№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жол апаты неге жиіледі?

Жол апаты неге жиіледі?


Жол апаты. Бұл сөзді кейінгі кезде жиі еститін болдық. Иә, соңғы үш аптада жол-көлік оқиғасынан үш адам өмірден озды. Соңғы жылдары инфрақұрылымды жетілдіру-жолдарды асфальттау, жол белгілерін салу және тағы басқа жұмыстар атқарылуда. Бірақ жол апаты азаймай тұр. Неге? Соның себебін анықтауға тырыстық...


Қазір осы техника тілін түсініп тізгіндегендер тым көп, арасында мектептегі жеткіншек пен жетпіске жеткен қариялар да бар. Әр үйде кем дегенде бір көлік қажетіне жарап тұр. Біз бұған қуанамыз. Қазақ байып жатса қанекей. Бірақ жолда жүру ережесіне келгенде өрескел қателікке бой алдыратынымыз өкінішті. Өзім де күнде рөлде жүргеннен соң жиі тәртіп бұзатындарға тап боламын. Түсінгенім, таңнан кешке дейін ереже сақтамайтындардың басым көбі алпысты алқымдаған аға буын мен нәзік жандылар. Ал, түнгі мезгілде жастар жүгенсіз кетеді. Жүйіткіген көліктер түннің бел ортасына келгенде жаңақорғандық жұрттың мазасын алады. Оған себеп өзара жарысу, жалпақ тілмен айтқанда «адреналин» алады-мыс.
Себеп пен салдар: Жүргізушілер нені ескермейді
Рөлге мас күйде отыру, жылдамдықты асыру, жүргізушілердің жүгенсіздігі, жаяу жүргіншілердің бейқамдығы мен жауапкершілікті сезінбеуі, ескі көліктерден шыққан ақау, апатқа осы жағдайлар басты себеп. Оған кейбір сапасыз жолдар мен жол белгілерінің дұрыс болмауын, ауа райының қолайсыздығын қосыңыз. Соның ішінде, көлікті масаң күйде айдайтындар азаймай тұр. Олардың қатарында орта жастағы аға буынның қарасы көп. Мұндай құқық бұзушылықтың жазасы ауырлатылған, екінші рет ұсталғандар жеті жылға дейін жүргізушілік куәлігінен айрылады. Соған қарамай адамдардың заңсыз әрекеті тыйылар емес. Қарапайым қатардағы жұмысшылар, таксистер, мемлекеттік қызметшілер, қандай саланың болмасын мамандары ережені бұзып, жауапқа тартылып жататынын көз көріп, құлақ естіп жүр. Біз тиісті мамандармен тілдесіп көрдік. Алдымен аудандық прокуратураның мәліметіне тоқталайық.
– Жол апатына ең алдымен жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, содан соң масаң күйде көлік басқаруы, жол қозғалысы ережелерін сақтамауы әсер етеді. Екіншіден, жолдарда ұсақ және ірі қара малдың жол қозғалысына кедергі келтіруі, жаяу жүргіншілердің тиісті жолақпен жүрмеуі және т.б. себеп болады. Үшіншіден, көліктердің техникалық жағдайы мен жолдардың жай-күйі де әсер етеді, – деді аудандық прокуратураның тағылымдамасынан өтуші Мейіржан Тұрғанбекұлы.
608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылса, онда кінәлі жеті жылға автокөлік басқаруды ұмытуына тура келеді. Өйткені ол бұрын да масаң күйде көлік жүргіземін деп ұсталған азамат. Солай бола тұра тағы көлік мініп, тәртіп бұзса, онда ол темір торға тоғытылады. Жалпы бап көп, қылмыстық іс тіркеліп, адам өліміне әкелсе, онда абақтыға апарар жол сол болады.
– 2021 жылы 27 шілдесінде сағат 19.30 шамасында бұрын көлік басқару құқығынан айырылған және жеңіл дәрежедегі масаң Д. есімді азамат автокөлікті Қосүйеңкі ауылы, С.Сариев көшесінің бойымен айдап келе жатып, 5 жасар баланы қағып, жасөспірім жедел-жәрдем көлігінің ішінде қайтыс болды. Аталған оқиға бойынша ҚК-тің 346-бабы 5-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, кінәлі қамауға алынды. Осы орайда атқарылған шараларға тоқталар болсақ, аудан прокуроры Дарын Әбіш 20-27 тамызында кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесулер өткізіп, қылмыстың профилактикасы жөнінде, оның ішінде жол-көлік оқиғаларын азайту, олардың алдын-алу бағытында түсіндірме жүргізді. Оған қоса аудандық прокуратураның бастамасымен аудандық полиция бөлімі бірлесіп, қадағалау аймағында «Сергек жүргізуші» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды, – деді жауапты маман.
Облыстық полиция департаменті ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Марат Рахметов облыс көлеміндегі жағдайды қысқаша баяндады. Оның айтуынша, мұндай апаттар көп тіркеледі және талдау нәтижелеріне сәйкес 20-35 жас аралығындағы азаматтар жол-көлік оқиғаларын жиі жасайтыны анықталған. Әсіресе, қауіпсіздік белдігін тағуды ескермейтіндер, көлікті басқарып келе жатып ұялы телефонмен тілдесетіндер, тағысын тағы себеп көп дейді.
– Қазір жол ережесін бұзған көлік иесі қандай деңгейде мас болды деген заңда ешқандай айырма көрсетілмейді. Ендігі заң бойынша қаннан алкоголь табылса, онда ол бірден ауыр қылмыс санатына жатқызылады, татуласуға мүмкіндік берілмейді, 10 жылға дейін бас бостандығынан және жүргізуші куәлігінен айырылады. Жол-көлік оқиғаларының салдарын төмендету мақсатында қағида талаптарына сәйкес, белдік тақпаған жолаушыларды тасымалдамауға тыйым салынған. Жыл басынан бері облыста аталған тармақты орындамаған 6497 жүргізуші анықталып, тиісті шара көрілді, – дейді М.Рахметов.
Қала көлемінде қоғамдық көліктер де жиі тәртіп бұзатыны анық. Мәселен, Алматы шаһарында мұндай жағдай өте көп. Қызылорда қаласында мамандар 6 ай көлемінде 645 құқық бұзушылық тіркелгенін, оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің 92 ұялы телефон қолдану дерегі анықталғанын алға тартты. Алдағы уақытта да тұрғындар қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан қандайда бір құқық бұзушылық деректері анықталса, нақты дәлелдеме келтіре отырып, құзыретті органдарға немесе 102-ге шағымдануға құқылы екенін ескертеді.
Байқап қарасаңыз, жыл сайын көлік апатына тап болып, адамдардың мерт болу факторлары автокөлік санының өсуімен бірге көбейіп келеді. Аудан көлемінде Мемлекеттік кірістер басқармасында ресми 15 мыңға жуық көлік болса, тіркелмегендер қаншама. Оның басым көбі ресейлік көліктер. Қынжылтатыны, қанша дабыл қағылса да өлім-жітім азаймай тұр. Статистика солай дейді. Жақында Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітімнің үш түрлі себебі қазіргі уақытта кең тарағанын хабарлады. Жыл басынан бері жол апатынан қайтыс болғандардың саны 12 процентке көбейген деген дерек бар.

Аудандағы ахуал қалай?

2019 жылы 10 адам қаза тауып, рекордтық көрсеткішке жеткен едік, биыл одан да асып түстік. Аудандық полиция бөлімі ұсынған мәлімет бойынша талдап шықсақ. 11 ай ішінде аудан көлемінде көлік оқиғасы былтырғы жылмен салыстырғанда 38,5 пайызға артса, жарақат алғандар саны 20 процентті көрсетіп тұр. Ал, қаза болғандар 100 пайызды құрады, былтыр апат салдарынан 6 жолаушы мерт болса, биыл 12-ге жетті. Лайым оқыс оқиға орын алмасын, жаман айтпай жақсы жоқ демекші, жыл аяқталамын дегенше бір айдан астам уақыт бар. Орын алған 36 жағдайдың 28і күндіз тіркелсе, 8-і түнгі мезгілде болған. Оларды да жік-жікке жіліктеп көрейік.
14 жол көлік оқиғасы Шымкент-Самара тас жолының бойында тіркеліпті, барлығы да жеңіл көліктер. 18 жолаушы түрлі жарақат алса, 8-і қайтыс болды. Басты себеп жылдамдықты асыру мен ірі қара мен жылқының салдарынан болады. Мал демекші, кент, ауылдағы ағайынға құлаққағыс болсын, қараусыз қалған төрт аяқтылардың кесірінен қаншама тұрғын зиян шегуде. Оның айыппұлы да бар, бірақ ондай кезде көбісі өз малын аяқ асты танымайтын болып шыға келеді. Ал, кенттегі сиырлардың салдарынан қаншама жайқалған даладағы ағаштар қурады. Бұрындары өріске айдаушы еді, қазіргілер бала сабаққа жібергендей есігінен шығарып жібереді. Егер мал асырай алмаса обалына қалып несі бар дейміз да.
Екінші кезекте, елді мекенде апат жиі болады. 4 тұрғын соның салдарынан бақилық болды, кентте де қақтығыс аз болмайды. Әсіресе, қар жауып, жер мұз болғанда жүргізушілер тақымындағы тұлпарына ие бола алмай қалады. Былайша күндері де қос машинаның майысып тұрғанын көресіз. Полиция бөлімі «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Құқықтық тәртіп», «Мас жүргізуші қылмыскер», «Учаскі» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданып, азаматтардың құқықтық тәрбиесін ұйымдастыруды қамтамасыз етуі тиіс.
Кей жағдайда жол апатына жаяу жүргіншілер кінәлі. Қазақстандағы әрбір үшінші жол-көлік оқиғасы – жаяу жүргіншіні қағып кету. Күрежолдың бойында қаза тапқандардың жартысынан көбі осындай жағдайлардан зардап шеккендер екен. Көбі алып-ұшып, бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан немесе белгіленбеген жерден жолды кесіп өтеді. «Асығу – шайтанның ісі» дегендей, асығыстықтың ақыры қаралы оқиғаға әкеліп соғып жатады. «Ащы суға» сылқия тойып алып, көше кезетін жүргіншілер де жоқ емес. Өкінішке қарай, кейде жол апатына балалар да кінәлі. Кей балалар жол қозғалысы ережелерін білмесе, кейбіреуі біле тұра сақтамайды.
Жол ережесін балалар да білуі керек. Неге, себебі балалардың қауіпсіздігі қашанда өзекті. Мәселен, кәмелетке толмағандардың кінәсінен биыл елімізде 60-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 бала қаза болды, 70 жасөспірім түрлі жарақат алған. Жаңақорғанда биыл екі жас өскін өмірден ерте озды.
– Кейде шұғыл шаруамен аудан орталығына жедел жету үшін кез келген таксиге отырамыз. Сонда байқайтыны­мыз, көп жүргізуші жолаушылардың талабымен санаспайды. Мәселен, бұрылысы көп күре жолдың бойында көлікті өте жоғары жылдамдықпен жүргізеді. Жолаушылардың ескертуін құлағына ілмейді. Оған себеп осы бағытқа қатынайтын такси өте көп. Сондықтан кезек күтуге тура келеді. Тіпті, кезекке таласып, қоғамдық ортада бір-бірінің жағасына жармасып, балағат сөздер айтып жатқандарын көзіміз көріп жүр. Сондықтан кейбір ақшаға құныққан таксилер бір адамды артық алып, екі-үш қатынауға үлгеріп қалғысы келеді. Олар тізгіндеген темір тұлпарын жүйіткітіп, адамның қауіпсіздігін емес, діттеген жеріне жылдам жетуін көздейді, – дейді көпбалалы ана Алтынай.
Жол белгілерінің кейбірі бізде дұрыс емес екені анық, бағдаршам да кейде істен шығады. Асфальт үстіндегі қақпалардың жоғары тұруы да кедергі екені айтпаса да түсінікті. Бейнекамера деген әлі орнатылмады. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев осы мәселе төңірегінде ұсынысын үнемі жолдап, әкімдік жиналысында көтеріп жүргенін көрдік.

Әлемдік тәжірибенің қарапайым қағидасы

Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллионнан астам адам көз жұмады екен. Олардың арасында қаншама бала, жасөспірім бар. Көліктердің кесірінен қаза болғандар саны жөнінен кірісі төмен немесе кірісі орташа елдер алда тұр дейді статистика. Бұдан бөлек, жыл сайын миллиондаған адам жол апаты салдарынан жараланады. Егер жол-көлік оқиғаларын азайтпаса 2030 жылға қарай бұл адам өліміне себеп болатын жетінші көрсеткіш деңгейіне көтерілмек.
Жоғарыда басты қауіптің неден келетінін тарқаттық. Осы орайда шетелдік тәжірибеден ұтымды мысалдар ұсынсақ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жол апатын тыюдың бірден-бір жолы – бейне бақылауды тиімді пайдалану. Алысқа бармай-ақ, Қызылорда қаласын айтайық. Көше бойындағы күндіз-түні істейтін бейне бақылау жүйесі полиция қызметінің бақылауында. Осы арқылы жолдағы келеңсіздіктер саны азайды.
Сондай-ақ, әлемдегі жол сапасы жөнінен алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. Бұл да себепші. АҚШ-та да жол-көлік оқиғалары азаюда. Бұл мемлекеттің барлық штаттарында ұялы телефон ұстап көлік айдауға тыйым салынған. АҚШ-та көлік басқарып отырып ұрсысқан жүргізушілер туралы ақпаратты полицияға жеткізу үшін арнайы телефон нөмірі іске қосылған.
Біз жобалап жүйеледік, қалғаны уақыттың еншісінде, ел аманда мұндай апатты оқиғалардың көбейгені қынжылтады. Бұл тек құқық қорғау қызметкерлерінің міндеті емес, бұл дертпен жаппай күресуіміз керек.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
23 қараша 2021 ж. 495 0