КМF – ауылдағы кәсіпкерлердің қолдаушысы
Шағын және орта бизнес – кез келген мемлекеттің экономикалық дамуының тірегі десек, оны дамытудың тетігін шешу маңызды міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауылдағы бизнесті қолдауда микороқаржылық ұйымдарға басымдық беруді атап айтты. Ал, біздің ауданда қандай қаржылық ұйым бар? Бірден, еске түсетіні KMF микроқаржылық ұйымы. Біз бөлімшенің басшысы Алмат Әбдіманапұлын әңгімеге тартып, бизнесті қаржылай қолдау жолдары жөнінде сұрадық.
– Президент өзінің Жолдауында микроқаржылық ұйымдарға басымдық беруді тапсырды. Мұның сыры неде?
– Мемлекет басшысы: «Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе, ауылға арнап ақша салмайды. Сондықтан микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі» деді. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, елді мекендегі тұрғындармен тікелей жұмыс істеп, олардың кәсібі дамуына мүдделеміз. Біз ауылдағы отбасылық бизнес түрлерін қаржылай қолдайтын ұйымбыз. Біздің ұзақ жылдық тәжірибеміз соны айғақтайды. Міне, Президент осы себепті микроқаржы ұйымдарын ерекше атады.
– Микроқаржы ұйымдары да, екінші деңгейлі банктер де кредит береді. Екеуінің айырмашылығы неде? Негізгі клиенттеріңіз кімдер?
– Дұрыс айтасыз, банк те, микроқаржылық ұйым да тұтынушылық мақсатқа және бизнеске кредит береді, әрі пайыздық мөлшерлемесі де бірдей деуге болады. Дегенмен екеуінің арасындағы айырмашылық мынада: заң тұрғысында, микроқаржылық ұйымдар ең көбі 20 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни 53 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде ғана кредит бере алады. Сол үшін де мұндай ұйымдар «микро» деген атауға ие. Бастысы, клиентке «ыңғайлы» жағын қарастырамыз.Негізінен мал және егін шаруашылығы саласында кәсіп қылушылар, халыққа түрлі қызмет көрсетуші, бөлшек саудамен айналысушы азаматтар кәсібін дамытуға жүгінеді. Яғни азаматтардың іскерлік белсенділігін арттыру арқылы шағын және орта бизнесті қолдап отырмыз.
– Ыңғайлы жағдай жасаймыз дедіңіз. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз?
– Біз клиентпен ақылдасып, оған ыңғайлы жағын қарастырамыз. Мәселен, клиент өтініш берсе, біз оны қайта-қайта аудан орталығына шақырып әуре қылмаймыз. Біздің мамандар арнайы ауылға барып, өтініш берушінің мүмкіндігін саралайды. Клиент тек кредит алатын кезде орталыққа келіп, рәсімдеп, қаржыға қол жеткізеді. Сосын клиент егін егуге немесе малды бордақылауға кредит алса, төлем төлеуді де ыңғайлылық жасаймыз. Мәселен, қыржыны қарбыз егуге алды дейік. Кредит алушы өнімді жинап, өткізгенге дейін үстіндегі пайызын ғана төлеп тұрады. Ал, өткізгеннен кейін негізгі қаржыны екіге бөліп төлеуіне болады.Сондай-ақ, «Достар» деген бағдарлама арқылы бірнеше адам бірігіп, кепілдіксіз 6 миллион теңгеге дейін ала алады. Бір қызығы, кепілдікке достардың адамгершілігі, бір-бірінің алдындағы жауапкершілік қойылады. Осы сияқты шағын және орта бизнесті дамытуға арналған, ерекше шарттармен берілетін микрокредиттер жетерлік. Оларға: «Микро», «МСБ», «Сенім» және тағы да басқасын жатқызуға болады.
– KMF біздің ауданда қашаннан бері қызмет етіп келеді? Мекен-жайларыңыз қандай?
– 1997 жылдан KMF отандық қаржы нарығына келіп, елді мекендегі кәсіпкерлердің қолдаушысы ретінде қызмет етіп келеді. 2009 жылы Жаңақорған ауданында субофис ретінде халыққа қызмет етуді бастаса, 2011 жылы бөлімше ретінде ашылып, 3500 клиентке 1 млрд 8 млн теңгенің қызметін көрсетті. Мекен-жайымыз: Жаңақорған кенті, Аманкелді көшесі №146 үй.
– Қазір әлемнің алпауыт компаниялары онлайн қызмет етуге көшті. Бұл бағытта да ілкімді істер бар болар?
– Әрине, әлемдік өркениет көшінен қалуға болмайды. Әсіресе, карантиндік кезде онлайн қызметке жүгінушілер қатары артты. Осы себепті электронды қызмет жолға қойылды.Онлайн ақша алу, энергияны үнемдейтін тауарларды сатып алуға арналған микрокредит, тұтынушылық мақсаттарға немесе бизнес үшін, жер телімін немесе көлік сатып алуға қолайлы микрокредиттер бар.
Айта кетейік, онлайн ақша алу, энергияны үнемдейтін тауарларды сатып алуға арналған микрокредит, тұтынушылық мақсаттарға немесе бизнес үшін қажетті микрокредиттер туралы kmf. kz сайтынан немесе ұялы телефоннан тегін қоңырау шалуға болатын 7474 номерлі байланыс орталығынан білуге болады.
Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ