№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Отпен арпалысқан оғландардың бір күні

Отпен арпалысқан оғландардың бір күні

Өртті «тілсіз жау» десек, адам өміріне араша түсіп, жалындаған тілсіз жаумен күресте өрт сөндірушілердің еңбегі ерен. Біз кенттегі мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бір күндік қызметімен арнайы танысуды жөн көрдік.

Өрт сөндіруші – құтқарушылардың әр сағаты жоспарланған. Сағат таңертеңгі сағат 7.45-те ауысымдағы қызметкерлер бөлімге жиналуы тиіс. Кезекшілікке түсетін қызметкерлердің қауіпсіздігін бақылау мақсатында 8.15-8.45 аралығында барлығы тексеріліп, қабылдап алынады.
Олар алдымен, өрт сөндіру құралдары мен техниканың жағдайын тексереді, теориялық сабақтар өткізеді, оқу-жаттығу, дене шынықтырумен айналысады. Бөлімде асхана, демалыс орны, жатын бөлме де бар. Барлығы темірдей тәртіпке бағынады.
Бізді ғимарат алдында күтіп, жол бастаған қызметкермен танысудың сәті түсті. Шыңғыс Жәдіков – өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы. Ең қиыны алғашқы өрт сөндіруге аттануым болды, сол жолы жанған ғимараттан газ баллонын алып шықтық, - дейді капитан. Ол өз сөзінде:
– Өрт сөндірушілер үшін ең бастысы жедел әрекет ету. Әр секунд санаулы. Дабыл қағылған сәтте жігіттер оқиға орнына барынша тез жетуге тырысады. Кент орталығында шыққан өртке 2-5 минут аралығында жететін болсақ, Батыс-Қытай-Батыс Еуропа тас жо­лында болған өртке 8-10 минутта барамыз. Ал елдімекендерде болған өрт қашықтығына тікелей байланысты. Өйткені су тиелген үлкен көлік қанша жылдамдықпен жүрсе де 1 километріне ең кемі 1 минуттан есептегенде кейбір от тұтанған ошақ біздің құтқарушы топ барамын дегенше көп жері жанып кетіп жатады.

Отпен ойнама, опық жейсің

Ғимарат іші ішкі тәртіпке толықтай бағынады. Олар кез-келген сәтте тұтанған тілсіз жаумен күресуге үнемі дайындық үстінде болады. Біз бөлім бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мақсұт Нысанбековтен бөлім қызметі жайлы толық айтып беруін сұрадық.
– Қызыл жалын тосыннан тұта­на­­ды. Ө­р­т көбінесе адамдардың бейқамдығынан, ұқыпсыздығынан шы­­ғып жатады. Өрт қауіпсіздігін қа­тал сақтауға қанша шақырсақ та жұртшылықтың оған мән бере бер­мейтіні өкінішті. Мұның соңы кейде қайғылы оқиғаға әкеліп соғады. Жүргізілген талдауға сәйкес өрт туындауының негізгі себептері – отты дұрыс қолданбағандықтан, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан екен. Сондықтан өрт қауіпсіздігін сақтап, пешті, электрге қосылған барлық заттарды қадағалап, дер кезінде өшіріп отыруды және кішкентай балаларды мүмкіндігінше қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Әрине, апат айтып келмейді. Дегенмен де, «Сақтанғанды Құдай да сақтайды», –деді.
– Өрт сөндіруге әбден маман­данған жандардың қандай қасиетін айрықша атар едіңіз?
– Біз түтіннің иісінен не жанғанын бірден айырамыз. Өрттің ошағын анықтау да кәнігі өрт сөндіруші-құтқарушыларға қиын емес. Кәсіби ерекшелігіміз де осы шығар.
– Сонда «тілсіз жаудың» қай жерден бастап тұтанғанын қалай білесіздер?
– Оқиға орнына шыққаннан бастап барлау жұмыстары жүргізу барысында анықталады. Мұны жай адам аңғара бермейді.
Біз барғанда Өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлерлік кезекшіліктегі қызмет­керлері кезекті жаттығу үстінде екен. Жаңақорған ауданы №14 өрт сөндіру бөлімінде штат бойынша 35 қызметкер жұмыс істейді екен.
Жауынгерлер әрқашан қандай жағдайға да сақадай-сай болуы тиіс. Бұлардың күнделікті өмірі спорт десек болады. Тәуліктің көп бөлігінде жаттығу жасайды. Ғимараттың ішінде де, сыртында да жедел-құтқару шараларына үздіксіз дайындалады. Бұған қоса, арнайы әзірліктен өткен жетекші мамандардың дәрістерін тыңдап, теорияны практикамен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын ыждаһатты тексеріп отырады. Қысқасы, шұғыл шақыруға тап-тұйнақтай дайын жүреді. Бөлім бастығы одан әрі:
– Қызыл жалынды ауыздықтау – әр өрт – сөндіруші - құтқарушылардың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай «Парамедик» арнайы курстық оқудан өткізілген.
Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар арман-дертіміз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Басқа әлемді мүлдем ұмытамыз, – деді сөзін жалғап.
– Өрт сөндірушілердің уақытынан кешігетіні, машиналардың дайын болмай, қайта-қайта су толтыруға кететіні кейде сынға ұшырап жатады. Осы жайлы кеңірек айтып берсеңіз, – дедім.
– Әрине, барлық мәселе біздің қолымызда болса, көзді ашып-жұмғанша-ақ оқиға орнынан табылар едік. Су толтыру мәселесіне келсек, арнайы техникаларымыз кез келген төтенше жағдайларға әрқашан да сақадай сай тұрады. Алайда, олардың суы өлшеулі. Мысалы, кәдімгі өрт сөндіру автокөліктерінің 5 тонна су сияды. Былайша мол көрінгенімен, бұл суыңыз 2 дана оқпанмен жұмыс жасағанда 12 минутта жоқ болады. Яғни, өрт сөндіру кезінде секундына 7 литр су шашамыз.

Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман

Өрт шыққандығы жөніндегі хабар өрт сөндіру бөлімінің 101 байланыс бекетіне келіп түседі. Біз барған күні бөлім тыныш болды. Бірақ, өрт сөндіруші – құтқарушылар төтенше жағдай және өрт оқиғасы бола қалған кездегі өздерін қалай ұстайтынын, қанша мерзімде әзірленіп үлгеріп, өрт болған жерге қанша уақытта баратынын көріп-білу мүмкіндігіне ие болдық. Қатер дабылдың құлақ тұндырар «құлын дауысы» шырқырай салысымен өрт сөндірушілер бірден іске кірісті. Бір сәтке де қарап қалған жоқ. Олардың әр секунды есептеулі екендігін байқадық. Қимыл-қозғалыстары мұнша жылдам болар ма?! Алдында ғана менімен әңгімелескенде әр сөзін бастап, ойланып айтып тұрған Шыңғыстың өзін танымай қалдық. Шалт қимылдаған ол сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеп берді.
Дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 38 секундтың ішінде жауынгерлік киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал, тұрған жерінен «ұша жөнелетін» өрт сөндіру автокөлігі оқиға орнына жылдам келіп жетуі керек.
Жауынгерлер ауысым жетекшісінің тактикасымен қимылдайды. Сондықтан, басшы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын қырағы болуы керек. Өртті тез ауыздықтау да ауысым жетекшісінің шеберлігіне көп байланысты екен.
Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірінен саналады. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Осындайда орыс жазушысы Владимир Гиляровскийдің мына сөзі тілге оралады: «Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді».

Ерлердің ісі

«Өрт сөндіруші – құтқарушы» нағыз ерлердің мамандығы болып саналады. Үміткер азаматтарға қойылатын талап та жоғары. Қызметке жасы 18-32 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ жастар алынады.
Қызметінің қауіптілігі ескеріліп, өрт сөндірушілерге 45 жасында зейнеткерлікке шығу жеңілдігі берілген. Олардың мамандығы мемлекеттік қызметке теңестірілген.
Қызметкерлердің денсаулығы да ұдайы қадағалауда болады. «Өрт сөндіру, қайғылы жағдайларға куә болу адамның жүйке жүйесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан, бізге келем деушілердің жүйкесі темірдей болуы керек.
Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар екен. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын! Отпен арпалысқан оғландардың әр күніне тыныштық тілеп оралдық.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

13 мамыр 2021 ж. 547 0