№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АҚПАНДА ҚОЙ ШЫҒЫНЫ ОРЫН АЛДЫ

АҚПАНДА ҚОЙ ШЫҒЫНЫ ОРЫН АЛДЫ

Қаратау тауының Құланшы өзені бойындағы Шеңгелді бетке жол талғамайтын көлікпен жүйіткіп келеміз. Тізеден келетін қардан одан өзге көлік түрлері жүре алмайды. Тіпті, қабат келе жатқан «камаз» орта жолда қалды. Қалың қардан тау жотасындағы жолдар көміліп, ешқандай із көрінбейді. Ауа-райы да құбылып тұр. Солтүстіктен соққан жел тұла бойыңды шымырлатып, тамырыңдағы қан қозғалысын күшейтетіндей. Осындайда «Жыл бойы қайда болсаң, онда бол. Белдезерде 1 үйде бол» деген нақыл ойға түседі. Белдезері нақ ақпан айы емес пе? Оның үстіне, біз табиғи құбылыстарды танудан қалдық па? Ақпан айының аяғында «бөрісырғақ» деген күнқайыру мен ауа райын болжау танымындағы амал бар. Нақтысын айтқанда, ақпан айының 17-23 аралығына тура келетін кезде ауа-райы құбылып, жаңбырлы, қарлы болатыны белгілі. Бұл кезде қасқырлар шағылысатын көрінеді. Ал, қасқырлар боранды, жаңбырлы күнді құптайды. Құдды Құдайдың қасқырға берген құты сияқты. Биыл «бөрісырғақ» құбылысы дәл келіп, жауын-шашын жауып арты қарға ұласты. Осы кезде тауға асыққан шопандар табиғи құбылыспен күресуге тура келді. Бірақ, адамның шамасы табиғатқа келе ме? Шаруалар мал шығынына ұшырады.
Біз 100-ден аса қойынан айрылған Алмасбек Ақаділовтың хал-жағдайын білмекке тау-тасты баспалдақ етіп, биікке өңмеңдеп өрмелеп келеміз. Таудың қыр-сырын білетін Ақүйік ауылдық округінің әкімі Әскербек Мұсаев жол бастап, жолшыбай жер атауларымен таныстырып, білгенін айтып-бағуда...
...2019 жылдың 10-ақпанында қырға көшіп келген қойшы бір отар қойының оннан бір бөлігінен айырылып, хабар-ошарсыз кеткен. Бұл тек бір ғана қойшының шығыны.
Иә, Сырды қыстайтын қойшылар жайлауға тым ерте асыққандай. Әдетте, олар ақпан айының соңында, наурыз айының басында Қаратауды бағыттайтын. Биыл жайлауға асығуына қаңтар айы жайма-шуақ танытып, жылынуы себеп болғандай. Тіпті, кейбірі ақпанның төрті мен бесі аралығында көшке қамданса керек-ті. Ерте жайлауға жайғасқан көштің бірлі-жарым қойы болмаса аман-сау жетіпті.
Екінші көш ақпанның онынан кейін жолға шығады. Нақтысын айтқанда, 14 ақпанында таңалакеуімнен Сыр бойынан отарын алдына салған шопандар түнделетіп Құттықожаға келеді. Ентігін басып, ертеңгі жолға қамданып, қойларын азықтандырады. Ертеңіне таңмен таласа Ақүйіктік шопандар да жайлауға сап түзейді. Осылай бір күнде 7-8 шопан Ақтас тауынан асып, Қарасүйір мен Қаратасқа көшеді.
17 ақпан. Үш күндік жолдан кейін қойшылар паналарына қоныстанады. Азықсыз бірнеше үдере көшкен қойлар бұл жолы қалың қарға төтеп бере алмай, тұяғы жеткен жерде құлай бастайды. Енді қайтсін, Сырдан шыққаннан кейін нәр татпаған аша тұяқтылар ақпанның ызғарына шыдай ала ма? Түнімен жауған қар қойларды ақ мамыққа көміп тастайды.
Тірі қалған қойлардың өзі тебендеп жеп жеуге шамасы келмей, қорадан ұзамай алмайды...

ӘКІМДІКТІҢ ҚАРЕКЕТІ
Жайсыз хабар аудан әкімдігіне жетеді. Сала мамандары жағдайды ести сала қарекетке кірісіп, сол күні көмекке бармаққа асығады. Алғашқы күні «НИВА» көлігі жарты жолдан кері қайтты. Өйткені, қар қалың.
20-ақпанда Жаңақорған ауданы әкімдігінен арнайы комиссия құрылып, «Оңтүстік өңірлік аэромобилді жедел құтқару жасағынан» арнайы техникаларды көмекке сұрайды. Оқиға орнына аудан әкімінің өкімімен құрылған жұмысшы топ пен «Оңтүстік өңірлік аэромобилді жедел құтқару жасағынан» 10 қызметкер жолға шықты.
«Бақытжан» шаруа қожалығы төрағасының сөзінше, қар астында қалған уақ малдың саны шамамен 250 бас болса, қар астынан табылғаны 70 бастан асқан. Оқиға орнына барған арнайы топ табылған уақ малдардың құлақтарындағы сырғасын кесіп алып, суретке түсіріп, жинайды. Қалғанын қар ерімей табу мүмкін болмады. «Садуова» шаруа қожалығының иесі Қалмаш Садуованың айтуынша, қар астында қалған уақ мал шамамен елуден аса болса, қар астынан табылғаны жетеу.

БЕЙСЕНБІДЕГІ ҚАРБАЛАС
21 ақпан күні оқиғаны көзбен көру үшін жолға қайта шықтық. Ауданнан жасақталған топпен «камазға» мініп, түс ауа тауға тарттық. Бұл жолы аудандық полиция бөлімінің сақшылары да қатарға қосылды. Аудандық полиция бөлімінің ЖПҚ-ның аға капитаны Марат Исмаилов, аға лейтенант Құдайберген Баубековпен бірге аудандық ауылшаруашылық бөлімінің статист маманы Дәулет Оразбеков көлік ішінде. Жол бастаушы аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Дархан Айдаров. Сондай-ақ, көлік ішінде «Шайық» шаруа қожалығының иесі Машар Шайықов та бар.
Сонымен, екі сағаттан астам уақыт жол жүрдік. Құттықожа ауылынан төрт-бес шақырым асқаннан кейін қар ұшқындары байқалды. Ал, тауға қар қалың түсіпті. Көлік дөңгелігін бойлайтын қардан әзер жүріп келеміз. Қос көлікпен ілесіп шыққан «Газ-66» жем-шөп тиеп алыпты. Осылай жан бақпаса барлық қойынан айрылатынын білген «Садуова» қожалығы бір күн бұрын да азық алып барған-тұғын.
Қырылған қойларды көріп жаға ұстағанымыз рас.Тіпті, кейбір қойдың бойынан әл кеткен. Аяқ аттам жердегі шөпке бару үшін орнынан қозғалуға шамасы жетпейтіндей.

АЛМАСБЕКТІҢ АРПАЛЫСЫ
Бір күн бұрын құтқару тобы Алмасбек Ақаділовтың көлігі жарты жолда қалып, өзі хабарсыз кеткенін мәлімдеді. Содан жедел іздестіру тобы тау-тасты аралап, қойшыны іздеуге кірісті. Бала кезден тау төсінде өзі де қой бағып, қырат-ойпатты жатқа білетін әкім Әскербек Мұсаев орта жолда көліктен түсіп, жаяу жүріп жол іздеді. Жанында аудан әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайдың алдын алу бөлімінің маманы Нұрдәулет Бердібеков пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Елжан Шегебаев және облыстан арнайы келген жасақтың қызметкерлері бар. Топтан қалмай біз де ілесіп келеміз. Тау төбесінде қарақұстардың қарасы көп. Әрбір ықты паналаған қой сол жерде қырыла берген екен. Жемтікке қарық болған құстар бізге жол көрсеткендей болды.
«Алмасбек» деп айғайлап жүріп ақыры қойшы тұрған үйге де келдік. Алайда, өзі жоқ. Үй жылы. От жағылған. Қорада, өзен бойы қойлардың өлекселері көзге ұрды. Аз ғана қой ғана өліммен арпалысып тұрғанын көрдік. Ашыққандары соншалық шеңгел мен жыңғылды жегені былай тұрсын, кейбірі бір-бірінің жүнін жеуге кірісіпті. Көп өтпей-ақ, қойшының өзі оралды.
– Жүзден аса қойымнан айырылдым. Әрине, мұның бәріне өзіміз кінәліміз. Тауға ерте шығып қойыппыз. Әйтеуір өзіміз аманбыз! Бұл жағдай барлығымызға оңай тиіп жатқан жоқ, – деді Алмасбек.
Бізді таңқалдырғаны қалың қар, аязды күні үш шақырымдай жолды адаспай тауып барған қойшының ептілігі еді. Жаяу жүргінші түгілі көлік жете алмайтын асуды бағындырғаны жанкештілігі емес пе? Әйтпесе, тау төбесінде қарақұс пен жотасында қасқырдың жүретінін білеміз...
– Қар астында қалған қойлардың бастары қар ерігеннен кейін комиссия құрамымен қайта саналып есептеледі және бүгінгі күні де екі топ жұмыс жасауда, – деді бас маман Дархан Айдаров.
Хал-жағдайды біліп, азын-аулақ азықты қолына ұстатып, одан әрі Қарасүйірге бет алдық. 1500-ден аса қойы бар «Шайыр» қожалығының ахуалын білмес бұрын жолай отау тіккен тұрғындарды да бағдарлай кеттік. «Айдос», «Жеңіс» және «Ақылбай» шаруа қожалығының шопандарының хал-ахуалын білдік. «Ақылбай» мен «Айдос» қожалығының 10-ға жуық қойы қарға көміліпті. Ал, «Жеңіс» қожалығының қойлары дін-аман екен.
Кеш бата үш отары бар «Шайық» қожалығына да келдік. Барлығы 60-қа жуық қойынан айырылған Машар Шайықов жағдайдың мән-жайын түсірді.
Қазақта «мал бір жұттық» деген бар, сондықтан қандай жағдай болмасын адам шығыны жоғы бізді қуантты. Бір күндік сапарда осыған шүкіршілік етіп, Жаңақорғанға қайта жолға шықтық. Ал, қойшылардың қазіргі бір күні осындай қарбаласта өтіп жатыр. Бір кем дүние...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.



26 ақпан 2019 ж. 1 243 0