Еңбек ептіге жұмыс көп
Әлеуметтің еңбек өнімділігін арттыру мен жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін мемлекеттің тарапынан ұдайы бағдарламалар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Оған қатысып, тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік мол. 2021 жылдың сондай маңызды іс-шарасына біз де қатысып қайттық.
Жылашар жәрмеңкеге жастар көп жиналды. Қолына бір-бір түйіндеме ұстаған азаматтар өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға ниетті. «Ордакент» жастар және ардагерлер ресурстық орталығында өрбіген жәрмеңкеге облыс прокурорының орынбасары Дамир Катаев арнайы қатысты.
– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келуші әрбір азаматқа тұрақты жұмысқа орналасуына тілекшімін. Ескерерлік жәйт, қылмысын өтеп келген азаматтар да қоғамда өз орнын табуы тиіс. Сондай санаттағыларға жұмыс табуына, мәселесін шешуге прокуратура тарапынан қолдау болады. Яғни мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға демеу көрсетеміз, – деді Дамир Меделбайұлы.
Аудан прокуроры Дарын Елтайұлы да бұл мәселеде жүйелі жұмыс барын айтты. Жыл сайын жұмыссыздық деңгейінің төмендеп, экономикалық дамуына үлес қосатын жәрмеңкенің жай-жапсары туралы аудан әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы:
– Өткен жылы карантиннің салдарынан 11 жұмыс жәрмеңкесі өткізілмей қалды. Дегенмен жұмыс іздеген азаматтарға жұмыспен қамту орталығы үздіксіз қызмет етті. Жұмыс іздеуші мен жұмыс берушінің арасында байланыстыратын жәрмеңкеге жастардың көптеп келгені қуантып отыр. Жастарды қолдаудың тетіктері көп. Соның бірі – қайта білім алып, кәсіпкерлік бағытына бұру. Бұл бойынша да нәтижелі жұмыстар бар, – деді.
Жәрмеңке барысында аудандағы мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар және өзге жұмыс беруші 27 мекеме 63 бос жұмыс орнын ұсынды.
Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші тарап ашық диалог өрбіп, 12-і азамат тұрақты жұмыс тапты. Ал қалғанына үміткерлер анықталып, белгілі уақыт аралығында өндірістік байқаудан өткеннен соң, іскерлігіне сай қабылданатыны белгілі болды.
Тарқатып айтар болсақ, «ASSAD GROUP» ЖШС-нің төрағасы Ержан Жомартұлы 3 дәнекерлеуші іздеген еді. Жәрмеңке барысында Асхат Жапаров пен Асылжан Шынбергенов компаниямен келісім шарт жасады. «Жібек жолы» ЖШС-нің төрағасы Нұрғали Иманбердиев жұмыс іздеуші Асыл Кыдырбаевтың түйіндемесін қабылдап, жұмысқа шақырды. Жер құжаттарын рәсімдейтін «Жаңа Кадастр» ЖШС-нің төрасы Бахтияр Дуйсенбиев кеңсеге келген азаматтарды қабылдап, құжаттар ісіне тиянақты маман іздепті. Осы жәрмеңкеде барлық талаптарына сай Айда Рашит есімді жас маманды жұмысқа қабылдауға ниетін білдірді. Жаңақорған ауданаралық ауруханасының басшысы Яхия Шорабаев та күзетшілік қызметке тәжірибесі мол Ордабек Әділет, Самат Торғаев пен Темірхан Досымжанды жұмысқа қабылдауды ұйғарды. «Қазавтожол» ЖШС Ержан Амирбеков те іздеген маманы Нуржан Айдаров болып шыққандай.
Қос дипломын қолға алып, жұмыс іздеп жүрген бірі Гүлдана Табынбаева:
– Жұмыс жәрмеңкесі өтетінін әлеуметтік желіден біліп, үлкен үмітпен келдім. Бірінші мамандығым – тәрбиеші. Екінші мамандығым – төтенше жағдай қызметі. Осы жәрмеңкеге келіп, екі мамандық бойынша да жұмыс табуға болатынын білдім, – дейді болашағына жоспар құрған ана.
Бос жұмыс орындары туралы интернет желісі арқылы «Электрондық еңбек биржасынан» жергілікті мекен жайды көрсету арқылы білуге болады. Бұл туралы жұмыспен қамту орталығының басшысы Жаңабек Тұрлыбеков түсіндірді.
– Епті болсаң – жұмыс көп. «Алма піс, аузыма түс» дейтін заман келмеске кетті. Алдағы уақытта бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылатын болады. Жұмыс іздеген азаматқа жан-жақты ақпарат беруден жаңылмаймыз, – деді.
Мақпал МАРҚАБАЙ