мен арқылы алдырып оқып өтті. 2003 жылы газеттің 70 жылдығына орай оңтүстік делегациясын басқарып келіп қуанышымызға ортақ­тасқаны бізді қандай абырой биігіне көтергені әлі есте. Ол осы мерейтойдың кейін өтпей қалғанына қатты өкініш білдіріп, жергілікті басшылықтың жолсыздығына налыған еді. Қайтерсің. Бәріне де шүкіршілік жасаймыз. Енді ол ешкімге ренішін білдірмейді. Тек өкініштісі, артында аңырап тоқсанға келген қарт анасы Рыскүл, жан-жары Алма мен бауырлары қалды. Бірі кем дүние... Сенің есіміңді «Жаңақорған тынысының» байырғы оқырмандары ұмытпайды. Жат­қан жерің жайлы, ұйқың тыныш болсын.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері


11 қыркүйек 2021 ж. 460 0