Оператор...
Әлеуметтік желіде рухани-мәдени іс-шараларды жиі көреміз. Телеарналардан көретін арнайы түсірілімдердей әсерлі, жан-жақты сюжетті кім түсіреді дейсіз бе? Жаңақорған ауданындағы мәдени іс-шаралардың түсірілімі Асылхан Палахметовтің төл туындылары деуге болады.
Еңбекқор бұл азаматты 2016 жылдан бері танимын. Ол кезде аудандық ішкі саясат бөлімінде камерасын асынып, қайда бағыт алсақ та қасымыздан табылатын еді. Ойы ұшқыр, ақкөңіл жас жігіттің камерасын арқалап жүретіні, сапалы қызметі тіпті телеарна тілшілеріне де ұнаған болатын. Кейбір жаңалықтар мен бағдарламаларды Асылдың өзі түсіріп, облысқа ұсынатын болды. Міне, осы бір қызметімен бүгінде мәдениет саласына серпін беріп келеді.
– Асыл өз ісіне ұқыпты маман, кез келген ортада тіл табысып, берілген тапсырманы тиянақты орындай алады. Еркелігі болғанымен, өз кәсібіне жанашырлықпен, махаббатпен қарайды. Осы қасиетімен қадірлі, оның шығар шыңы әлі алда, биігі болашақта деп білемін. Ең бастысы, осындай ажыр-қайратын, күш-жігерін, жастық жалынын жасытпай, жетілдіре берсе болғаны, – деді аудандық мәдениет үйінің директоры Зульфия Шалабаева.
Иә, кейіпкеріміздің қызметі әкімдік пен мәдениет саласымен шектеліп қалмады, ол аудандық полиция бөлімімен де тығыз қарым-қатынаста. Осылай әр саланың біліктілігіне шабыт беріп жүрген жастың арманы асқақ, бір қызығы оның бір емес, үш дипломы бар. Үш мамандығы ұқсас болмағанымен, үшеуін де меңгерген.
– Электрик, информатик және музыкалық білімім бар. Ара-тұра өз салама байланысты оқу курстарына қатысып, арнайы сабақтардан дәріс алып тұрамын. Тәжірибемді толықтырып, біліктілігімді арттыру үшін тынымсыз ізденістемін, жарқын жобалардың басы-қасынан табылуға тырысамын. Оған мүмкіншілігім жетеді, оның бәрі өзімнің кәсіби шеберлігімді арттыру үшін.
– Камера тілін түсініп, тіршілік жасағаның қанша жыл болды?
– Тура он жолыпты, алдымен той-томалақтарда жүрдім, кейінен әкімдік жұмыстарына жұмылдық. Бастапқыда қоғамдықпен де қызмет атқардым, қазір Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде 1 мәдени демалыс кешенінің ұйымдастырушысы қызметіндемін. Керемет ортада, шабыттанып жұмыс жасау бір ғанибет.
– Асыл ақкөңіл жігіт дейді, азаматтығы бір басына жетіп артылады.
– Ол айналамдағы адамдардың, жақындардың шынайы бағасы шығар. Менің бар-болмысым әр бейнесюжеттің ішінде, оның өңделуі, түсірілумен қатар халыққа жылы жетуінде. Кейде 5 минуттық көрініс үшін бір-екі сағат, кейде одан да көп уақытты жұмсауға тура келеді. Оның барлығы жүйкеге жүк, бірақ өзім таңдап алған салам болғаннан кейін ынта-ниетіммен, жүрекпен жұмыс жасауға тура келеді. Мәдениет саласына келу сол тойханадағы тіршіліктен басталды. Өнерде жүрген аға буын, оның ішінде Сайрам аға мен Зульфия әпкелерім мені осы бөлімге бүйрегімді бұрғызды.
– Қандай көрініс түсіру қиынға соғады?
– Шынымды айтсам жеке тұлғаларды түсіру қиынның қиыны. Ел алдында жүрген кейіпкерлер кейде камера алдында отырып ойы шашыраңқы болып, сөздерін ұмытып қалып жатады. Сондықтан, көбіне табиғат немесе сахналық образдарды таңбалау оңайлау. Жалпы қолыңдағы техниканың мүмкіншілігі мол болса кез келген ортаны таспаға таңып, керемет дүние туғызуға болады. Дронмен де жұмыс жасауға дағдыландым.
Тіршілігіміз тілшілік сала болғаннан кейін Асыл Ералыұлымен кейде жолымыз түйісіп жатады. Расында, жеке тұлғаны түсіру қиын, оның аурасын өзіміз де сезініп жүрміз. Өзі бірінші қолына камерасын алып, той түсіріп, техника тілін түсінді. Кейін ағаларына жол көрсетіп, бірге кәсіп етуге кіріседі. Міне, жаны жомарт, жайсаң жас жігіттің дара жолы осылай қалыптасып келеді, әркімнің пікірі әрқалай, бірақ біз үшін Асыл осы салада нөмірі бірінші маман. Мақалаға тұздық немесе қыздарға құлаққағыс болсын, Асыл азамат әзірге бойдақ, талапшыл, әрі талантты, жігерлі жігіттің жары болуға аруларда мүмкіндік бар. Ол үйінің сүт кенжесі, екі ұлдан кейінгі бала. Абыройлы азамат бойдақтықпен қоштасудың сәтін күтіп жүр.
Жалпы шығармашыл адамға шабыт келсе шыңдала түседі, ол шабыт қиялдан туып, ойдан ұшқын ұшса, сонда ғана көңілден шығатын туынды дүниеге келеді. Ауданның айшықты ажары, келісті кескін келбеті, нар тұлғалары әлі талай Асылдың туындысында тулап жатады деп сеніммен айта аламыз.
Әли ТЕМІРБЕК