» » Әкім кубогы сарапқа салынды

Әкім кубогы сарапқа салынды


Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Руслан Рүстемов, ҚР Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Данияр Қобыландин, ҚР Ұлттық ат спорты түрлерінің мемлекеттік жаттықтырушысы Нұркен Байбөреев және Қызылорда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жағыпар Тажмаханов қатысты.
– Қазақ пен жылқы егіз ұғым іспеттес, себебі қазақ халқы үшін бұл жануардың қасиеті мен киесі көп. Қазақ осынау алып атырапты, Сыр мен Арқаның арасын, Алтай мен Атыраудың арасын ат үстінде, жылқының жалында, тұлпардың тұяғында жүріп ортақ тарихымызды қалыптастырды. Әлемдік өркениетке жылқы арқылы жол салды, тіпті таңбалы тастарда да жылқының бейнесі бейнеленген. Сондықтан қазақ ұлты үшін бұл жануардың жөні бөлек, ал, ұлттық ойындар қанымызда бар қасиет. Оның ішінде, Сыр өңірі, Жаңақорған топырағынан шыққан шабандоздар, мен балуандардың беделі биік, біз осындай спортшылармен мақтанамыз. Облыс әкімінің кубогі жыл сайын дәстүрге айналатыны ақиқат, тек жеңісті күндер көп болсын, – деді аудан басшысы Р.Рүстемов.
Сонымен көпшілік асыға күткен дүбір басталды. Жүлде қоры – 1 000 000 теңге. Алдымен ат үстіне жеңіл салмақтағы балуандар қонды. 57 келіде Түркістан мен Алматы балуанының тартысына куә болдық. Ақтық сынға сүрінбей жеткен түркістандық Ермек Құралбай қарсыласы Бақкелді Ахметжановтан айласын асырып кетті. Қос қола қызылордалықтардың еншісінде қалды. Жаңақорғандықтар асыға күткен салмақ 62 келі болатын. Бұл салмақта аудан намысын Диасқожа Мұзарап қорғады. Жалпы республикалық біріншіліктерде үздіктер қатарынан түспейтін жерлесіміз бұл жолы да мықты екенін дәлелдеді. Ол ақтық сында түркістандық спортшыны ат үстінен тайдырды.
– Шыны керек, бұл жарыстың деңгейі жоғары болды. Осал қарсылас жоқ, дегенмен жарыс туған өлкеде өтіп жатқаннан кейін намысты қолдан бермеуге тырыстым. Алтын мойында, биыл ірі-ірі бәсекелерде өнер көрсету бұйырып тұр. Бабымда екенмін, бүгін соған куә болдық. Ағайларыма алғыс айтамын, – деді жарыс жеңімпазы.
Жарыстағы қалған 6 салмақ дәрежесінде де түркістандықтарға тең келер ешкм болмады. 68 келіде Дарын Өткелбай, 74 келіде Алмат Ләтіпбек, 82 келіде Жасұлан Айтбай, 10 келіде Түймебек Жұмалиев және 100 келіден жоғары салмақта Сырым Ізбасаров чемпион атанды. Жалпы командалық есепте 7 алтын еншілеген киелі өңірдің жігіттері алтын тұғырдан көрінді. Екінші орын Қызылорда, үшінші орын Алматы командасының есебінде.
– Республикалық сын болғаннан соң көршілес облыстан спортшылар келді. Дегенмен бірнеше облыс қатыса алмағанымен кубок жарысы жоғары дәрежеде өткізілді. Бұл кубок бұйырса дәстүрлі өтеді деген ойдамыз, ең бастысы Сыр жастары бабында, алдыда бәсі биік бәсекелер күтіп тұр. Бір жағынан қай жерден қателестік, кемшін тұсымыз қайсы, барлығын бағдарлап алдық. Енді сол бойынша жұмыс жасайтын боламыз, – деді бапкер Сламхан.
Айта кетейік, Қызылорда облысының құрамасы көкпар, аударыспақ ойындарынан республика бойынша үздіктер қатарынан түскен емес. Әрі команда толық Жаңақорған ауданының жігіттерінен құралған. №7 Жаңақорған ауданының спорт мектебінің жаттықтырушысы Канат Абылбеков, Асылбек Ауезов, Наурызқожа Әмзеев, Өміртай Ғалымжанның баптауындағы палуандар аймақ абыройын қорғап жүр. Жетекшісі – Сламхан Боранбаев ағамыз.Бүгінгі бәсекеге де қала құрамын аудан жігіттері толықтырып, додаға қосылды.
Жалпы, аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш сермейтін жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған. Бүгінде жауға шаппаса да, ер-жігіттердің ерік-жігерін, қайрат-қайсарлығын жанып, жігерін оятып келеді.

Әли ТЕМІРБЕК
15 маусым 2021 ж. 700 0