№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

№86 (8797) 29

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Вакцинаның пайдасы қандай?

Вакцинаның пайдасы қандай?


Вакцинаның пайда болғанына 200 жыл болды. Бірақ екпенің пайдасы мен зияны жайында дау әлі біткен жоқ. Әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде өзекті мәселеге айналды. Ендеше вакцинаға қатысты кей мәселелерді қозғап көрсек.

Вакцина деген не?
Вакцина немесе екпе – ауру тудырушы микроағзаның шағын, әлсіз бөлігі. Оның құрамында антиген болады. Антиген адам ағзасына түскенде, қатерлі ауруға қарсы иммунитет түзеді. Сол иммунитеттің арқасында адам ағзасы күшейіп, аурумен күресудің жолын табады.
Вакцина адамға қалай көмектеседі?
Адамға вакцина ретінде белгілі бір аурудың немесе микроорганизмнің ең әлсіз, адам ағзасына қабындыруға шамасы жетпейтін бөлігі ғана енгізіледі. Микроорганизмді антиген деп атауға болады, алайда адамның ағзасына енгізілетін микроағза антигеннің өзі емес, антигенді түзуге көмектесетін бағдарлама. Одан адамның иммун жүйесі зардап шекпейді. Тіпті білмей қалады десек болады.
Кейбір аурудың вакцинасы бір айда не бірнеше аптада екі-үш реттен салынады. Сонда ағза аурудың белгілерін "есте сақтап", індет туғызушы микроағзалармен күресуді үйренеді.
Ал адам ағзасында аурумен күресетін микроағзаны – антиденешік дейді. Антиденешік – иммун жүйесінің маңызды бөлшегі. Аурумен күресетін жауынгер десек болады. Ал вакцинаның міндеті – адам ағзасына антиген жіберу арқылы антиденешік түзу.
Адам ағзасының қасиеті
Адам ағзасының өз-өзін емдей алатын қасиеті бар. Бірақ күш-қуаты жетпегенде, ауру дендейді.
Адам ағзасына түскен кез келгенді ауруды "патоген" деп атауға болады. Патоген – ішкі ағзаны зақымдап, ауру қоздыратын бактерия не вирус, паразит не саңырауқұлақ. Өзіне түскен патогенді жеңу үшін ағза антиденешік түзе бастайды. Егер ағзаға патоген бірінші рет түскен болса, онда ағза антиденешік түзуге ұзақ уақыт жұмсайды. Ауру сондықтан асқынып кетуі мүмкін. Ал вакцина адам ағзасының қатерлі ауруларға күні бұрын дайындайды.
Бір антиденешік, әдетте, бір ауруды ғана жеңуге жарамды. Бірақ екі ауру не патоген бір-біріне ұқсас болса, онда онымен күресе алады. Егер аталмыш патоген ағзаға бір емес, бірнеше рет түсіп, ауру шақырса, онда соғұрлым ағзаның да антиденешігі тез әрекетке көшіп, ауруды бөгеп отырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, адамзат осы күнге дейін менингит, дифтерия, сіреспе, қызылша, полиомиелит сынды аурулардың емін екпемен тапқан. Адамзат азат етілген аурулардың бірі – полиомиелит.
1900 жылдардың басында полиомиелиттен жыл сайын 100 мыңдаған адам қайтыс болған екен. 1950 жылы ауруды қайтаратын екі түрлі вакцина ойлап табылды.
Содан дүниежүзі халқы жаппай егіле бастады. 1980 жылы бүкіләлемдік екпе науқаны басталып, Африкадағы халықтарға баса назар аударылды. Миллиондаған адамға екпе салынды. Африка былтыр ғана бұл аурудан толық арылды, азат етілді. Енді Ауғанстан мен Пәкістан қалды.
Екпе зиян ба?
Қазақстанда вакцинация мәселесін қозғап жүргендердің бірі – дәрігер, профессор, имуннолог Алмаз Шарман. Ғалымның айтуынша, індет боп тараған аурудың жеңудің екі-ақ жолы бар: бірі – ұжымдық иммунитет қалыптастыру, екіншісі – вакцина салдыру.
"Екпе – бұл иммун қорғанысын қадағалау арқылы қалыптастырудың ең тиімді жолы. Вакцинасы саласындағы инновациялармен танысуды, заманауи зерттеу еңбектерін оқып білуді әдетке айналдырғам. Әсіресе, екпенің жасалу технологиясы қызықтырады. Сонда байқағаным – қазіргі вакцина саласының заманауи инновацияларға қол жеткізгені. Технологиялары әртүрлі. "Екпе пайдалы ма әлде жоқ па?" сауалға тек "иә" деп жауап беремін. Әрі менің ойымды ешкім де өзгерте алмайды. Әлемді көп араладым. Қатерлі аурудың екпесі салынбаған қаншама баланың қиналып жатқанын көзіммен көрдім. Сондықтан бірауыздан екпе қажет деймін. Қай вакцинаны алсаңыз да, емі бар. Зиян вакцина жоқ", - дейді Алмаз Шарман.
Дәрігердің айтуынша, екпе салдыру – ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілік.
"Өзіме де, балаларыма да екпе салдырғанмын. COVID-19-дың екпесі шықса, оны да салдырамын", - дейді ғалым.
Ал медицина саласының белсендісі, биолог, медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Қаукенованың айтуынша, вакцинаны ойлап табу мен өндіріске шығару – әлемде ең қатаң қадағаланатын медициналық дүние. Екпені жасау мен өндіруге ондаған жылдық зерттеу мен тәжірибе кетеді.
"Ең алдымен ғалымдар ауруды тоқтатуға көмектесетін биологиялық ағзаларды іздеп, содан вакцина құрамын жасақтайды. Оған 2-4 жыл уақыт кетеді. Содан кейін екпені жасуша мен тінге, зертханадағы жануарларға салып нәтижесі мен салдарын тексереді. Оған 2 жылдай уақыт кетеді. Содан кейін клиникалық зерттеу басталады. Яғни, адамға екпе салып тәжірибе жасайды. Оның өзі 4 фазадан тұрады. Алғашқы фазада 20-80 адамға тәжірибе жасалса, 2-фазада жүздеген адамға, 3-фазада мыңдаған адамға тәжірибе жасайды. Үшінші фазада екпенің жанама әсері тексеріледі, ал 4-фазада вакцинаның зиянды әсеріне толық баға беріледі. Егер зияны бар боп шықса, ДДҰ оны қайтарып жібереді", - деп түсіндірді биолог.
Covid-19-дың вакцинасы
ДДҰ ЕБ Иммундау бөлімінің аға маманы Олег Бенештің айтуынша, коронавирустың вакцинасы әлі клиникалық сынақтан өткен жоқ.
"Қазір әлем ғалымдары коронавирустың 48 екпесін дайындап, клиникалық сынақтан өткізіп жатыр. Бірнешеуі клиникалық зерттеудің соңғы фазасына жетіп қалды", - дейді Бенеш.
Алмаз Шарманның айтуынша, коронавирус пандемиясы 2021 жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін.
"Пандемиядан тез құтылу үшін вакцина науқанын күшейту керек. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанда, инфекцияны жеңеміз. Қазірдің өзінде Қазақстанда белгілі бір деңгейде ұжымдық иммунитеттің қалыптасқаны байқалады. Ал КВИ-дің өзіне келсек, бұл ауру жойылып кетпейді. Екі түрлі инфекцияға айналуы мүмкін: бірі – балаға жұғатын инфекция, екіншісі – тұмау сынды маусымдық ауруға айналуы ықтимал", - дейді профессор.
Ақпарат massaget.kz сайтынан алынды
18 қараша 2021 ж. 369 0