Заңсыз әрекеттерге бақылау күшейеді
Жыл сайын Жаңақорғанда кәсіпкерлер саны артып, шағын бизнестің дамуы ілгеріледі. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант пен түрлі мемлекеттік қолдаулар аудан кәсіпкерлік саласының өркендеуіне мол мүмкіндік туғызды. Алайда, салық жөнінен көшіміз ілгерілемей келеді. Сондықтан салық берешектерін өндіру мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Бұл жөнінде нақты атқарылған жұмыстар мен меже аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды. Жиында қаралған екінші мәселе – есірткі бизнесіне тосқауыл, алдын алу шаралары жүйеленді.
Алдымен комиссия төрағасы аудан әкімі Руслан Рүстемов негізгі мәселелерге тоқталды. Әсіресе есірткі алқабы табылған жер учаскелері толығымен мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды. Былтыр есірткі қылмысы, яғни бизнесі бойынша бірнеше фактілер тіркелді. Биыл осы жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөнінде аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеев баяндады.
– 2020 жылы есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың 26 дерегі анықталды. Оның заңсыз 9-ы есірткі егумен, 14-і есірткі затын тұтынумен, қалғандары сату және сақтаумен айналысқан. Атқарған жұмыстың нәтижесі бойынша 297 келі есірткі заты тәркіленіп, жойылды. Биыл 2 айдың ішінде бір ғана дерек тіркелді. Кінәлі азамат құрықталып, қамауға алынды. 1 келі 300 грамм есірткі заты тәркіленді. Былтыр орын алған қылмысқа талдау жасалып, есірткі егіліп, әшкере болған жер телімдерін мақсатсыз пайдаланылғаны үшін аудандық жер қатынастары бөліміне қайтарып алу жөнінде ұсыныс жолдаған болатынбыз. Қазір егін науқаны басталды сондықтан ертерек қам жасау маңызды. Қазір бөлімдегі криминалды полиция бөлімшесінің қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторларымен топ құрылып, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде, – деді Ғани Асанұлы.
Иә, қазір дала төсінде жер жыртып, дән тастау жұмысы басталды. Қызу тірліктің тасасында осындай заңсыз әрекеттер байқала бермейді. Әсіресе адам аяғы көп баспайтын алқаптарға есірткі ұрығы тасталады. Былтыр анықталған жерлердің көбі сондай алқаптар. Ол алқаптарға полиция қызметкерлерінің аяғы жетпей, шаруалардың автокөлігін пайдалануларына тура келген. Міне, осындай кедергілерге тап болмас үшін бөлім бастығы аудан басшысынан өндіріс орындарымен меморандум жасап, жылына екі рет ауыр көліктерін уақытша пайдалануға рұқсат алып беруін сұрады. Өйткені арнайы техникалармен жабдықталғанда ғана тоғай ішін тиянақты аралап шығуға болады.
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы жер қатынастары бөлімінің басшысына бірінші кезекте жер иелерін анықтап, егелік етуді ескерту керектігін айтты. Болмаса жерді мемлекетке қайтаруы тиіс. Айтпақшы, Ғани Тұрсекеевтің айтуы бойынша, есірткі затын көбірек тұтынатын өндіріс ошақтарының қызметкерлері екен.
Келесі мәселе бойынша аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының былтыр атқарған жұмыстары түсіндіріліп, нақты жоспар жасалды.
– Аудан көлемінде былтыр жоспар 27735982 болса, тиісті түсім толық игерілді. Мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттің орындалуы 100 проценттен асты. Әсіресе, жергілікті бюджеттің орындалуы 124 процентті құрады. Биылғы жылдың 1-тоқсанында жергілікті бюджет 96 процент орындалды, осы айдың соңына дейін 100 млн теңге көлемінде түсім түседі деген болжам бар. Салық берешегі бойынша былтыр мүлік, жер және көлік салығынан берешек жыл басында 63705 мың теңге болса, жыл соңында 29851,1 мың теңге өндірілді. Қалғаны әлі берешек. Соған байланысты әкімшілік айыппұлдар да салынып, Қызылорда облысының өңірлік жеке сот орындаушылары палатасына 563 жеке тұлғаның салық бұйрықтары жіберілді, – деді басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Айдархан Ердесбеков.
Салық берешегіне байланысты былтыр «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 805 төлемгерін әкімшілік шараға тарту туралы қаулы шығарылған. Оның ішінде 110 салық төлеушіге 3 138 920 теңге әкімшілік айыппұл салынып, бюджетке қаржы өндірілген.
Аудан әкімі комиссияда қаралған қос мәселеге баса назар аударып, тиісті шараларды қабылдап, жүйелі жұмыс жасауды жүктеді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ