» » Жақаңның шекпенінен шыққанбыз

Жақаңның шекпенінен шыққанбыз

Ұмытпасам, үш облыс басшысымен қызметтес болды. Аудандық «Сырдария» газетінен бір деммен облыстық «Сыр бойы» газетіне бас редактор қызметіне тағайындалған бірінші адам шығар. О баста Бердібек Машбекұлы қолдап, үлкен сенім білдірді. Сол сенімді ақтап, аймақтың ақпарат саласындағы айтулы басылымы беделіне жеткізді. Және бір орында тапжылмай он жылдан аса уақыт қызмет жасаған басшы болды. Жәй басшы емес, газеттің көркемдік деңгейін көтерумен қатар тұңғыш рет нарықтық экономикаға көшудің алғашқы баспалдағын жасады. Өзін-өзі қаржыландыру бағытында «Дария» коммерциялық ұйымын ашып, «Хан алшы»,«Керемет», «Махаббат», «Еркектер» секілді бірнеше газеттің жарыққа шығуын қамтамасыз етті. Баспахана іске қосылды. Ең бастысы, кадрлық штатты кеңейтуге қол жеткізді. Осы негізбен Қайрат Шәуленов, Серік Сүлейменов секілді бірнеше азамат жұмыспен қамтылды. Редакция құрамы Айнұр Тұңғышбаева, Қуат Шарабидинов, Әділжан Үмбет, Гүлжазира Жалғасова, Айнұр Батталова, Мұратжан Шомбалов, Айнұр Шөменова, Қарлығаш Әбдірахманова сынды жас журналистер тобымен толықты. Ақберген Ержан, Қайырбек Мырзахметов, Әбдібай Уәлиев сияқты ағалар зейнетке шыққан соң да жұмыс істеп жатты.Шығармашылық ортаның шынайы үлгісі қалыптаса түсті. Соның айқын айғағы, «Сыр бойы» газеті 2005 жылы Қазақстан Журналистер академиясының ең мәртебелі жылпыұлттық журналистік сыйлығы - «Алтын жұлдызды», келесі жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы грантын жеңіп алды.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Жақсылық Шайманұлы Жаңақорғанның бір жауһары, өзі түйекештің баласы, сайын дала төсінде, тылсым табиғат аясында көп уақытын өткізген, қоршаған ортаның құбылысына қанық, жер географиясын жатқа білетін, көш-керуенмен бірнеше мектепте оқыса да алғыр қабілетін танытқан талантты тұлға тұғын. Қазір Қожакент ауылы біздің елдің баласы деп мақтанады. Жаңақорған ауданы да есімін жоғары қояды. Ауданның Құрметті азаматы. Осында «Коммунизм жолы» газетінде журналистік жолын бастаған, жауапты хатшы қызметін атқарған, Мырқы Исаев, Құдайберген Ертасов, Айдархан Бибасаров, Адырбек Сопыбеков ағаларының шығармашылыққа баулыған шәкірті болған. Кейін қызметі Сырдария аудандық «Сырдария» газетіне ауысты, жоғары партия мектебінде оқыды.
«Сыр бойы» газетінде Оразбек Мақсұтұлы жанына жалаугер, сенімді серігі еді. Іссапар, жолсапар кезінде газет ісін осы орынбасарына жүктеп, оны мүдірмей атқаратынына мейлінше сенетін. Қызметте қосшы болған Әскербек Рахымбеков, Қази Данабаев, Жұмабай Жақып, Жолдасбек Ақсақалов, Нұрмахан Елтай, Жұмабек Табынбаев шығармашыл ортаның шырағданы секілді еді. Былайша айтқанда, бір от басының балалары тектес татулықты ту етіп көтерген іргелі ұжым болдық.
Жақаңның қолтаңбасы өте шебер, нәзік, көркем болатын. Мақаланы түзеу мен күзеуде керемет теңеулер қосып, көркемдік байланыс пен бағалаудың байламын келтіріп, жүйесін жігіне жатқызып, оймақтай оймен түйіндеп, жұп-жұмыр дүние ететін. Осындай озық дәстүріне сай сенатор Оңалбек Сәпиевтен,  облыс басшыларының сөйлейтін сөзін жазу өтініштері үстін-үстін келеді. Оны көбінше маған тапсырады, өзі қадағалап отырады.
Журналистің жалақысы жетімсіздеу, айдан-айға созуға мөлшері мардымсыз болған соң Жақаң маған жұмыстан қол үзбей жүріп ақылы кітап жазуға кеңес берді. Бұрын ат ізін салмаған дүниеге жүрексініп, қорқа-соқтап бардым. Бірінші кітап – журналист Құрманғали Ажаров туралы болды да, соны бір ай ішінде аяқтап, жас жазушыға айнала бастадық. Мұнан кейін Қалқабай Әбенов, Ғафур Мұхамеджанов, Көмекбай Қаракөзов, Нәлқожа Ергешбаев жайлы жеке-жеке кітап бірінен соң бірі жарыққа шығып жатты. Ұстаздың берген батасы қабыл болып, қаламгерлік қадам сәтті жүре берді.
Жақаң тұйық адам, мінезі ауырлау, сабырмен сөз бастайтын, бекзат болмысы байсалды еді. Бірақ өте уайымшыл, сырын сыртқа шығара бермейтін, іштен тынатын. Кейде көңілсіздеу күйін басу үшін табиғатқа шығып, жаяу жүріп, малмаңдай тер болып, мылтық атқанды жөн көреді. Көзсіз мергендігі бар. Қырғауыл қай тұстан ұшады, қайда қонады, бәрін сезіп тұрады. Атқан оқ қаңғырып кетпейді. Олжалы кезде далада жазылып отырып, аң-құстың сорпасын ішкенді ұнатады. Жігіттердің басын қосып, кең жазыққа апарады. Мұндайға әуесі жоқтар келесі кезекте қалып қояды. Үнемі ілесетін, аңшылыққа құмарлау Ақберген, Қуаныш, Батырхан, мен Бескемпір, Жеті құбыр, Құмкөл, Телікөл, Тартоғай, Қалғансыр маңайын бір кезіп қайтатынбыз. Әсіресе, түс қайта, кешкілік алдындағы табиғаттың ұйыған сәтін ұзақ тамашалап, құшырлана темекісін тартып, көңілде кестелі ойын кескіндеп, қиял кемесіне шалқар шабытын отырғызып, бірде жеңілдеп, бірде толқып, тыныштыққа ұйып тұратын шақтары бөлек еді. Ал, біз бой жазып, ой сергітіп, тынығып келген соң шығармашылыққа шындап кірісеміз.
Ағамыз Жақсылық Рахматуллаев тынымсыз тірлік кешіп, бірнеше көркем кітап жазды. Жазғанда да өндіріп жазды. «Алыстай берген аяулым», «Өмір самалы», «Қолшатыр», «Шырағың сөнбесін», «Меңсұлу», «Сағым жылдар», «Кие» кітаптары үстін-үстін жарыққа шықты. Ол Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанды.
Жақаңның бір ерекшелігі – балажан болатын. Мейлі көшеде кезіксін, мейлі жұмыс орнында болсын, балаға ізетті ілтипатпен қарайтын. Үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше, баламен балаша сөйлеседі. Немерелерінің есімдеріне дейін (Майса) өзі қалап қойып,  Манарбек, Жанар, Динараның перзенттеріне сүйкімді сезіммен қарайтын. Олардың атасына құрметі ерекше еді. Әттең, ұлы Әнуардың мезгілсіз қазасы болмағанда, 74 жас емес, тоқсанның төріне шығар ма еді.
Дейтұрғанмен артында өшпес өнеге, рухани мол мұра қалдырды. «Ақынның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген, біз Жақаңның шекпенінен шыққан шәкірттері ұстаздың ұлағатын ұмытпаймыз. Тәңірден тілеуіміз, жатқан жері жұмақ болсын!
Қаныбек ӘБДУОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
17 наурыз 2021 ж. 345 0