Ұлтаралық татулық –басты құндылық
Жаңақорғанда өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған елді мекеннің бірі – Төменарық. Онда сегіз ұлттың өкілі тату-тәтті тұруда. Ал, олардың рухани-мәдени тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде мәдениет ошағының орны зор. Біз “Төменарық ауылдық клубы” КМҚК директоры Мұратхан Ходжаевты әңгімеге шақырып, тілегі бір, тіршілігі ортақ ұлттардың мәдени өмірге араласуы
жөнінде білдік.
– Біздің ауылда кәріс, шешен, орыс, түрік, неміс, өзбек, татар, беларус ұлтының халқы тұрады. Олардың тұрмыс-салттық мерекелері мен атаулы күндерді ерекше өткізуге мән береміз. Мемлекеттік және ұлттық мерекелерге олар да белсенді қатысады. Әсіресе, біздің ауылдаңы өзге ұлт өкілдері Ұлыстың Ұлы күні – Наурызға ерекше дайындықпен қатысып, ағаш отырғызу жұмысына белсенділік танытады, – деп бастады әңгімесін ол.
Оның сөзінше, клуб үйінде домбыра, ән, би үйірмесі жұмыс істейді. Өзге ұлт өкілдерінің жастары домбыра тартып, үйренуге қызығушылығы жоғары. Сондай-ақ, би үйірмесіне де қатысады.
– Біздің үйірмелерге 4 өзге ұлт өкілінің ұл-қыздары қатысады. Олар көбіне би өнерін таңдайды. Алдағы жылы қолөнер, гитара және көркем сөз өнерін ашу жоспарда бар. Міне, осы үйірмелерге біздің жасөспірімдердің қызығушылығы жоғары. Бұған өзге ұлт өкілінің жастары да қатысады, – дейді Мұратхан Оразбекұлы.
Төменарық аудандағы ең көне әрі ірі елді мекеннің бірі. Сондықтан бұл ауылдың инфрақұрылымын жетілдіруге, яғни жолға асфальт төсеуге, ауыз су сервистік желесін тарту жұмысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ алдағы жылы клуб үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда екен.
Мұндай қамқорлықты мәдениет ұясының қызметкерлері шынайы түсініп, жұмыстарын жүйелей түскен. Оның дәлелі, онда облыстық, аудандық және ауылішілік рухани-мәдени іс-шаралар көптеп өткізілуде.
– Жыл басынан бері 20-ға жуық іс-шара өткізілсе, соның 2-і облыстық, 3-аудандық деңгейде ұйымдастырылды. Біздің жастар да түрлі деңгейдегі байқаулардан жүлдесіз қайтқан емес, – деді клуб үйінің директоры.
Клуб үйінің ауласына көгалдандыру жұмысы жолға қойылып, 300-ден астам ағаш отырғызып, көктеді.
Ұлтаралық татулық пен тұрақтылық үшін сіңірген еңбегі үшін Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және облыс, аудан әкімінің «Алғысымен» марапатталды. Бұл де Мұратбектің қоғамға сіңіріп жатқан еңбегіне берілген шынайы бағасы болса керек-ті.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ