» » Телеком неге телміртеді?

Телеком неге телміртеді?


Аудан тұрғындарын алаңдататын мәселенің негізі ауыз су мен аяқ су болса, одан кейінгі орында интернет желісі тұрғаны айтпаса да түсінікті. Әсіресе, ауылдық жерлерде жергілікті жұрт интернет мәселесіне жиі бас қатырады. «Айта айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, кейбір елді мекен бұл мәселені күн тәртібінен түсіретін емес. Кент ішінде де осы проблема толық шешімін таппағаны рас, дегенмен жұмыс жасалынуда.


Шыны керек, қазір барлық жүйе интернетпен байланысты. Оның мүм­кіндігі өте көп. Әлеуметтік, банктік және басқа да тіркеу мен құжат қабылдауда керекті бөлімдердің есігін сығаламай, үйде отырып ала беруге болады. Бірақ, біздің интернетіміздің мүмкіндігі оған толық жетпей жатыр. Мақала басын қуанышты жаңалықпен бастауды жөн көрдік. МАИ бекеті аумағынан бірер күн бұрын «Вееlinе» байланыс операторының 4G-і іске қосылды. Бұл жөнінде аудан әкімдігі­нің цифрлық-технологияларды дамыту және мемлекеттік көрсету қызметтерінің мониторинг бөлімінің басшысы Элмира Жалғасқызы толықтырды.
– Жоғары жылдамдықты интернетке біздің ауданда сұраныс жоғары. Әсіресе шалғайдағы елді мекен тұрғындары ұсыныс-талаптарын жиі айтады. Мо­бильді байланыс желісі болғанымен, интернет жылдамдығы төмен елдіме­кендер де аз емес. Әлбетте, көңіл қуантарлық жаңалықтар бар, жуырда МАИ бекеті ықшам ауданында «КаР-Тел» ЖШС антенна – мачталық діңгекті құру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде 2022 жылдың 23 ақ­пан күні «Belline» ұялы байланыс операторының 4G жылдамдығы іске қосылды. Тұрғындар тарапынан риза­шылық білдірілді. Алдағы уақыт­та ауданның елді мекендерінде (Ак­тив, Билайн, Теле2) ұялы байла­ныс операторларының базалық стан­­ция­ларын орнату және өзге де елді мекендердегі ұялы байланыс опера­­торларының сапасын көтеру жоспарлануда.
– Қандай ауылдар қамтылды?
– Мобильді интернет бойынша биылғы жылы Аққұм (Кейден) және Көктөбеде «Кселл» телеоператоры актив бай­ланысының 3G базалық станциясы, қосымша «Билайн» телеоператорының 3G базалық станциясы орнатылды. Ауылдарда мобильді интернет жыл­дамдығы өте жақсы. Билібай елді мекені бойынша Байкенже ауылдық округіне «Билайн» телеоператорының 3G база­лық станциясы, Манап және Сүттіқұдық ауылдық округтеріне қосымша «Билайн» телеоператорының 3G байланысы іс­ке қосылды. Сүттіқұдық, Манап және Жаңарыққа актив байланысының 2G жылдамдығы 3G-ға, ал Жаманбай батыр, Келінтөбе, Шалхия, Талап ок­ругіне «Билайн» телеоператорының 3G байланыс жылдамдығы 4G-ға көтерілді (апгрейд жасалды). Мо­бильді байланыс мүлдем төмен Ек­піндіде актив телеоператорының 3G базалық станциясын орнату жөнін­де шешім қабылданып, жұмыстар жүргізілді. Төменарықта да билайн телеоператорының байланысын күшейту бойынша да жұмыс жасалды.
– Бұл іске «Қазақтелеком» АҚ-ның қатысы бар ма?
– Жоғарыда айтқандай, бұл жұмыс «КаР-Тел» ЖШС арқылы жасалынуда. Байланыс құралдары арасынан «Теле 2» операторы «Қазақтелеком-ға» қарайды. Мойындау керек, елді мекендер бойынша байланыс жоқ деп айта алмаймыз, дегенмен де тұрғындар сапалы байланыс пен интернеттің болғанын қалайды. Байланыс операторларының сапасын көтеруде құжаттардың рәсімделуі ұзақ мерзімді талап етеді, дегенменде өз шешімін табады деп сеніммен айта аламыз.
Бұл аудан әкімідігінің жасап жатқан жұмысының жемісі. Алдағы жұмыс жоспары, алайда, «Қазақтелеком» АҚ-дан қозғалыс көріп тұрғанымыз шамалы. Сонда бұл мекеме не істейді деген сауал келеді. Жуырда Үкімет отырысында осы компанияға қатысты біраз сын айтылды.
Ауылдық жерлерде 100 адамға шаққандағы тіркелген интернет або­ненттерінің тығыздығы бойынша көрсет­кіші төмен облыстардың құрамында біздің де өңір бар. Тығыздық 100 адамға шаққанда 3-тен 16-ға дейінгі аралықты ғана құрайды. Бұл ауыл халқы сапалы интернет қызметтерін алуда айтарлықтай қиындықтарға тап болып отырғанын, республикадағы қала мен ауыл халқына жасалған жағдайдың тең еместігін көрсетеді екен.
– Саяжай аумағында да интернет мәселесі өте өзекті. Тым құрығанда, Activ, Теле2 операторының байланысын орнатып берсе ғой! – деген Бағила Сейтмұратованың сөзін ипподромдық Досбол Ахметбек те жалғап: «Бізде интернет тұрмақ, ұялы телефонмен байланысқа шығудың өзі қиын. Онлайн сабақ кезінде қиналдық. Балаларды интернет жақсы ұстайтын орталықтағы ағайынның үйіне жіберуге тура келді» – деп шағымданған еді.
Бұл сауал жақын арада шешімін табады, өйткені әкімдік МАИ бекетіндегі мұнараны осы қос аумаққа орнату жоспарда дейді. Бұл қуантарлық жағдай, дегенмен көптің тілеуі Теле 2 мен Активтің интернеті болатын. Барға қанағат етуге тура келеді.
Біз алысқа бармай-ақ, өзімізден үлгі алайық, кейде жұмыста отырып интернеттің әлегін сеземіз. «Майл ру» арқылы сурет жіберу көп уақытты алады. «Жаңақорған желілік телекоммуникациялық цехының» бір мәлімдемесінде Жамбыл мен Сыр өңі­рінің телекоммуникация мекемесінің негізгі орталығы Шымкент шаһарында орналасқан. Сондықтан аудандағы мә­се­лелерді шешу оңай емес көрінеді. Ол үшін бұл мәселені республикалық деңгейде шешудің жолын іздестірген жөн деген еді. Демек, телеком бізді неге телміртіп, жанарымызды жәутеңдетіп қойғанын енді түсінген боларсыздар. Біз сол интернет жырымен әлек бо­лып жүргенде дамушы мен дамыған мемлекеттер одан да жылдамырақ жүйеге көшті. Ол – «5 G».

Бұл 2009 жылы пайда болған 4G-дің ізбасары деуге болады. Бұл жүйе 4G-ден 40 есеге дейін жылдам болады. Мәселен, қолданушы толық метражды фильмді ап-анық күйінде бірнеше секундта-ақ жүктей алады. Сондықтан 5G бізді сапалы видеоларымен, әртүрлі VR-форматтарымен қуантуы әбден мүмкін. Бұл – бизнес үрдісінде жаңа кезеңнің туындауына әсер етпек. Заманауи бизнес әлдеқашан цифрланған, енді оған өнімділіктің жаңа айналымы қажет. Ең бастысы, ақылды қалалардың негізгі дамытушы күшіне айналады. 5G мобильді желілерін енгізу – әлемдік тренд. Бұл өз кезегінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Айта берсек мысал көп...

Біздің айтпағымыз, барлық мәселе интернетке келіп тіреледі. Тіпті, интернет алаяқтар да күннен күнге түрлі тәсл ойлап, қара халықты қанап әлек. Оған тосқауыл қою, жолын кесуді меңгере алуға мүмкіндігіміз жетпей жатыр. Оның себебі түсінікті. Біз мақалада телеком қызметкерлері мен қызметін қаралауға емес, сапасын жақсаруға жұмыс жасаса деген ойда айтып отырмыз. Қалғанын уақыт көрсетеді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
26 ақпан 2022 ж. 479 0