Кем санама өзіңді!
Жақында естіген әңгімем оқшау ой жазуға итермеледі. Жас жеткіншек өзін басқалармен салыстыру арқылы жоғалтып алғанға ұқсайды. Алматы, Астана тұрмақ, шетелге баруды армандап, әке-шешесіне қиялындағы қалаға қалайда апар деп жүргенін естідім. Қолы қысқа ата-ана қайтсін? Не істерін білмей ішіндегісін ал кеп ақтарсын…Ал біздің міндет басу айтып, дұрыс жақа жол нұсқау.
…Біздің қоғам салыстырмалы формуладан тұрды. Басқа әлемде өмір сүргендейміз. Үлкендеріміз бізді көршінің қызымен, өзіміз сабақта алған бағамызды парталасымызбен, көйлегімізді құрбыныкімен салыстырдық… Жалпы, мұның эмоциялық түрде ауру қылғаннан басқа пайдасы жоқ екенін кейін түсіндік емес пе? Бақсақ, адам өзіне-өзі сенімсіз кезде ғана өзін өзгелермен салыстырады екен.
Біреудің Стамбулда, қымбат қонақүйде, ресторанда қымбат тағамдар жеп отырған суретіне қарап өзін одан төмен сезініп жүрген жан көп екенін байқап, осындай ой түйдім.
Адамдар ең жақсы фотоларын ғана желіге салып, жұртты өзіне қызықтырғысы келеді. Тамсанғаныңызды қалайды. Бірақ оның да тоңазытқышы толып, қалтасының қалың болып тұрғанын сіз де, мен де білмейміз. Бірақ ол сол күндерге қандай қиын күндерді жеңу арқылы жеткенін ойлап та қойыңыз. Өзіңізді шыңдаңыз. Ұзақ еңбектенудің соңы, жетістікке жеткізбесе де, сізге өмір жолын тануға мүмкіндік береді.
Біреудің шыққан биігіне қарап “мен не бітірдім?” демеңіз. Қоянды жылдам жүгіреді деп мақтағанымызбен мысық сияқты талға өрмелеуден мақұрым, ал, мысық өз кезегінде балықтай жүзе алмайды дегендей, әркімде құдай берген бір артықшылық бар. Сіз өрік пен шиені салыстырасыз ба? Салыстырмайсыз, олар әрқайсысы бөлек сипаттамалы жемістер, біріне-бірі ұқсамайды. Сол сияқты әр адам өзінше бөлек жаратылыс. Мүмкін, сізбен аттас, тектес біреу табылар, бірақ, ол сіз емес.
Сіздей жер бетінде жан жалғыз. Ендеше өзіңізді көрші келіншекпен, жұмыстағы әріптеспен, қайдағы бір инстаграмдағы әншімен салыстырмаңыз. Солармен салыстырамын деп жүргенде өз өміріңіз ұмыт болады. Өзіңізді салыстыратын бір ғана адам - өзіңіз. Былтырғы, бес жылғы өзіңізбен салыстырыңыз.
Біраз жыл бұрын қандай едім, енді бірер жылдан кейін қандай болам деп алдыңызға мақсат қойыңыз. Сол мақсат қана алға жетелейді. Есіңізде болсын, миллионерге де, сізге де берілген тәуліктегі 24 сағат пен жылдың 365 күні. Жаратқанның берген аманатына адалдық танытып, өзімізді текке шаршатпайық дегім келеді. Бұл менің ғана ойым. Әркім өз ойын айтуға құқылы.
Әйкерім МЫРЗАХМЕТОВА