СОТ ҚЫЗМЕТКЕРДІ БҰРЫНҒЫ ЖҰМЫСЫНА ҚАЙТА ОРНАЛАСТЫРДЫ
Жаңақорған аудандық сотына талап қоюшы Б. жауапкер «Байкен-U» ЖШС-не бұйрықтың күшін жойып, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы және моральдық зиян өндіру жайлы талап қою арызымен жүгінген.
Іс құжаттарына сәйкес, талап қоюшы Б. «Байкен-U» ЖШС-не 1 наурызынан бастап, «Хорасан-2» кеніші бас механик бөлімінің құрал жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету слесарь болып, үш ай сынақ мерзімі белгілене отырып, жұмысқа қабылданған.
2021 жылғы 31 мамырда талап қоюшыға ЖШС-нің еңбек шарты бойынша сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмысы барысында теріс нәтиже бергені жөнінде және еңбек шартын бұзылатыны жайлы хабарлама берілген және талап қоюшы хабарламаға қол қоюдан бас тартқан, бұл жөнінде акт толтырылған.
Сондай-ақ аталған серіктестіктің 2021 жылғы 31 мамырдағы бұйрығымен ЕК-нің 49-бабының 3-тармағына және 52-бабының 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес талап қоюшымен еңбек шарты бұзылған.
Сонымен қатар 2021 жылғы 13 тамыздағы келісім комиссиясының шешімінде, талап қоюшымен еңбек шарты бұзылған кезде еңбек заңнамасының талаптары бұзылмағанын және талап қоюшының келісім комиссиясына жүгіну мерзімінің өткізіп алуына байланысты, оның жұмысқа қайта алу туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартылған.
Істі сотта қарау барысында жұмыс беруші тарапынан талап қоюшыға тәртіптік жаза қолдануға негіз болған мән-жайлар жан-жақты, толық зерттелместен, біліктілігіне байланысты объективті деректермен расталмастан, жұмысшыны ЕК-нің 49-бабының 3-тармағымен және 52-бабының 1-тармағының 7) тармақшасын негізсіз басшылыққа алып, оған еңбек шартын бұзу жайлы тәртіптік жазаны қолдануы заңсыз болып табылғаны анықталды.
Аудандық соттың шешімімен талап қоюшы Б-тың талабы ішінара қанағаттандырылып, жауапкер «Байкен-U» ЖШС-нің бұйрығының күші жойылып, талап қоюшы «Байкен-U» ЖШС-нің «Хорасан-2» кеніші бас механик бөлімінің 4-дәрежелі құрал жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету слесарі қызметіне жұмысқа қайта орналастырылды.
Өз кезегінде талап қоюшы Б-тың пайдасына лажсыз бос жүрген уақытына 727 694 теңге жалақысын және 100 000 теңге моральдық зиян өндірілді.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі