» » Жол жүрісі үшін қауіпсіз жағдай жасау – әрбір жүргізушінің міндеті

Жол жүрісі үшін қауіпсіз жағдай жасау – әрбір жүргізушінің міндеті


Қазіргі қоғамда кәмелетке толған жастан бастап көлік тізгінін қолына алып, темір тұлпарды тізгіндегісі келетіндердің саны күннен күнге қарыштап артуда.
Көлік құралын басқару күнделікті өмірдің сұранысынан да туындауда. Осы себепті де жас та, кәрі де шамасы келгенше автокөлік сатып алып, көлік тізгіндеп жол жүрісіне қатысушылар санына қосылуда.
Дегенмен әрбір жүргізуші өзінің әрекетімен жол жүрісіне қауіп туғызбайтындай, басқа жол жүрісіне қатысушыларға зиян келтірмейтіндей іс-қимыл жасаса нұр үстіне нұр болар еді.
Ол үшін жүргізушілер Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауы тиіс.
Жол жүрісі қағидаларының талабына сәйкес жүргізушіге алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқаруға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, егер жүргізуші реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсерінде;
сырқат немесе шаршаулы күйде болса да көлік құралын басқаруға тыйым салынатынын білгені дұрыс.
Себебі аталған мән-жайлар жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Сондай- ақ жүргізуші мұндай жағдайда көлік құралын басқаруға қабілетті жағдайда болмайды десек қателеспейміз.
Темір тұлпарды тізгіндегендерге қатысты заң талаптарының бұзылуы ішінде де ең көп орын алатын жағдай- осы жүргізушілердің көлік құралын алкогольді масаң күйде басқаруы.
2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің талабына сәйкес көлік құралын алкогольді масаң күйде басқарған тұлғаға- үш жыл мерзімге көлік құралын басқару түріндегі жаза көзделген болатын.
Аталған жазаның тым жұмсақтығы көлікті мас күйінде басқарушылардың күн санап артуын байқатты.
Осы орайда мемлекет тарапынан жүргізушілердің жауаптылығын күшейту, азаматтардың құқығын қорғау мақсатында заңды қатаңдату қолға алынды.
Тиісінше Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін жауаптылық бөлігінде өзгеріс енгізілді.
Кодекс талабына сәйкес 2020 жылдан бастап аталған жүргізушілер көлік құралын жүргізу құқығынан 7 жыл мерзімге айырылып ғана қоймай, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынатыны белгіленді.
Осы өзгерістер енгізілгеннен кейін көлікті масаң күйінде тізгіндеушілер саны азайғаны қуантады.
Егер 2019 жылы Жаңақорған Аудандық Соты мен көлік құралын алкогольді масаң күйде басқарған 137 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылса;
2020 жылы масаң күйде көлік құралын басқарған 90 жүргізуші қамаққа алына отырып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Ағымдағы жылдың өткен үш айының өзінде мас күйінде көлік басқарған 17 жүргізуші сот қаулысымен әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылдың осы тектес мерзімімен салыстырғанда көңіл қуантарлық.
Себебі өткен жылдың алғашқы үш айында мұндай 38 жүргізуші 15 тәулікке қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған болатын.
Жоғарыда аталған көрсеткіштерден көлікті масаң күйде тізгіндеуге құмар жандардың санының жыл сайын азайып келе жатқанын, заңға енгізілген өзгерістердің оң нәтижесін бергенін байқауға болады.
Жүргізушілердің жауаптылығын күшейту мақсатында Заңға енгізілген өзгерістердің бірі- ол көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза.
Аталған жаза қандай заң негізінде және кімге қолданылады десеңіз?
Жоғарыда аталған көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлға алкогольді масаң күйде көлік құралын басқарған жағдайда ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатады. Ол үшін Кодексте 5 жыл мерзімге дейінгі бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы белгіленді.
Ал аталған жүргізуші көлікті масаң күйде басқарғанымен қатар, бөтеннің мүлкін бүлдіруге немесе жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқса 4 жылдан 6 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырыла отырып, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
Жаңақорған аудандық сотымен ағымдағы жылдың 3 айында осындай екі жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылған.
Олардың екеуі де бұрын алкогольді масаң күйде көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін көлік басқару құқығынан айырылған тұлғалар.
Алайда осы мән-жайлардан нәтиже шығармай, қайтадан көлікті масаң күйде басқарған.
Нәтижесінде сот үкімімен сотталушы М. Көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлға бола тұра алкогольді масаң күйде көлік басқарғаны үшін Қылмыстық Кодекстің 346-бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Келесі сотталушы К. Осыған дейін бірнеше рет Мас күйінде көлік басқарғаны үшін көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлға бола тұра қайтадан мас күйінде көлік тізгіндеп, бөтеннің мүлкін бүлдіруге әкеп соққан. Сот үкімімен бұл сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза белгіленді.
P.S. Жоғарыда аталған мән-жайлардың барлығы осы тектес құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралары болып табылады.
Дегенмен әрбір жүргізуші көлік тізгінін қолына алмас бұрын өзінің ғана емес, басқа да жол жүрісіне қатысушылар алдындағы жауапкершілігін ескере отырып әрекет етсе жол қауіпсіздігі ережелері сақталып, түрлі келеңсіз жағдай орын алмас еді.
Ата Заңымызда да мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы - адам және оның өмірі екені бекітілгендіктен, әрбір жүргізуші осы жауапкершілікті естен шығармағаны абзал.

Алия ТУБЕКБАЕВА,
Жаңақорған аудандық сотының төрағасы
30 наурыз 2021 ж. 427 0