№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Саулық – сақтықта!

Саулық – сақтықта!

Аудан әкімі Руслан Рүстемов адамдар көп жиналатын әлеуметтік орындарға арнайы барып, дәріханадағы дәрі-дәрмектің қорын біліп, бірнеше ауылдық округтің ел ағаларымен дидарласты. Мақсат – аудан тұрғындарына сақтық шараларына мән беруді түсіндіру. Иә, кеше ғана «жасыл аймақта» емін-еркін жүрген едік, бір күнде «сары аймаққа» ендік. Енді сақтық шараларын қатаң ұстанбасақ, вирустан келген былтырғы қиындыққа тап болуымыз әбден мүмкін.
Алдымен аудан басшысы Руслан Рүстемов пен мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков «Нұр» орталық базарына қадам басты. Онда адам қарасы көп. Елді мекендерден келіп-кететіндер сондағы ірі сауда үйлеріне баратыны белгілі. Такси қызметі де сол жақта қалыптасқан. Қажеттісін іздеген халық сол жерге барады. Содан болар басшылар базарлап жүрген халыққа қауіпсіздікті сақтау маңызды екенін айтты.
Одан кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мекеме қызметкерлері мен тұтынушыларға коронавирустан келетін қауіпті жан-жақты саралады.
– Вирус көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды. Қайдан, қалай, қашан келетінін білмейміз. Оны жеңудің жолы біреу ғана, ол – сақтық шараларына мән беру, қоғамнан оқшаулану. Бүгінде елге ескерту шаралары ұдайы жүргізілгенімен отбасылық, көпшілік той-думан еселеніп барады. Әрине, қызықшылық жақсы, алайда ауруға ұшыраудың азабын ерте бастан ойласақ, тойға тоқтам болар еді. Болар іс болып, бояуы сіңген соң бәрі кеш, алдымен өзіңді ойла! Мәселен, бүгінге дейін 15 әкімшілік шара қолданылды, айыппұл салынды, бірақ, көпшілік жиынға тоқтау болмай тұр. Аудан басшысы ретінде әрбір оқиғаға алаңдаймын, әрбір адамның өмірі маған қымбат. Сондықтан халық көп шоғырланатын орындарда карантиндік сақтық ережелері қатаң бақылауға алынғаны қажет. Әсіресе, ауданда құрылған 3 мониторингтік топ білім беру ұйымдарында, базар, дүкен, почта, теміржол бекеті, тамақтандыру орындары секілді көпшілік орындарда карантиндік режимге сәйкес әлеуметтік арақашықтықты сақтау, бетперде, антисептик пайдалану, залалсыздандыру жұмыстарын ұйымдастыруды қатаң назарға алғаны дұрыс, – деді Руслан Рүстемұлы.
Өткен жылы дәріханалардан маска және цитрамон, парацетамол сынды қарапайым дәрілерді таппай, сабылғанымыз әлі есімізде. Масканың бағасы 4-5 есеге қымбаттағаны тағы бар. Сол себепті аудан әкімі кенттегі «Arzan pharm» дәріханасына бас сұғып:
– Маска, дәрі-дәрмек жеткілікті ме? – деді.
– Жеткілікті мөлшерде бар, – деп жауап қатты сатушы.
– Келген әрбір клиентке маска тағуды міндеттеу керек. Мұны ұдайы ескертіп отыру маңызды. Дәрі қоры жеткілікті ме? Мұны да қатаң бақылауда ұстау керек, – деді әрі тұмау түрлеріне қажетті дәрі-дәрмектерді сұрап, жарамдылық мерзіміне мән берді.
Әрине, вирус келсе қыр мен өзекті, көл мен өзеннің маңын таңдамайды. Адамның жас ерекшелігіне де көз салмайды. Байды да, бағланды да, кедейді де таңдап, талғамайды. Ауыл, қала деп бөлмейді. Сақтанбаған адамды опат қылады. Былтырғы аласапыранда мұның ащы дәмін сезіндік. Әкімнің ауылдағы ағайынға қалт бұрылғанында осындай сыр жатты. Алдымен Қожакент, сосын Аққорған ауылдық округінің ел ағаларымен кездесіп, көпшілік жиындарға тоқтау салуда бастамашыл болып, сақтық шараларына мән беруді ескертті. Атқарылып жатқан бастамаларымен де бөлісуді ұмытпады.
– Әлемді жайлаған «Covid – 19» коронавирус инфекциясының мутацияланған жаңа түрі адамзат баласын алаңдатуда. Еліміз бойынша бірнеше өңір «қызыл аймаққа» енсе, өзіміз салғырттық танытып, мән бермей түрлі отбасылық жиындар өткізудің салдарынан біз де «сары аймаққа» еніп кеттік. Сақтық шараларына қатаң мән беру керек. Айыппұлмен бәрі реттеу қиын. Өзінің және жақындарының денсаулығына жауапты екенін саналы түрде түсінгенде ғана жеңіске жетуге болады. Осыны үгіттейік...
Әрине, біз ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын ұмытпаймыз. Бүгінде тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылыс, ауылшаруашылығы, елді мекендердің негізгі көшелерін орташа жөндеу және газдандыру, каналдар мен су қашыртқыларын тазалау бағытында жүйелі жұмыстар басталды. Жұмыстың сапалы болуында партиялық және қоғамдық бақылауды күшейтеміз. Яғни әрбір бастама халықтың қажеттілігіне бағытталады, – деді аудан әкімі Р.Рүстемов.
Ауданға вирус келді. Енді сақтанғанды ғана сақтайды. Аудан басшылары кабинетте отыра алмай, халыққа осыны түсіндіруді бастап кетті. Ел арасында «өзім жауап беремін» деген ниеттегі адамдардың қарекетін естіп жүрміз. Ашығын айтқанда, бұл елдік мүддеге сәйкеспейтін, жұртты жарға жығатын жол. Сондықтан сақтанайық, ағайын! Саулық – сақтықта!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
10 сәуір 2021 ж. 455 0