№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Отансүйгіштік – отбасынан басталады

Отансүйгіштік – отбасынан басталады

Қырық жыл мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген, тәртібі темірдей қатал, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген, бүгінде зейнеткер Ахмет Нақыпов ағаның бұл тақырыпта айтары аз емес. Ұлағатты ұстазды сенбілік сұқбаттың төріне шақырып, бүгінгі күні баршаны толғатып жүрген «Жас буын елдің нағыз патриоты болып өсуі үшін қандай идеология қажет» деген сауалымызды төтесінен қойдық.
– Аға, бір сөзіңізде ұстаз болмағанда әскери қызметкер болар едім дедіңіз. Неге сол мамандықты таңдамадыңыз?
– Мектеп бітірген соң Отан алдын­дағы борышымды өтеу үшін әскерге аттан­дым. Жамбыл облысында әскер қатарында болып, рота, взвод бас­қардым. Әскерде біржола қалып қойсам деген ой болды. Ауылға келдім, әкем қарт, анам науқас. Сол жылдары әкемнің нағашысы Өзбекстанда мектеп директоры еді. Мектептерге алғашқы әскери дайындық пәнінің енгізіліп жатқан кезі болатын. Содан Ташкенттегі Жалпы командалық әскери училищеде «Алғашқы әскери дайындық» пәні мұғалімін дайындайтын курстан өтіп, сол жақта еңбек жолымды бастадым. Бір жыл қызмет жасап, ауданға келдім. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсұт Ибрагимов екен. Мені көріп: «Осы уақытқа дейін қайда жүрсің?», – деп қатты қуанды. «Елім деп келген бала екенсің», – деп маған аудандағы №163 орта мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімдігіне бұйрық берді. Мектеп директоры Сәдірбай Сапарбаевтыңқарамағында 15 жыл қызмет еттім. Одан кейін директор Зоя Өрғараеваның қолында да 15 жыл тәрбиелендім. Басшың мықты болса оқушыға сабақ бере жүріп өзің де тәрбиеленеді екенсің. Бәрін қосқанда, 7 жыл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болсам, одан соң 2011 жылға дейін, яғни зейнетке шыққанша алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бердім. Сонымен қатар аудандық оқу бөлімінде штаттан тыс 36 орта мектеп әскери жетекшілерінің төрағасы болдым. Барлық оқу бағдарламасын жасап, қолдарына таратып отыратын едім. Бізде өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқару бірінші орында тұрды. Ақысы төленбесе де қызметтен қашпадық. Әлі де болса мектептен алыстамай, 43 зейнеткер отбасын 2013 жылдан бері білім бөлімімен бірге жы­лына екі рет 8-наурыз бен қарттар күнінде аралап, жағдайларын сұрап, сый-сияпат жасауға мән беріп отырамыз.
– Сіз сабақ берген уақытта түлектердің әскерге баруға деген ынта-ықыласы қандай еді?
– Ол кезде кез-келген ер баланың әскери қызметкер болуға, әскерге баруға деген ынтасы өте жоғары болды. Елден бұрын өздері сұранып әскерге кететін. Есейе келе өздерін Отан қорғаушымыз деп есептейтіні сүйсіндіретін. Сабағыма қалмай қатысып, 45 минуттың өзінде өздерін еркін ұстап, қару-жарақты шашып-жинауды қалт жібермей қағып алатын.
– Өз шәкірттеріңіздің ішінде әскери азаматтар бар ма?
– Әрине бар. Әскерге барғандардан бөлек, мен сабақ берген оқушымның төр­теуі полковник дәрежесіне дейін көте­рілді. Өкінішке қарай, Ғалымжан Өтжанов пен Аманбек Шүканов деген шәкіртімнің ғұмыры қысқа қайырылды. Бір шәкіртім Петропавл қаласындағы Жоғарғы әскери институтта дәріс беріп, қазір отставкідегі полковник. Бір күні мектеп директоры Жұман Жәнібеков шақырып, менің атыма келген конвертті ұсынды. Конверт ішіне «Қызыл жұлдыз» деген Мәскеуден шығатын әскери газет салыныпты. Бірінші бетіндегі суретте Германияда батальон басқарып, ту ұстап келе жатқан менің Әлмен Нақыпов деген шәкіртінің суреті басылыпты. Маған Германиядан «Жолдас алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстазы! Осындай нағыз ер азаматты тәрбилегеніңізге рахмет!», – деген хат келді. Осыдан-ақ, сол кездегі патриоттық тәрбиенің жемісін көруге болады.
– Бүгінгі жастардың арасында әскерге баруға деген енжарлықтың басымдығына барлығымыз куә болып жүрміз. Сіздіңше, жастардың бойында Отан қорғауға деген құштарлықты, өз елінің патриоты болуды қалай қалыптастыру керек?
– Адам шырылдап дүниеге келген соң алдымен ата-анасының тәрбиесін бойына сіңіріп, одан кейін мектеп пен ортаның тәрбиесіне бейімделіп өседі. Осы үш тәрбие мықты болса – баланың түсінігі де кең болады. Ол ұстаздың тәрбиесіне де тікелей байланысты. «Ұстазың мықты болса – ұстанымың мықты болады», – деген сөз бар қазақта. Сондықтан ұстаздың рөлі басымырақ болады. Ағарту саласында 42 жыл ұстаздық етіп, 12 сыныпты шығарып салдым. Мектеп жасындағы баланың бойына патриотизмді құюға алғашқы әскери дайындық пәнінің де тікелей қатысы бар. Жалпы, алғашқы әскери дайындық пәні 2019 жылдан бері қарай бірде үзіліп, бірде жалғасын тауып келе жатқан пән. Қазір мемлекеттік пәннің есебіне жатады. Жастарды әскери патриоттыққа тәрбиелеп, интернацинализмге баулуда, бұл пәннің рөлі мықты. Патриотизм мазмұнына тереңінен үңілсек ол сала-сала болып бөлініп кете береді. Жалпы, 17 жасында мектеп бітіріп шыққан азамат кәмелетке тоғаннан кейін Отанды қорғауы айнымас міндеті екенін түсініп, соны санасына құйып, соған дайын болып өсуі керек. Ол Ата заңда да бар. Осы күнде менің байқағаным, әскерге шақырылғандардың саны көп болғанымен шын мәнінде әскерге баратындардың саны тым аз. Бұл – тәртіп пен тәрбиенің төмендеп бара жатқанының көрінісі. Менің елім бар-ау, жерім бар-ау, басына күн туғанда Отанымды қорғауым керек дейтін жасты кездестіру мүмкін болмай қалды. Қазіргі оқушылар өз ауданымыздан шыққан батырлардың есімін білмейді.
– «Отанымды қорғауым керек дейтін жасты кездестіру мүмкін болмай қалды», – дедіңіз. Ал, енді осы жастарды қалай әскери өмірге қызықтыруға болады? Ол үшін қандай жұмыстар атқарылғаны дұрыс?
– Ол үшін мектеп қана емес, ата-ана, ұстаз, қоғам, әскери бөлім, өрт сөндіру төтенше жағдай қызметі тұтас қоғам жұмыла жұмыс жасауы керек. Міне, сонда біз әр баланы әскерге шақырып артынан қумайтын боламыз. Бала есі кіргеннен өзінің міндетін түсініп өседі. Бұрын ішкі істер бөлімінен келіп мектептерді командаға бөліп, көшеде жүру, велосипедпен жүру, жаяу жүру ережелерінен сайыстар ұйымдастыратын. Аудандағы әскери бөлім бес күндік шарада оқушыларды әскери жаттығуға шыңдайтын. Төтенше жағдай бойынша да сабақтар өтетін. Олар химиялық қорғану құралын қалай кию, противогазды қалай пайдаланатынын үйрететін. Қазір осының барлығын үйретіп жатқан бірде-бір жан жоқ. Міне осыдан оқушының әскери қызметке деген, Отан қорғауға деген қызығушылығы төмендеп кеткен.
– Мектетен әлі күнге дейін қол үзбеген екенсіз. Бүгінде алғашқы әскери дайындық пәнінің деңгейі қалай?
– Мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің жоғары деңгейде өтуі үшін қару-жарақ керек. Қателеспесем, мектепке соңғы рет 2000 жылдары бір-бір оқу-жаттығу қаруларын берген. Қазір олардың барлығының тозығы жеткен. Бөлшектейін десең оған көнбейді. Осыған аудандық әскери бөлім атсалысып, қамқорлық танытуы қажет. Бұрын мектепте 13 түрлі қару-жарақ болатын. Қазір мұғалімдерде оның бірі де жоқ. Құрал-жабдықсыз бұл сабақ толық деңгейде өтпейді.
– Бүгінгі жастарға айтар ағалық кеңесіңіз...
– Қазіргі оқушының мұғалімді сыйлауы кеміп барады. Жастарға айтарым, үлкендері сыйлаңдар. Отанды сүй. Отанды сүйгенің – отбасын сүйгенің. Тарихты біліңдер. Жалпы Қызылорда облысында 22 батыр бар. Соның екеуі біздің жаңақорғандық Бірі – Әнуар Әбуталипов, соғыс кезінде қыстың күні боранда 47 рет өзеннің арғы бетіне жүзіп өтіп, немістердің тұмсығының астында тұрған қайық пен оқ дәріні алып келіп батырлық жасаған. Екіншісі, төменарықтық Александр Романов. Ол 19 жасында рота басқарған. Бірақ оған батыр атағын дүниеден өткеннен кейін берген. Әбуталипов кешеге дейін өмір сүрді. Ал, Романов 19 жасында соғыста қаза тапқан. Міне, осыны ұмытпаңдар. Осындай көзсіз батырдың ұрпағы екендеріңді естен шығармаңдар...
– Сұқбатыңызға рахмет!
Айсұлу Алданазар
07 мамыр 2022 ж. 423 0