№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жүйкеге неге жүк түсті?

Жүйкеге неге жүк түсті?



Қазір адамдардың бәрінің жүйкесі әлсіз. Неге? Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ашушаң. Жасы үлкендердікі түсінуге тұрарлық, ал, жасөспірімдерге не жорық? Болмашы нәрсеге қабағымыз кіржиіп, агрессияға беріліп жатамыз. Бұның себебі неде? Тәрбиеге қатысты ма, әлде басқа себебі бар ма?
Адамның бәрі асығыс. Жұмыстың бәрі қарбалас. Нәпақа табамыз деп сабылған жұрттың шаңырақтағы перзентіне бөлер уақыты аз. Тіптен жұмыс бабымен айлап, жылдап отбасын көрмейтіндер қаншама. Қазақ ғұрпына тән әке мектебін, ана мектебін көрмей, мейірімге зәру ұлдарымыз ержетіп, қыздарымыз бойжетуде. Бірақ, қоршаған ортамен байланыс жоқ. Ата-ананың көзіне бұл қалыпты жағдай болып көріне ме?
Ата-ана баланың, баласы ата-ананың сөзін түсінбей, мәміле жасаудың орнына смартфонмен алдандырып жатады. Ал, оның іші небір дүниелерге толы. Одан пайдалы нәрсені көріп, жақсысын бойына сіңірсе бөлек әңгіме. Интернетте өріп жүрген жас түгіл, жасамыстың жанын түршіктірер сорақылықтарды көрсе, уланған сананы қайта қалпына келтіру оңайға соқпасы анық.
Осындай жағдайлар адам жүйкесіне жүк түсірері анық. Жүйке жүйесі – адам ағзасының қоршаған ортаға бейімделуін реттейтін жүйе. Кез-келген бұзылулар, тамақтанудың жетіспеушілігі, созылмалы улану, күнделікті стресс жағдайларында жүйке ұлпалары нашарлайды. Жүйке жүйесінің әртүрлі аурулары туындайды. Неврологиялық бұзылыстар жас талғамайды, тіптен жатыр ішінде де дамуы ықтимал. Бұл әлемде ең көп таралған аурулардың бірі. Жүйке жүйесіне әсер ететін бұзылулар мен аурулардың саны өте көп. Оларға: эпилепсия, ісіктер, көптеген склероз, диабеттік нейропатиялар және басқа метаболикалық бұзылулар, инфекциялар және т.б ауру жатады.
Жүйкенің әлсіреуіне ересектерде және балаларда не себеп екенін дәрігер-нев-ропотолог Жанна Искендировадан сұрадық.
– Қазіргі қоғамда көбіне экономикалық және экологиялық жағдайлар, бас ауруы және көбіне әйел адамдардағы қан аздығы жүйке жүйесінің әлсіреуіне әкеліп жатады. Көп жағдайда тыныштандыратын, антидепрессанттар беріп, ұзақ уақыт сөйлесуге тырысып, сол жағдайдан шығуына, өз-өзіне көңіл бөлуіне көмектесуге тырысамыз. Ал, балалардың мазасыз болуы тікелей анасына байланысты. Яғни, әйел адам жүкті кезде барынша ашушаң, стреске бой алдырғыш болып келеді. Гемоглобині төмен, кальций жетіспеушілігі іштегі нәрестеге әсер етеді. Cоның салдарынан бала мазасыз, жылай береді, ұйқысы дұрыс емес. Осыған сәйкес қазір орталық нерв жүйесінің зақымдануы деген диагноз көп қойылуда. Cонымен қатар жүйкесінің сыр бере бастағанын сезген адам таза ауада көп жүріп, әйел адам болса шоппинг жасап ойын бөлгені дұрыс, – деп кеңес берді.
2020 жылы дәрігер невропатологтың алдына Жаңақорған кенті бойынша ересектер мен балаларды қосқанда 8219 адам барса, 2021 жылдың қараша айына дейінгі мәлімет бойынша 13362 адам маман көмегіне жүгініпті. Есепте тұратындар саны 713 адамды құрайды. Бұл дегеніміз, жүйкесі шаршаған адамдар жыл өткен сайын көбейіп келе жатыр. Бұған екі жылдан бері белең алаған COVID-19 әсерін қосуға болады. Мамандар жүйкенің әлсіреуі коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың 90 пайызында кездесетінін алға тартуда.
Невропатолог маманға жолығушылардың дені мұғалімдер екен. Баламен жұмыс оңай емес. Балаға барын беретін ардақты ұстаздардың да жүйкесі темірден емес. Ұстаз мәртебесін заңдық тұрғыда бекітіп, педагогтерді ортақ қоғамдық жұмыстан босатқанымен, ата-аналардың көзқарасы өзгерді ме? Көп жағдайда баланың сөзін сөйлейтін ата-аналдар мұғалімдерді қаралауға дайын тұрады. Бұдан бөлек, барлық сала мамандары да невропотолог маманның алдынан өтеді. «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей, олардың көбі сыртқа, жұмыс барысында шаршағандарын байқатпағанымен, отбасына барғанда ашу шығаруы мүмкін.
Психолог Гүлзира Сапарқызымен де тілдесіп оған шағым айтып келетін кімдер және себептері қанадай екенін сұрадық.
– Адамдардың бәрінің басында жағдаяттар болады. Мысалы, бірінде денсаулығы нашар, бірінің материалдық жағдайы төмен және отбасылық мәселелер болады. Осы аталғандардың бәрі жиналып адамның жүйкесінің әлсіреуіне әкеліп соғады. Сөздегі өктемділік, агрессия, депрессия, стресс жағдайлары диструктивті мінез-құлықты тудырады. Ата-аналар баласына шағым айтса тыңдамайды деп, бала қатарыммен бірдей киіне алмадым, қымбат гаджет ұстай алмадым, көп шектеу қояды деп ата-анаға шағым айтады. Ал егде тартқан кісілер келіні мен баланың сыйластығы аз деп жатады. Осындай адамдармен сырласып, сауалнамалар алып кеңес береміз. Барлық мәселені сөйлесіп, ортақ шешім шығарып, ашуға бой алдырмай, ұрыс-жанжалсыз шешуге шақырамыз. Мектеп аралап, оқушыларға семинар өткіземіз. Адамдарды қандай жағдайда да барынша сабырлы болып, өтпелі нәрселерге жүйкені жұқартып, денсаулықтарын құртпаса екен дейміз, – дейді ол.
Бред Коэн туралы оқиғаны мысалға алсақ. Ол Туретта синдромымен сыр-қаттанған екен. Синдром Туретта – неврологиялық генетикалық ауру, еріксіз әртүрлі дыбыстар шығаратын, еріксіз қимыл-қозғалыстармен жүретін ауру. Бұл көріністер адамның еркінен тыс кез-келген уақытта болады және оны тоқтату мүмкін емес. Бірақ, бұл синдромның адам ақыл-ойына ешқандай кері әсері жоқ. Осындай диагнозбен адам өте жақсы білім алып, жұмыс жасай алады. Өкінішке орай, көп адамдар мұндай диагнозбен қоғамнан оқшауланып, қоғамнан алшақтап қалады. Алайда, Бред Коэн олай жасамаған. Ол өз арман-мақсаттарының бәріне қол жеткізген. Қазіргі таңда мықты мұғалім, оратор, кітап жазған және Туретта синдромымен ауыратындарға арнап фонд ашқан. Оның осындай жетістікке жетуіне себепші – анасы! Баласының оқшауланып үйде отыруына жол бермеді. Яғни, әр ата-ана балаға ерекше қадағалау жасап, денсаулығында кінараты болса, онымен күресе білуге үйреткені жөн.
Күз мезгілінің де адамға тигізер әсері бары белгілі. Депрессия, апатия сынды күйлері болады. Бұндай күйден арылу үшін тамақтануды реттеп, банан, жаңғақ, қарақұмық, сұлы жармасы, шоколад, сыр өнімдерін рационға қосу керек. Жұмыс істейтін орында жарықтың түсуі жеткілікті болуы шарт.
«Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған оңай». Денсаулықтың барында қадірін білейік. Егер әрдайым көңіл күйіңіз жабырқаулы болып жүрсе, өміріңізде бірдеңені өзгерту керек. Жұмыстан көбірек демалуға тырысыңыз, таза ауада табиғат аясында серуендеңіз, ұйқыңызды реттеп, өзіңізді уақытылы ұйықтауға қалыптастырыңыз. Мүмкіндігіңіз болса, спорттық үйірмелерге жазылыңыз. Ойыңызды басқа жаққа бұрып, көңіліңізге жағатын істермен айналысып көріңіз.
Рауза ӘЗІЛХАН
06 қараша 2021 ж. 471 0