№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бақытты Бақыт

Бақытты Бақыт


«Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» демей ме? Мәдени-танымдық өрісімізді кеңейтуде Бақыт Асылбеков өнімді еңбек етіп жүр.
Бүгінде шәкірттері облыстық, республикалық байқауларда жүлде алып жүрген Бақыт Тілеуханұлы Қожамберді ауылдық клуб үйінде сүйемелдеуші болып еңбек етеді. Онда «Балбұлақ» домбыра және «Қаратау» гитара үйірмесіне жетекшілік етіп, талантты талапкерлердің өнерін шыңдайды.
– Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік универстетінде музыкалық білім алғаннан кейін еңбек жолымды Төменарықтағы клуб үйінде бастадым. Сол жылдары «Достық» ансамблі болатын, соның жетекшісі болдым. Содан бері мәдениет саласында еңбек етіп келемін, – дейді ол.
Оның алғашқы шәкіртінің бірі – Бақдәулет Каренов аудандық гитарашылар байқауында бас жүлдені жеңіп алса, тағы бір шәкірті – Ақтілек Тілеухан аудандық гитарамен ән айту сайысының жеңімпазы атанды.
– Бақыттың кілтін әркім әртүрлі түсінеді. Меніңше, артына із жалғап, ұрпағына адамдықтың, адалдықтың құнын түсіндіріп, елге қызмет етуде бағыт-бағдар беріп, солардың өмір белесіндегі жетістігіне қуанып отыруда, – деп бақыттың сырын бөлісті кейіпкеріміз.
Расында, Бәкеңнің сөзінің жаны бар...
Жұбайы Жұпаркүл Түменбаева дәстүрлі өнерді ұстанған орындаушы. Олардың кіндігінен 6 ұл өсіп-өнсе, олар да өнерден құр алақан емес. 1993 жылғы ұлы Әділет Тілеухан Т.Жүргенов өнер академиясында білім алған, әнші. Шымкент қаласында өткен Республикалық «Дарын» сыйлығының лауреаты.
Ал, 2011 жылғы Нұрислам Тілеухан гитарада шебер ойнайды. Ол биыл Ақтөбе қаласында өткен Табылды Досымов атындағы республикалық «Сәйгүлік» ересектер арасындағы байқауында ауданның намысын қорғап, екінші орынды қанжығасына байласа, тағы бір ұлы – Айдын Тілеухан ауданға белгілі әнші.
– Жалпы, өнер таңдап қонатын бақ. Қанмен келетін қасиет. Содан болар, балаларымыз да туғаннан музыкаға жақын болып өсті. Бірақ мен балаларымның жан-жақты болып жетілгенін қалаймын. Орталарында сыйлы болса, қай салада болмасын Отанына адал қызмет ететін еңбек майталманы болса деймін, – дейді өнерпаз.
Байқағанымыздай, Бақыт Тілеуханұлы ұрпақ тәрбиесін киелі өнерге ғана баулып қоймай, адамгершілік пен ұлтжандылыққа да тәрбиелеуде.
Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, өнерін өміріне серік еткен кейіпкеріміз өнерімен қатар өнегелі отбасының тұтқасы. Оның өмірдегі басты жетістігі – ұлдарына тәлімді тәрбие сіңіргені және шәкірттері ауданның абыройын асырып жүргені.
Айсұлу АЛДАНАЗАР
21 қараша 2021 ж. 415 0