Жүрегі жарқын, қолы алтын
Жаны нәзік болғанымен жаратылысы ерек нәзік жандар үшін кез келген сала жат емес.Тіпті олар нағыз қарулы азаматтарға тән қызметте де үздік танылып көш бастап жүр. Осы ретте саналы еңбек жолын ауыртпалығы зор құрылыс саласына арнап жүрген жанның бірі Индира Жалғасбекқызы туралы сөз толғамақпыз.Ол бүгінде құрылыс саласына қатысты барлық әрлеу жұмыстарының қыр-сырын меңгерген. Ерекше ынта, қыруар күш-жігерді қажет ететін кәсіптің қиындығын еңсеруде еңбекқорлығын арқа тұтады. Он жылдан астам осы салаға төселген ару қазірде левкас жағып, түрлі-түсті қағаз жабыстырып, эмульсия мен леонарданың түр-түрін қабырғаға жағудың қас шебері.
– Жұмысым ерлерге лайықты жұмыс болса да осы кәсіптен нәсібімді тауып отырғанымды мақтан тұтамын. Сүйікті кәсібіме айналғаны сонша төзімділік пен шыдамдылықтың арқасында ауыртпалыққа төтеп беріп келемін. Ал істеп жатқан ісіңе сүйіспеншілік болмаса, жеңіл жұмыстың өзі ауыр көрінуі мүмкін, – дейді Индира.
Иә, жүрегі нәзік, білегі қазық құрылыс саласын жетік меңгерген шебер қыздың аудандағы әр үйде қолтаңбасы бар. Қолына алған іске шын көңілмен кірісіп, тұрғындар талғамынан шығып, сапалы қызмет етуді мақсат еткен Индираға демеу беруде отбасы мүшелері аянып қалған емес. Тіпті осы салаға келуіне жолдасы түрткі болғанын да жасырмайды. Өйткені өмірлік жарының құрылыс саласында жүргеніне жиырма жылдан асқан. Европалық үлгідегі дизайнды ең алғаш аудан тұрғындарына ұсынған да осы отбасы екен. Қазіргі уақытта үлкен ұлын да жандарына тартып, еңбектің наны тәтті болатынын көрсетіп келеді.
–Жасыратын несі бар, бұл тірліктен басқа жұмысқа ықыласымыз кем. Тек қана бар ынтамызды, ойымызды осы тірлікке арнадық. Алғашқы кезде қиналғаным рас. Алайда, әр адамның жұмысқа деген ынтасы мен алға қойған мақсаты болса, қиын деген істердің өзін үйреніп кету оп-оңай. Құдайға шүкір, қолымыздың шеберлігінің арқасында бүгінде талай жанның алғысына бөленіп отырған жайымыз бар, – дейді құрылысшы ару.
Өйткені қазақтың батыр да қайсар қызға кенде емес екені тарих бетінен белгілі. Осы кезде ер адамға тән ауыр жүкті арқалап жүрген аруларымыздың аз емес екенін бүгінгі кейіпкеріміздәлелдегендей.
Бүгінде Индира секілді қарапайым жұмысшы мамандарға сұраныс күн санап артып келеді. Осы ретте нәзік жанға тән ине-жіпті емес, құты мен қалағын қолына ұстап, кәсіп қылумен қатар отбасының шырайын кіргізіп, шаттығын еселеп отырған еңбек адамы барша құрметке лайық.