МАС ЖҮРГІЗУШІ ҚОҒАМ ҮШІН ҚАУІПТІ
Жүргізушіге көлік құралын алкогольдік, есірткілік масаң күйде басқаруға тыйым салынатынын Жол жүрісі қағидаларын оқып, танысқан, көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігін алған әрбір азамат білуі тиіс және осы талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету керек.
Көлік құралын басқару барысында Қағиданың жоғарыда аталған талаптарын сақтамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Тек көлікті жүргізушінің өзінің масаң күйде басқарғаны үшін ғана емес, көлік құралын осындай масаң күйдегі адамға басқаруға бергені үшін де дәл осындай жауаптылық көзделген.
Бұрын көлік құралын алкогольді, есірткілік масаң күйде басқарған немесе масаң күйдегі адамға басқаруға берген адамдар үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан сот қаулысы негізінде айырылатын.
Алайда бұл жаза түрінің мас күйінде көлік тізгіндеушілердің санының азаюына ықпалы болмады.
Нәтижесінде заң шығарушы әкімшілік құқық бұзушылықтың бұл түріне қатысты жазаны қатаңдатуға мәжбүр болды.
Сонымен қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енген өзгерістерге сәйкес, көлік құралын масаң күйде басқарған немесе масаң күйдегі адамға басқаруға берген адам бұрынғыдай тек көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айырылып қана қоймай, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Ал көлік құралын тізгіндеуден 7 жыл мерзімге айырылатыны белгіленді.
Ал егер осы адамдар көлік құралын басқару құқығынан айырылғаннан кейін қайтадан масаң күйде көлік тізгіндеген жағдайда ол қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі бойынша 2020 жылғы дейін мұндай адамдар қылмыстық теріс қылық әрекетін жасаған тұлға ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылып, ең ауыр жаза түрі ретінде 90 тәулікке дейін қамаққа алу және көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыру жазасы қосымша қолданылатын.
Қазіргі заңнамаға сәйкес мұндай адамдар көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектелуі немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осылайша Қылмыстық Кодекске тұңғыш рет көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын қолдану туралы норма енгізілді.
Бұл өз кезегінде көлік құралын масаң күйде тізгіндеуге бейім азаматтардың жолын кесіп, олардың тарапынан осы тектес құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шара болып табылады.
Аудандық сотта жақында сотталушы Д.-ға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қаралды.
Аталған азамат осыған дейін көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлға бола тұра, 2022 жылдың 6 наурызы сағат 16.30 шамасында Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылы Ж.Жабаев көшесінің бойында автокөлігін алкогольді масаю күйінде басқарған.
Сот талқылауында сотталушы кінәсін мойындап, сол күні өзі ауылда болған тойда арақ ішкенін, тойдан соң автокөлігін масаң күйде басқарғанын көрсеткен.
Оның бұл әрекеті мас болу фактісін медициналық куәландырудың қорытындысымен, химия-токсикологиялық сараптамасының сарапшының қорытындысымен де бекітілген. Куәландыру азамат Д-ның алкогольді масаюдың орта дәрежесінде болғанын көрсетсе, сараптама нәтижесінде оның қанынан 2,01% (промилл) этил спирті табылған.
Сот үкімімен сотталушы Д. Қылмыстық Кодекстің 346-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жайлы жаза тағайындалды. Ішімдікке құмар жүргізуші Д. енді алты ай жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қаупсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейтін болады және ол өмір бойы көлік құралын басқара алмайды.
Біздің айтқызымыз келгені, әрбір көлік тізгінін қолына алған жүргізуші өзінің ғана емес, басқа да жол жүрісіне қатысушы адамдардың өміріне жауапты екенін терең ұғынып, көлік басқаруда ұқыптылықпен қарап, жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауды, жүргізуші мәдениетін қалыптастыруды жолға қоюы қажет. Себебі Ата Заңымызда да мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы-адам және оның өмірі екені нақты айқындалған.