Қойдың қоңы қалай?
Сырды бойлай қоныстанып, құмдағы қыстаудан бой көтерген қойшылар қауымы ақпан аяқталмай тауға бет алды. Алты айдан астам тау етегін паналайтын шопандар көші биыл да мал азығына алаңдаулы. Тауға қар қалың түспегені рас, оның үстіне қыста қайта оралған тұста жем-шөптің бағасы шарықтап тұрады. Былтырғы қуаңшылықтың мехнаты қойшы қауымның қабырғасына аяздай батты, шөпті жылдағы бағадан 3 есе қымбатқа сатып алды. Ол табылса жақсы. Облыста қой басы жөнінде көш бастап тұрған біздің ауданның шопандары қысты әупірімдеп еңсерді, енді ақпанның аязы толық күшін жоймай көштің көбі тауға қоныстанып үлгерді.
Сырттан қарасаң тамаша көрініс, жазық даланы жайпай басып, тауға қарай көш ұзап барады. Бірлік, Қыраш, Қосүйеңкі, Жаманбай батыр және Құттықожа ауылын кесіп өтіп, қарт Қаратауға жол жүрген жолаушылармен тілдесуге мұрша болмады. Көштің өзі арпалыс, таңғы ырзығынан нәр татып, жолға шыққан шопандардың кейбірі түсте дем басса басты, ал түнделетіп қыр асып кете барады...
Ағымдағы жылдың 19 ақпан күні облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев ауданға арнайы іс-сапармен келді. Жиын өткізіп, қой шаруасына байланысты бірнеше мәселе көтерілді. Аудан әкімінің орынбасары Оңал Ержанов, облыстық және аудандық ауылшаруашылығы мен ветеринария саласының мамандары қатысып, талқылау жүргізді. Ауа райының жылынып кету салдарынан қыстаудан көктеуге қоныс аударып жатқан Қаратау етегіндегі бірнеше шопандарды аралап, жай күйлерімен танысты. Жаңақорған кентінде тіркелген «Сыздық-Ата» ЖШС, «Орда», Ақүйік ауылдық округіндегі «Ақсеңгір», «Ынтымақ», Жайылма ауылдық округіндегі «Ақбота-2», «Ғанибет» шаруа қожалығында болып, көктеуге ерте көшу себебін тыңдады.
Оның басты екі себебі бар, бірінші қыстаудағы қоныста мал азығы азайып барады. Жем-шөптің құны аспандап тұр. Екіншіден, мал наурыздан бастап төлдей бастайды. Міне, осындай себептерге байланысты ерте қамдануға әзір.
Негізі биыл қыс жайлы өтті, таудағы ахуал тұрақты болары анық. Ақпанның 20-нан бастап ен даланы бойлай тауға көш түзеген қойшылардың бар тілеуі көктемнің алғашқы күндері қар мен дауыл тұрып кетпесе дейді. 2019 жылы ақпан аумай қойшылар көктеуге ерте кетіп, қалың қардың салдарынан азық таппай, аша тұяқтылар қырылып қалғанын көзбен көрген болатынбыз. Қатты боранда қой ауып, көбі жарты жолда аштан қырылып, пырдай шашылып жатқанын көзімізбен көргенде еңсеміз түскен еді.
Ақпан айының аяғында «бөрісырғақ» деген күнқайыру мен ауа райын болжау танымындағы амал бар. Нақтысын айтқанда, ақпан айының 17-23 аралығында ауа-райы құбылып, жаңбырлы, қарлы болатыны белгілі. Бұл кезде қасқырлар шағылысатын көрінеді. Ал, қасқырлар боранды, жаңбырлы күнді құптайды. Құдды Құдайдың қасқырға берген құты сияқты. Биыл «бөрісырғақ» құбылысы дәл келе қоймады, демек алда бір ызғар бар деген сөз.
Биыл көктеуге наурыз айының екінші жартысында қоныс аудару туралы ескертпе жасалуда. Бір анығы, жаман айтпай жақсы жоқ демекші, ертең мал шығыны бола қалған жағдайда төтенше жағдай жарияланбаса онда мемлекет шығынды өтей алмайды. Малшыларға мал отарларына арналған ықтасын-жабынды мал қоралар мен жем-шөп қорымен қамтамасыз етілу жайы айтылды.
Үздік шопанның бірі Бақытжан Бұлтбаев:
– Қыстан аман-есен шықтық, бірақ оңай болмады. Көтерем болып қыстан шыққан малдан ешқандай пайда болмайды. Аштыққа ұрындырмау үшін амалсыз мал санын барынша азайтуға бекінеміз. Биыл былтырғы қуаңшылық болмаса деп тілеп отырмыз. Басқа салғанын көреміз, – дейді бізбен әңгімесінде.
Осындай ауыр жағдайды билік басындағы тұлғаларға жеткізіп, талай жерде ұсынысын айтып жүрген Алшынбай Тұртанов ағамыз бір сөзінде:
– Бүкіл елде болып жатқан жұртшылықты ушықтырмау үшін, шаруақожалықтарға қолдау беру маңызды. Жыл сайын жем-шөпке деп үлестіретін қаражатты уақытылы берген дұрыс. Былтыр қойшылар көп қиындықты бастан кешті. Енді егінші қауым мал азығына бет бұрса, өйткені күріштен гөрі жем-шөптен түсетін табыс қаншалықты көп екенін былтыр көрді. Тек бағаны тұрақтандырса болғаны, – деді ел ағасы
Иә, диқандар осы бағытта, яғни төрт түлік тұтынатын тауарға басымдық берсе ұтылмайды. Өйткені ауданның шөбіне көрші облыстардан да сұраныс көп. Тағы бір айта кетерлігі, есепке алынбаған мал басын тіркеуді тездету керек-ақ. Мал өсірсең – қой өсір, пайдасы оның көл-көсір деп жүрген шопандардың шаруасы ширап, қоңы дұрыс болса болғаны.
Әлібек ТЕМІРБЕК