№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » МАЛ ҰРЛЫҒЫ ҮШІН ЖАЗА ҚАТАҢ

МАЛ ҰРЛЫҒЫ ҮШІН ЖАЗА ҚАТАҢ


Мал-ауыл халқының  күн көрісі, напахасы, берекесі. Қазақ халқы ежелден төрт түлігін түлетіп, содан ризығын айырып келе жатқан халық.
Халқымыз үшін күн көріс көзі болып табылатын, ақ адал еңбегі, маңдай терімен жинаған малының орны ерекше. Дегенмен біреудің адал еңбегімен жинаған малына көз тігіп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер де жоқ емес.  Мал ұрлығының күннен күнге өршіп, тиылмай тұрғаны бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі десек қателеспейміз.
Осыған орай азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, олардың меншік құқығының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында мал ұрлығы үшін жазаны қатаңдату қажет екенін атап өткен болатын.
Осы негізде 2019 жылдың 27 желтоқсанында Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының  Қылмыстық Кодексіне 188-1 «мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізілді.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны белгілейтін заңнаманың жаңа талабына сәйкес, мал ұрлығы  адамдар тобы емес, бір адаммен мал қораға немесе басқа да қоймаларға кірместен жәбірленушіге айтарлықтай залал келтірмей  жасалған жағдайда сотталушыға ауырлығы орташа  қылмыс ретінде мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, немесе  бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығын айыру  жазасы қарастырылған.
Ал егер  мал ұрлығын адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы- ол ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Мал ұрлығы бірнеше рет жасалса, сондай-ақ тұрғын үйдің мал қорасына, қашаға немесе өзге де қоймаларға кіру арқылы жасалған жағдайда да ол ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Егер мал ұрлығын ұйымдасқан қылмыстық топ жасаса немесе аса ірі мөлшерде жасалса жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.
Мал ұрлығы үшін жазаның қатаңдатылғанына, ол жайлы ақпарат құралдарында жарыса жазып, түсіндірме жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан ауыл халқының ақ адал малын оңай жолмен иемденіп, жымқырғысы келетіндердің азаймауы көңілге қаяу салады.
Қылмыстық Кодекске мал ұрлығы бойынша жауаптылық көзделген жаңа бап енгізілгелі Жаңақорған аудандық сотында аталған Қылмыстық Кодексінің 188-1 бабымен 2020 жылы –5 адамға қатысты 4 қылмыстық іс, 2021 жылы 9 адамға қатысты 5 қылмыстық іс қаралған.
Оның ішінде 2020 жылы 2  қылмыстық іс бойынша мал ұрлығы орташа ауырлықтағы қылмыс ретінде сотталушылардың жәбірленушілермен татуласып, залалды өтеуіне байланысты тоқтатылса, 2021 жылы орташа ауырлықтағы 1 адамға қатысты 1 қылмыстық іс осы негізде тоқтатылған.
Қылмыстық Кодекстің жаңа бабы, яғни мал ұрлығымен 2020 жылы аудандық соттың үкімімен 3 адамға қатысты 2 қылмыстық іс бойынша сотталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
2021 жылы аталған баппен 8 адамға қатысты 4 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылып,  8 сотталушыға  бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
  Мысалы,  Бесарық  ауылының тұрғыны сотталушы К. ауыл маңындағы жайылымдық жерде жәбірленуші М.-ның қойларын бағып жүріп, отар ішінен соңғыға тиесілі әрқайсысының құны 15000 теңгені құрайтын 6 бас қозыларын жымқырып, жәбірленушіге 90000 теңге мүліктік залал келтірген.
Қылмыстық Кодекстің 11-бабының 3-бөлігінің талабына сәйкес сотталушы К.-ның жасаған іс-әрекеті  ауырлығы орташа қылмыс болып табылады.
Қылмыстық Кодекстің 68-бабының 1- бөлігіне сай, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. Сондықтан, сотталушы мен жәбірленуші өзара медиация тәртібімен татуласып, оның залалды өтеуіне  байланысты сотталушы К. ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігі негізінде жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс тоқтатылды.
Сот үкімімен жаза тағайындалған іске тоқталсақ, сотталушылар Қызылорда қаласының тұрғындары Н.,Т., С. адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша 2020 жылдың тамыз айы мен желтоқсан айы аралығында бірнеше рет Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылының жайылымдық жерлерінен, егістік алқабынан және Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының Шиелі ауданы Бала би ауылы «Оқшы Ата» кесенесі тұсында жайылымдық жерлерде жайылып жүрген Жаңақорған, Шиелі аудандарының 12 тұрғынының жалпы  13 бас сиыр малдарын жасырын жымқырып, ұрлап, Қызылорда қаласына барып мал сою пункттеріне өткізіп немесе базарға сату арқылы  түскен ақшаны бас пайдаларына жаратқан.
Сот талқылауында сотталушылар жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық өтеп, жасаған әрекеттеріне өкінетінін білдірген.
Алайда сот олардың жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігін ескеріп,  ҚК-нің 188-1 бабының 3-бөлігінің 1)тармағымен кінәлі деп танып, бес жыл  алты ай мерзімге бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуді белгілеуге жататыны жайлы үкім етті. 
Қылмыстық Кодекстің талабына сәйкес жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
Мал ұрлығы бойынша қаралған қылмыстық істермен аудандық сотпен ауылдық округ әкімдеріне мал ұрлығына жазаның қатаңдатылғаны жайлы ауыл халқының арасында осы санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін жекеше қаулылар қабылданған.
Аудан тұрғындарының тірлігі мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Дегенмен соңғы уақытта мал ұрлығының белең алуы адал еңбекпен күн кешіп отырған халықтың көңіліне қаяу салуда. Жылдар бойы тірнектеп жиған малын оңай, әрі мол олжаға батуды ойлаған ұрылардың   меншігіне беріп қою кімге де оңай тимесі анық.
Алайда ол үшін мал иелері де мал ұрлығының алдын алу мақсатында қырағы болып, малдарының жайылымда иесіз ұзақ мерзім жайылуына жол бермей, уақытылы қадағалап, иелік етсе немесе оларды қарау үшін бақташымен келісіп,  бағуды жолға қойса олардың ұрылардың көзіне түсіп, оңай олжаға  кенелуіне жол бермес еді.   
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен мал ұрлығын жасаған адамдарға қатысты жазаны қатаңдату, аталған санаттағы қылмыстардың санының азайып, атакәсіппен айналысатын ауыл тұрғындарының одан әрі шаруасын дөңгелетіп, меншік құқығының қорғалуына заңмен кепілдік беретінінің айғағы деп санаймыз.  
 Жаңақорған аудандық
сотының төрағасы
  А.Түбекбаева
18 сәуір 2022 ж. 490 0