Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бруцеллез туралы не білеміз?

Бруцеллез туралы не білеміз?

Ветеринария ғылыми-тәжірибе журналының 2017 жылғы №2 (50) санында жарияланған мақалада әлем бойынша бруцеллез ауруына тұрғындардың шалдығу көрсеткіші Испания мен Қырғызстаннан кейін өкінішке орай Қазақстан үшінші орында екен.
Бруцеллез – қызбамен, қимыл-қозғалыс аппаратының, жүйке жүйесінің, жүрек-қан тамыр жүйесінің, зәр шығару жүйесінің және т.б жүйелердің зақымдалуымен жүретін инфекциялық ауру. Адам үшін бруцеллез инфекциясының негізгі көзі ұсақ және ірі қара мал болып табылады.Адам ауру малды босандыру, түсік тастау, сою және мал етін өңдеу, жүнін қырқу кезінде, малдың бөлінділерімен ластанған заттарды ұстаған кезде, термиялық өңделуі жеткіліксіз етті, қайнатылмаған сүтті немесе шикі сүттен жасалған сүт өнімдерін (ірімшік, сыр және т.б.) қабылдаған кезде бруцеллезді жұқтырады.
Аурудың алғашқы белгілері — дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, тершеңдік және уланудың жалпы белгілерімен ұласады. Одан әрі қарай қимыл-тірек аппаратының, жүрек-тамыр, жүйке жүйесінің және ағзаның басқа да жүйкелердің зақымдану белгілеріне апарады. Бруцеллез ауруының алдын алу үшін, үйде малды ұстаған кезде, жыл сайын көктемде және күзде оны бруцеллезге тексерту. Малда бруцеллез анықталған жағдайда оның иелері де медициналық мекемелерде толық тексерістен өтуі қажет. Малды сатып алуға, сатуға, сою үшін тапсыруға, тек ветеринарлық дәрігердің рұқсатымен ғана өткізуге болады. Түсік тасталғанда, тұрақтанбайтын төлдер туылғанда, иелері ветеринарлық қызметке міндетті түрде хабарлау қажет. Малды күтіп-ұстау бойынша ұсыныстарды сақтау қажет.Малдың іш тастаған жерлеріндегі (жайылым, қора және т.б.) микробтар адамға, сау малға жұғуы өте жоғары болады. Осындай жерлерге мал иесі жергілікті ветеринар мамандарға хабарлап дезинфекция жасатуға міндетті.
Бруцеллез микробтары ауру малдың зәрі, жыны мен қиы арқылы да үнемі шығуынан мал жайылымдары мен cуаттар, ондағы шөп, топырақ, су, қысқасы, сол аймақтың бәрі де түгел ластануы мүмкін. Кейде тіпті құдық суының өзін қайнатпай ішу де өте қауіпті, себебі ауру малдың зәрі арқылы ластанған топырақ, шаң-тозаңның құдыққа түсуі ғажап емес. Ауру малдың терісі, жүні, түбіті арқылы да бруцелланың жұғуы әбден ықтимал. Сондай-ақ ауру сиырдың, ешкі мен қойдың сүтінде де микробтар өте көп болады. Қоздырғыштар шикі сүттен жасалған тағамдарда: брынза, кілегей, қаймақ, қымыз, май, шұбат, ірімшік, ет, т.б. көп ұялайды. Бруцеллезбен ауырған биені сауу қауіпті және ондай биелердің сүтінен қымыз дайындауға үзілді-кесілді тыйым салынуы керек. Сиыр бруцеллезімен адам сирек ауырады. Ал сиырлардың қой, ешкі бруцеллезін жұқтыруы өте қауіпті. Егер қой, ешкі малының бруцеллезі адамға жұқса бұл өте қатерлі, адамның ұрпақ әкелмеу мүгедектігіне әкеп соғады.
Теңіз тышқанына, ақ тышқанға және қойға жасалған тәжірибелерден бруцеллез қоздырғыштарының теріден де өтетіндігі, ас қорыту жолы арқылы да, тыныс жолдары, адамның көзі арқылы да жұғатыны анықталды. Бруцеллалар адамның организміне тері арқылы, әсіресе дененің терісі сыдырылған, жарылған жерлері арқылы тез жұғады. Көптеген зерттеушілер тіпті олардың жарақаттанбаған сау теріден өтіп барып жұғатындығын да анықтап берді. Қолды жумай тамақ ішу, тіпті ауру мал қорасының ішінде темекі тартудың өзі де қауіпті. Бруцеллезді шаң-топырақ арқылы да жұқтырып алуға болады. Қолға қолғап кимей ауру қойды қырыққанда, сондай-ақ жүн түткенде, тері өңдегенде де жұғады. Ауру мал қораларында немесе оның маңында жалаң аяқ жүруге болмайды. Ауру малдан туған қозы-лақпен ойнаған балалардың да ауруы мүмкін. Адамға бруцеллездің жұғу қаупін тудыратын, негізінен, ауру малдар, олардан алынатын азық-түліктер, шикізат өнімдері. Ауру малдың етін бұзғанда да бруцеллез ауруын жұқтырып алуға болады. Қоздырғыштар ауру малдың бауырында, көк бауырында, желінінде, сүйек майында көп кездеседі. Сондықтан бұл жағдайларды үнемі есте сақтап, тиісті сақтану шараларын қолданып отыру қажет.
Қорыта айтқанда, «сақтансаң, сақтаймын дегендей» дер уақытында ветеринариялық мамандар тарапынан тиісті ветеринариялық іс шаралардың атқарылып, мал иелері тарапынан өз міндеттерін жауапкершілікпен орындаған жағдайда бруцеллезді жеңуге болады.
Қызылорда облысының ветеринария
 басқармасының «Жаңақорған аудандық
ветеринариялық станциясы» КМК
21 желтоқсан 2021 ж. 720 0