№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қыс – сыншы

Қыс – сыншы

Әні-міне дегенінше қыс қаһарына мінеді. Соның белгісі ме, кеше, бүгін ұйытқыған жел даланың топырағын көкке көтеріп, шаң жаптырып тұр. Расында, қыс қыр астында. Биылғы жаздың аптап ыстығы жорамалға сенсек, қыста қақаған аяз болып қайта оралады. Қазір алдағы маусымға дайындық күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Оған дайындықты үдетпесек, опық жеуіміз әбден мүмкін. Сондықтан, қысқа әзірліктің барысын  тиісті мекеме мамандарынан білдік.
Жылу жергілікті құзырлы органның қаулысымен беріледі. «Қызылорда облыс­тық мәслихаты өңірдің жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидатына» сай жылу маусымын жариялайды. Қау­лыда «бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +8 С және сыртқы ауа температурасының күрт төмендеуі туралы болжам болғанда қала және аудан әкімдері тиісті өкіммен жылу маусымының басталғанын жариялайды» делінген. Осы ережені басты назарда ұстап, ауа райын қадағалап, жылу маусымына дайындықты пысықтайтын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолаушылар бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаевтан мән-жайды сұрадық.
– 2021 жылғы 19 мамырдағы аудан әкімінің №96-Ө өкімімен жылу беру маусымына дайындық жұмысын ұйым­дастыру штабы құрылып, маусымныңқалыпты өткізілуін қаматамасыз ету бойынша штаб жұмысының іс-шара жоспары бекітілді. Ауданда әлеуметтік-мәдени маңызы бар 144 мекеме бар. Оның ішінде: білім саласы бойынша – 72, мәдени – 31, денсаулық – 36, спорттық – 5 мекеме жұмыс істейді. Олардың 100-ы қатты отын, 21-і сұйық отын және 23-көгілдір отынымен жылытылады. Жалпы аудан халқына шаққанда газдандыру  38,8 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда ауданға 24900 тонна қатты отын жеткізілді. Бұл жалпы қажеттіліктің толық 100 пайызын құрайды. Оның ішінде: тұрғындар үшін 17000 тонна қатты отын теміржол арқылы, 2000 тоннасы жақын орналасқан аймақтардан әкелінеді. Жылу беру маусымында әлеуметтік ұйымдар бойынша 5900 тонна қатты отын, 841 тонна сұйық отын пайдалану жоспарланды. Жалпы қаралған қаржы – 264,6 млн. Әлеуметтік ұйымдар үшін 3220 тонна қатты отын теміржол арқылы жеткізілсе, 2680 тонна қатты отын және 841 тонна сұйық отын толық қажеттілігі жеке кәсіпкерлермен арадағы екіжақты келісім шарт негізінде ауыр жүк көліктерімен тасымалдануда, – деді сала басшысы.
Оның сөзінше, жылу маусымын қа­лыпты деңгейде өткізу басты бақылауда тұрған мәселе. Бұл ретте, ауданға көмір жеткізудің қиындығы аз емес. Олардың дені темір жол желісі арқылы жеткізіледі. Сондықтан қатты отын тасымалдау ісі жан-жақты ойластырылып, жүйелі атқарылған жұмысты қажет етеді. Ауданда 2 отын қоймасы орналасқан. «Жаңа-Тас» жеке кәсіпкерлігі арқылы босатылып жатқан «Шұбаркөл» маркалы көмірдің тоннасы – 14650 теңге болса, «Тұрғанбаев.Ж» жеке кәсіпкерлігі арқылы босатылып жатқан «Жалын» маркалы көмірдің тоннасы 15000 теңгені құрайды. 2020 жылғы бағамен салыстыратын болсақ, биыл 0,01 пайызға немесе 150 теңгеге қымбаттағанын көруге болады. Жылу беру маусымында халықты қажетті қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында, отын қоймаларында көмірдің бар-жоқтығына күн сайын монитторинг  жүргізілуде. Әлеуметтік шиеленіс жағдай­ларының алдын алу мақсатында, көмірдің сатылу бағасын тұрақтандыру үшін ЖК «Тұрғанбаевпен» келісімге келіп, меморандумға отырды.
Жөн-ақ.  Аудан тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Қазіргі таңда Жаңақорған кентінде пеш жағып, көмір іздейтіндердің қатары күн санап азаюда. Әйтсе де, тұрғындардың көгілдір отынға қарызы уақыт өткен сайын өсіп келеді. Бұл жөнінде «Қазтрансгаз-Аймақ» АҚ шаруашылық бөлімінің басшысы Сұлтан Сәрсенов:
– Қазан айының 15-ші жұлдызынан бастап жылу беру маусымы басталды. Биыл ауданның 95 пайызы, яғни 5717 үй газға қосылған. Былтырғы жылы тұрғындар газға 42 млн теңге  қарыз болатын, жаз бойы жұмыс жүргізіп, бүгінгі 16 млн қарыз қалды. Біздің өңірде төлеу тәртібі бір жүйеге келтірілмеген. Егер тұрғындар ай сайын уақытылы төлем жасаса, қарыз мұншалықты көбейіп кетпес еді. Төлем көлемі 50 мың теңгеден жоғары қарызы бар тұтынушыларға ескерту беріледі. Егер қайта қостырған жағдайда қосымша айыппұл төлейді, – деді.
Сонымен қатар газ мекемесінің басшысы аудан тұрғындарына құлаққағыс ретінде, рұқсатсыз қайта жөндеу жұмыс­тарын жүргізіп, газ қондырғыларын ауыстырған жағдайда тұрғындар оны заңдастырып алуына болатындығын айт­ты. Бастысы есептеуіш құралы зақым­данбауын қадағалау маңызды екен.
Әрине бірнеше жыл болды, көгілдір от жаңақорғандықтар үшін жылылық пен жайлылық көзіне айналды. Алайда табиғи газ ұқыпты және жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Көгілдір отын қайғылы жағдайға әкеп соқтырмас үшін газды қауіпсіз пайдаланудың ережесін «ГазРемМонтаж» ЖШС Жаңақорған фи­лиа­лының директоры Роза Спатаевадан сұрадық:
– Күнделікті тәжірибеге сүйенсек, адам­­дардың барлығы бірдей сақтық шара­ларын сақтай бермейтіндігін кө­руге болады. Табиғи газды пайдалану техникалық қауіпсіздік ережелердің қатаң сақталуын талап етеді. Еліміздің әр аймағында тұтынушылардың газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан түрлі оқыс оқиғалар болып жатқандығын, күнделікті баспасөз құ­ралдары мен телеарналардан көріп, хабардар болып жүрміз. Улы газдан улану жағдайы көбінесе УГОП-16 пешін пайдалану кезінде орын алып жатады. Бұл тұтынушылардың пештің жарамдылық жағдайына аса мән бермеуінен, түтіндіктің тартымдылығын уақтылы тексеріп тұрмағандығынан болады. Біз яғни «ГазРемМонтаж» ЖШС тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Аудан халқы біздің қызметімізге қанықты, жиі хабарласып, өз өтініштерін білдіріп жатады. Газ құбырларын газ пешті және төрт көзін тазалау, газ жабдықтарын жөндеу сынды мәселелер туындаса бізге хабарласады, – деді Роза Спатаева.
Қанша жерден газдандыру жүріп жатқанымен, әлі де қатты отынды пайдаланып жатқан отбасылар аз емес. Әсіресе, ауылдық округтердің барлығы тұтастай қатты отынға тәуелді. Сол себепті де, биыл қатты отынға тапшылық бар ма? Әлде жеткілікті ме? Бұл жөнінде біз жеке кәсіпкер Жаңабек Тұрғанбаевпен тілдестік.
– Қазіргі таңда қоймада сатылымда тұрған көмір қоры «Жалын-Көмір» ЖШС-гі арқылы жеткізілді. Алайда, биыл көмір аздап жеткіліксіз болып тұр. Жан-жаққа хабарласып, тиісті шараларды қолданып жатырмыз. Алдымен қатты отынмен әлеуметтік нысандарды, сосын жеке азаматтарды қамтамасыз етеміз. Биылдыққа жеке тұрғындар үшін көмірдің тоннасы 14000 теңгеден саудаланып жатыр. Әйтеуір, көпшіліктің қалтасына аса қатты салмақ салмайтын бағаны ұстап отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Енді аудандағы білім беру ошағы мен аурухананың жылу маусымына дайындығын сөз етсек. Алдымен аудан­дық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовты сөзге тарттық.
– Аудандағы 42 мектеп, 26 балабақша, 5 мектепке дейінгі ұйым жылумен толық қамтылды. Атап айтсақ, 42 мектептің 8-і газ, 36-ы қатты отынмен жылытылады. Қалған 12 мектеп, атап айтқанда №52, 55, 161, 162, 164, 192, 196, 221, 223, 209, 247, 256 мектебі сұйық отын жағады. Кент орталығындағы 8 мектеп көгілдір отынның игілігін көруде. Ауылдық округ мектептері толықтай көмірмен қамтамассыз етіліп, қоймаларына түсіріп алды. Барлығы дерлік от жағатын жұмысшыларын жұ­мысқа алу, жылыту маусымы басталды, – деді Болат Мақсұтұлы.
Ал, аудандық денсаулық сақтау саласы бойынша Әбілқайыр Сыздықов жауап берді. Ол жылыту маусымына байланысты ешқандай кедергі жоқ екенін мәлімдеді.
Иә, байқағанымыздай барлық жауапты мекемелер жылу маусымына сақадай сай. Отынын түсіріп, мектеп қазандығын тазалап, пеш құбырларының кем-кетігін түзеген. Қалай болғанда да, қыс – салғырттық пен қателікті кешірмейтін қатал сыншы екенін ұмытпайық.
07 қараша 2021 ж. 533 0