№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Келін түсіру қанша тұрады?

Келін түсіру қанша тұрады?


Жақында жолым түсіп Тараз қаласына барып, қайттым. Қайтар пойыздың іші студенттерге толы екен. Жастардың жүрген жері мереке ғой шіркін! Барлығы әзілдесіп, танысып-білісіп жетті. Түсінуімше, көпшілі Батыс Қазақстан мен Қызылорда облысының тумасы. Менің қасымда отырған екі бойжеткенге бір бозбала келіп, «Қай жақтан боласыңдар?» деді. Бойжеткеннің бірі ойланбастан «Жаңақорғаннан» деп жауап берді. Сонда әлгі жігіт «Е, қымбат қыздар екенсіңдер ғой», деп мырс ете қалды. Бұл сөз менің құлағыма түрпідей тиді. Мүмкін қыздардың жерлесім болғаны маған әсер еткен болар. Іштей «қымбаты несі, бұл не сауда?» деген түрлі ой маза бермеді. Ерінбей көрші купеде отырған жігітке барып, айтқан сөзінің мәнін сұрадым.

Алдымен жөн сұрасып жігітпен таныстым. Азамат Қызылорданыкі екен. Айтуынша, қызылордалық жас­тардың арасында жаңақорғандық қыздарды «қымбат қыздар» деген сөз қалыптасыпты. Оған облыстағы өзге аудандармен салыстырғанда біздің ауданда қалың малдың құны қымбат болуы себеп. Бұл – ойландыратын мәселе. Расында, қазіргі уақытта бізде қалың мал қанша? Той жасауға қанша қаражат кетеді деген ой келді.
Иә, «Той – халықтың қазынасы», деп той десе ішкен асымызды қойып, бар жиған-тергенімізді шашатын халықпыз. Бірақ содан кім ұтты, кім ұтылды? Қазақтың тарихын қазақ әдебиетінен артық жеткізген ешкім жоқ шығар. Аңыз-әңгімелерде ертеректегі бай-бағландар отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады дегенді естіп өстік. Алайда әдеби шығармалараға үңілсек мұндай ысырапшылдыққа жол бермей, бәрі ретімен, өз жолымен өткізілді. Мәселен, ХІХ ғасырдың ортасындағы деректерге көз жүгіртсек, «Абай жолында» Абайдың Ділдаға үйленгені жақсы суреттелген. Аты дүркіреген Құнанбайдың баласының тойында ешқандай ысырап жоқ. Екі жақтан тойға қатысқан адамдар саны жүзге де жетпеген. Сол тойға қатысқан адамдар тек қонақ болып қоймай, бірі ән айтып, біреуі би билеп, енді бірі асабалық етіп қызмет атқарған.
Хош. Енді бүгінгінің тойына оралсақ. Әңгіменің әлқиссасын қалың малдан бастайық. Салт-дәстүрге сай жақында ғана келінді болған жеңгеміз қалың малға бір миллион теңге бергенін айтты. Дәстүр болған соң аттап кете алмай, оған қосып өлі-тірісіне бір қой (орта есеппен 45 мың теңге), ірге көреріне бір кілем (қазіргі бағамен ең арзаны 40 мың теңге), әкенің аялы алақанына 200 мың теңге, ана сүтіне 200 мың теңге, құда мен құдағиға құндыз жағалы пальто, тағы оған алтындарын қосыңыз (жобамен 600 мың теңге). Сонымен қатар қызға сырға бар (150 мың). Үй тоғыз, ағайын тоғыз, нағашы тоғыз, достар тоғыз, көрші тоғыз, нан, жеміс-жидек және тәттілер себеті, жиылған әйелдер қауымын таластырып қоятын «шуылдақ» деген дорбасы тағы бар. Бәрін қосқанда бес дорба арада жүретін шүберек пен талан-таражға түсетін тәттілер. Мұның өзіне 100 мың теңгеден көп кетпесе аз болмайды. Майда-шүйдені айтпағанда дәл осы рәсімге шыққан шығын есептеп көрсек 2 млн 335 мың теңгені құрады. Оған келінді үйге әкеліп, беташар жасап, ірі қара сойып, тойханада 400 адамға той жасауды тағы қосыңыз. Сонда ең кемі 5 миллион теңгеңіз болмай, той өткізу мүмкін емес. Осыған қарап қалтасы қалың еместер қалай отбасылы болады деген ойға қаласың. Бұл мәселені көтерген себебім арамыздағы қарияларымыз бен кейуаналарымыз ұрпаққа ұлағатын жеткізіп, мұндай астамшылық пен жөнсіз ысырапқа бір тоқтау жасаса деген ниет.
Иә, мұның бәріне өзіміздің даңға­залығымыз, мақтаншақтығымыз себеп болуда. Өйткені бір жалақысымен күнелтіп отырған отбасылар несие алып, бай-бағландармен жарысқа түсуде. Соның салдарынан ай сайынға кредиттің төлемін төлеуге қиналған жастардың қатары көбейген. Қазір шаңырақ көтерген жастардың үштен бірі ажырасуда. Оның артында шиеленіскен осы әлеуметтік мәселе тұрғаны анық.
Түйін. Әдеби жазбаларға сүйенсек, ХІХ ғасырдың басында ақшасы болмаған жігіттер өзі сүйген бойжеткенге қол жеткізе алмай талай трагедиялар орын алды. Үрімдей қыздарды «бай шалдар» малының көптігін пайдаланып, тоқалдыққа алып жатты. Жастардың болашаққа деген сенімі сөніп, келешегіне күмәнмен қарады. Дәл осылай жөн-жосықсыз салттарды жаңғырта берсекөткен ғасырда орын алған трагедияның қайталанбасына кім кепіл?
Айсұлу АЛДАНАЗАР
05 желтоқсан 2021 ж. 557 0