Мал ұрлығы үшін жаза қатаң
Сыр мен қырдың бойын қоныстанған ауылдардың негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығы. Төрт түлігін төлдетіп, жыл он екі ай нәпақасын айырып, тіршілігін түзеп жүрген тұрғындар үшін барымташылық үлкен мәселе. Дегенмен, шаруалардың дені ірі қара мен жылқысын тау мен тоғай асырып, сонда бағуды жөн көреді. Оған бірден-бір себеп – ауданда мал жайылымының аздығы. Мал ұрлығының жиілеуінен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, олардың меншік құқығының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жазаны қатаңдатуды тапсырды.
2019 жылдың 27 желтоқсанында Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Аталған Заңға сәйкес ҚР ҚК-нің 188-1 «мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізілді.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны белгілейтін заңнаманың жаңа талабына сәйкес, мал ұрлығы адамдар тобы емес, бір адаммен жасалса, ол мал қораға немесе басқа да қоймаларға кірместен жәбірленушіге айтарлықтай залал келтірмесе сотталушыға ауырлығы орташа қылмыс ретінде мүлкі тәркіленеді. Яғни, 3000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, бас бостандығын айыру жазасы қарастырылған. Бірден айта кету керек, қазір кешірім беру, медиация заңы бұл қылмысқа жүрмейді.
Ал егер мал ұрлығын адамдар тобы алдын ала сөз байласып немесе ірі мөлшерде жасалса ол ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Мал ұрлығы бірнеше рет жасалса, сондай-ақ тұрғын үйдің мал қорасына, қашаға немесе өзге де қоймаларға кіру арқылы жасалған жағдайда да ол ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырады. Егер мал ұрлығын ұйымдасқан қылмыстық топ немесе аса ірі мөлшерде жасалса 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.
Қылмыстық Кодекске мал ұрлығы бойынша жауаптылық көзделген жаңа бап енгізілгелі Жаңақорған аудандық сотында аталған ҚК-нің 188-1 бабымен 2020 жылы 5 адамға қатысты 4 қылмыстық іс, 2021 жылы 9 адамға қатысты 5 қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде 2020 жылы 2 қылмыстық іс бойынша мал ұрлығы орташа ауырлықтағы қылмыс ретінде сотталушылардың жәбірленушілермен татуласып, залалды өтеуіне байланысты тоқтатылса, 2021 жылы орташа ауырлықтағы 1 адамға қатысты 1 қылмыстық іс осы негізде тоқтатылды.
2020 жылы аудандық соттың үкімімен 3 адамға қатысты 2 қылмыстық іс бойынша сотталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалса, 2021 жылы аталған баппен 8 адамға қатысты 4 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылып, барлығы темір торға тоғытылды. Мәселен, Бесарық ауылының тұрғыны сотталушы К есімді азамат ауыл маңындағы жайылымдық жерде жәбірленушінің қойларын бағып жүріп, отар ішінен әрқайсысының құны 15 000 теңгені құрайтын 6 бас қозыларын жымқырып, жәбірленушіге 90 000 теңге мүліктік залал келтірген. ҚК-нің 11-бабының 3-бөлігінің талабына сәйкес сотталушы К.-ның жасаған іс-әрекеті ауырлығы орташа қылмыс болып табылады.
Сот үкімімен жаза тағайындалған іске тоқталсақ. Қызылорда қаласының тұрғындары алдын ала сөз байласып, 2020 жылдың тамыз айы мен желтоқсан айы аралығында бірнеше рет Қожамберді ауылының жайылымдық жерлерінен, егістік алқабынан және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының Шиелі ауданы, Бала би ауылы, «Оқшы Ата» кесенесі тұсында жайылымдық жерлердегі ірі қараны ұрлап кеткен. Ұрылар Қызылорда қаласына барып мал сою пункттеріне өткізіп немесе базарға сату арқылы түскен ақшаны бас пайдаларына жаратқан. Сот талқылауында сотталушылар жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтегенімен, олардың жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігін ескеріп, ҚК-нің 188-1 бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылды. Нәтижесінде 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті.
Мал ұрлығын жасауға төмендегідей бірнеше себеп бар. Біріншіден, бұл малдың өз басымен жайылуы, меншік иелерінің өрістегі малдың сақталуына немқұрайлы қарауы.
Барымташылықтың басым бөлігі малдың қараусыз жайылатын жерлерден кешкі уақытта ұрланатынын көрсеткен. Екіншіден, малды ұстау орындары көп жағдайда жабу құралдарымен жабдықталмаған, бұл қылмыскерлерге мал қорасына кедергісіз енуіне мүмкіндік береді. Үшіншіден, бұл мал иелерінің оларды таңбалау мен сырғалау уақытылы жүргізілмегендіктен, ұрланған малды тануға қиындық туғызады. Сондықтан төрт түлікке міндетті түрде таңба салу қажет,шаруа қожалығы иелерінің үйірдің жетекшілеріне GPS сигнализаторларын алуы құпталады, ол еркін жайылымда жүрген табынның тұрған жерін анықтауға мүмкіндік береді.
Қалай десек те, мал ұрлығы ата кәсіпке айналғаны белгілі. Бірақ соны болдырмаудың, алдын алудың жолын жасау әр сала қызметкерлеріне артылатын жүк. Әсіресе, құқық қорғау қорғау саласына міндет осы.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен мал ұрлығын жасаған адамдарға қатысты жазаны қатаңдату, аталған санаттағы қылмыс санының азайып, атакәсіппен айналысатын ауыл тұрғындарының одан әрі шаруасын дөңгелетіп, меншік құқығының қорғалуына заңмен кепілдік беретінінің айғағы деп санаймыз.
Әлия ТҮБЕКБАЕВА,
аудандық сот төрағасы