Әлеуметтік желі: пайдасы мен зияны
Facebook, Instagram, Twitter, TikTok, «ВКонтакте», YouTube сынды әлеуметтік желіні қолданушылар саны күн санап артып келеді. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін әлеуметтік желіні жиі пайдаланады. Бұл үйреншікті жағдайға айналғандай. Тіпті үлкендер жағы жылаған жеткіншекке телефонды ұстата салатыны тағы бар. Ал оның ішінен өспірім не көреді, бұған мән беріліп жатыр ма?
Бұл мақаланы жазуға газеттің 23 қаңтар күнгі №6 нөмірінде шыққан «Оқшау ой» айдарындағы «Жастар неге қызығады?» атты агро-колледж студенті Әсел Камалованың мақаласы түрткі болды. Мен де әлеуметтік желілердің пайдалы және зиянды тұстарын жан-жақты зерделеп жазуды жөн көрдім. Құрдастарым мен замандастарыма құлаққағыс болсын деген ниет біздікі.
Әлеуметтік желіден бұрын телефон, компьютер және түрлі смартфондардың зиянын тарқатайық. Ересек адамдарға қарағанда, балалардың телефонға, компьютерге әуестігі өте жоғары. Бұл технологиялар біріншіден көзге, екіншіден, адамның ұйқы безіне үлкен зияны бар. Бәрінен бұрын, психологиясына кері әсер ететіні анық.
Осы орайда өзіммен қатар ер бала: «Instagramда керемет суық қару көріп едім. Шіркін, менде де сондай болғанда ғой!» – деген сөзін естіп, көңілім күрсініп қалды. Әлеуметтік желінің зияны мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда Facebook, Instagram-да жарыса фото жүктейтін адамдар ағыл-тегіл. Ал сол сурет үшін құрбандыққа барған адамдар жайлы білесіз бе?
Мәселен, ресейлік 42 жастағы әйел адам ваннада селфи жасаймын деп қайтыс болғаны бар. Әйелдің өлі денесін ұлы тауып алған. Өз анасының өлі денесін тапқан бала дереу жедел жәрдем шақырғанымен, келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын айтқан. Мұндай жағдайлар өзге елдерде ғана болады десеңіз қатты қателесесіз. Себебі біздің елде де өмірін әсерлі фото үшін қиюға дайын болып тұратындар аз емес. Мәселен, Бурабайда таудың ұшар басында тұрып селфи жасамақшы болған 24 жастағы жігіттің құлап кеткені көптің есінде. Ол достарымен таудың басына шығып, экстремалды сурет жасамақшы болған. Кенеттен аяғы тайып кетіп, ол биіктен құлап, мерт болды.
Сондай-ақ селфи де қауіпті көңіл көтеру әдісіне айналғандай. Фото неғұрлым экстремалды әрі әсерлі болып шықса, соғұрлым суретке түсуші оны өзгелерге көрсетуге асығады. Байқасаңыздар әлеуметтік желілерде жол-көлік оқиғаларын көптеп көруге болады. Қазір зардап шеккенге көмектесудің орнына видеоға түсіріп, оны интернетке жүктеуге асығатындар көбейіп кетті.
Әлеуметтік желінің пайдасы да жоқ емес. Көз алдымызда көріп жүрген блогерлерді айтуға болады. Біріншісі, адал жолмен жарнама жасап, ауырып жатқан жандарға көмек қолын созып жатады. Ал кейбірі табыс тауып, өз отбасына ғана емес, өзгелерге де көмектесіп жатады.
Басқа желілерге қарағанда қазір TikTok желісінің өршіп тұрған кезі.Тіпті карантин уақытында TikTok қолданушылары екі айда 2 миллиард адамға жетіпті. Иә, қазір телефонға телміріп, желіге желімдей жабысқан жастар саны өте көп.
Мен тағы бір қоғамда орын алып жатқан түйткілді жағдайды қозғағым келеді. Бұрындары ата-әжелеріміз немерелеріне түнде ертегі айтып, әлдиімен ұйықтататын еді. Ал қазір әжесінің алдына жатып, айтқан ертегілерін ұйып тыңдап жатқан баланы көрмейсің. Өйткені бесіктегі баланың өзі телефоннан өлең тыңдап ұйықтайды. Тіпті кейбір балалар қолында көріп жатқан смартфонымен бірге ұйықтап қалып жатады. Менің ойымша, балаға ерте бастан түрлі гаджеттер бермеу керек. Оның орнына баланың ойын басқа нәрсеге қызықтыруға тиіспіз. Мәселен, қазір небір спорт үйірмелері бар немесе ертегі кітаптар, отбасы мүшелерімен ойын ойнау деген сияқты әрекеттерді әдетке айналдырсақ. Асық ойындары, ақсүйек, ханталапай және шахмат ойындарын үйретіп көруіңізге де болады. Ол баланың ойлау қабілетін жетілдіреді.
Аяулым НҰРЛАНҚЫЗЫ,
№125 мектептің
11 сынып оқушысы