№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Батыр рухына тағзым

Батыр рухына тағзым


Кешегі майдан даласынан туған өлке топырағына 700-ден аса жаңақорғандық жауынгер оралды. Олардың көбі жаралы болса, еңбекке қабілеттілері тылда тер төгіп, тоқыраудан елді алып шығу үшін еселі еңбек етті. Солардың қатарында Мұратбай Көккөзов те болды. Соғыстан кейінгі жылдары елдің еңсесін тіктеп, ұлт үшін табанынан тік тұрып қызмет қылған майдангерлердің барлығы арамыздан алыстады. Алайда, олардың ерлік істері ел есінен өшпейді, қайта құрмет биігінен табылады. Жақында осындай мақсатта Мұратбай атамыздың есіміне Құттықожа ауылында көше берілді.


Мұратбай Көккөзов 1914 жылы Жайылма топырағында туып-өскен. Осында білім алып, көпбалалы отбасыдан шыққан жас еңбекке ерте араласып, ата-анасына қолғабыс болады. Небәрі 15 жасында серіктестікке жұмысқа жұ­мылып, 1932-1933 жылдары Жайыл­ма колхозында комсомол ұйымының хат­шысы қызметінде атқарады. Сол жылдары халықты ашаршылықтан аман алып қалу үшін уланған бидайды тазалап, елге үлестіруге жұмыс жасағаны туралы «Қызылдар қырғыны» атты кітапта деректер жазылған. 1934 жылы «Бірлік» совхозында сатушы болып қызмет етеді. 1938 жылы Жаңақорған аудандық әскери коммиссиаратынан әскерге шақыртылып, 1939 жылдың 13 наурызында Артериялық полкінде әскери ант қабылдап, 1941 жылдан бас­тап соғыс біткенше майдан даласында оқ пен оттың ортасында жүрді.
Көшенің салтанатты ашылуында Шалқия кентінің әкімі Әбдімәулен Сабырханов сөз алып, жылы лебізін білдірді.

– «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» демекші, кешегі майданда ел үшін, ертеңгі ұрпақ үшін от кешкен батырлар есімі ешқашан өшпейді. Өйткені, артында ізін жалғайтын перзенттері мен көзін көрген, ісінен үлгі алатын жандар жетерлік. Мұратбай қарияның су мұрабы қызметін інілері жалғап, ауылды суландыруды жақсы жұмыс жүргізілуде. Сондықтан ұлы істер көшін бастап, батырлықтың өнегесін көрсеткен бабалар ерлігі ешқашан ел жадынан жойылмайды. Менің де атам майдан даласында болған, бұл бүгінгі ұрпақ үшін үлкен үлгі, отансүйгіштік бұл адамзат үшін ұлы парыз. Ендігі жерде осы көшенің абаттануына, таза болуына ат салысып, ер есімін еске алып тұруға, тағзым жасауға шақырамыз, – деді кент әкімі.

Әкең кетсе де, әкеңнің көзін көрген­дер кетпесін демекші, майдангермен қызметтес болған, ізінен ерген інілері мен бауырлары тілектестік білдірді. Әкім Мансұров, Құнанбай Абжалов, Сәулебек Қалыбаев пен Пахмадин Айнақожаев ізгі ниетін жеткізді.
– Мұратбай көкеміз бала мінезді болды, осы қасиетінің арқасында еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жақсы көрді. Салиқалы ұрпақ қалдыруды насихаттап жүретін, пер­зенттерін ізгілік пен мейірімділікке, имандылыққа баулыды. Иә, бұл өмірде ешкім мәңгілік емес, дегенмен, артынан осындай өшпес өнеге қалдыру үлкен ерлікпен пара-пар. Ал, қызмет жолы бір төбе, елдің есінде қалатын іскерлік қабылетінде ауылға су әкелуде көп қызмет қылды. Мұның барлығы біз бен сіздер үшін еді. Сондықтан, осындай асыл қасиеті үшін соңынан жүрген жандар қастер тұтып, ас беріп жатыр. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, ал, елге еткен еңбектің өтеуі қашанда төрде тұрады. Оның айғағы осы, Жаратқан ағамыздың жатқан жерін жайлы, жанын жәннаттық етсін, – деп Әкім ақсақал көпке тілегін айтты.

Мұратбай майдангер ұрыс даласында №211, 93, 140 Зенит артериялық полкінде болған, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «За победу над Германий» медалімен және өзге де төсбелгілер марапатталған. Елге оралған соң, 1946 жылы Марияш Жүнісовамен отау құрып, 2 ұл, 4 қызды өсіріп, 25 немере сүйді. Зейнетке шыққан соң Құттықожа ауылының көркеюі жолында еңбек етіп, мұрап қызметін атқарды. Бүгінде перзенттерінен 22 шөбере, 1 шөпшек өніп-өсуде. Салтанатты жиында батырдың ұлы Ғани Мұратбаев, қызы Ақжайқын Көккөзова, әулеттің жиені Мәжит ақсақал сөз тізгіндеп, жылы лебізін жеткізді.

– Әкемнің көзін көрген жақын жандардың естелігін естіп, көңіліміз босап жатқаны бар. Иә, әкемнің қандай жан болғаны, ақкөңіл, дархан жүректі, кең пейілді азамат екенін елі біледі. Бүгін сол елі сыйлаған батырдың атына көше беріліп, қуанып жатырмыз. Әкеміз де бір аунап жатқан болар, сондықтан осы істің басы-қасында жүрген жандарға алғыс айтамын, ауылдағы ағайын, ет жақын бауырларыма, тума-туыстарға мың алғыс. Иә, ел үшін еңбек еткен ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды, сондықтан, осы бір құрмет пен тағзым біз үшін үлкен мәртебе, әкеміздің есімі жаңғыра берсін, – деп батырдың қызы көпке рахметін жеткізді.

Көшенің салтанатты ашылу соңында ас беріліп, жауынгер рухына арналып Құран бағышталды.

                                                                                                                                    Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
15 мамыр 2022 ж. 360 0